Арабтар Оңтүстікте қоқыс өңдейтін зауыт салады

Dalanews 17 авг. 2017 15:41 849

Біріккен Араб Әмірлігінің «Schneider & Danzey FZC» компаниясы Оңтүстік Қазақстан облысынан тұрмыстық қатты заттарды қайта өңдеуден өткізетін зауыт құрлысын салуға ниетті. Бұл туралы аталған компанияның басшылары Йорга Шнайдер мен Крейг Дензидің Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевпен кездесуінде мәлім болды.



Кездесу барысында қонақтар өңір басшысына компания туралы толық ақпарат беріп, іске асырылғалы отырған инвестициялық жобасын таныстырды. 25 жылдық тарихы бар компания түрлі салаларда еңбек етеді. Негізінен бизнес жобаларды әзірлеп, инвестициялық ірі құрылымдарды құруға жәрдемдеседі. Компанияның бас ғимараты Біріккен Араб Әмірлігінің Рас-Ал-Хайма қаласында орналасқан.

– Біздің мақсатымыз – Оңтүстік Қазақстан облысынан тұрмыстық қатты заттарды қайта өңдеуден өткізетін зауыт салу.  Бұл ретте біздің компания негізгі екі бағытта жұмыс істеуді көздеп отыр. Оның алғашқысы – тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу болса, екіншісі – жасыл экономика саласын дамыту. Аталған екі жоба да экологияға зиянсыз әрі екі жаққа да өте тиімді деп ойлаймыз», - деді Йорга Шнайдер мырза.

Шетелдік қонақтардың инвестициялық жобасымен танысқан облыс басшысы өңірдің экономикалық әлеуетін баяндап, инвесторларға мемлекет тарапынан көрсетілетін жеңілдіктерді түсіндірді.

«Тұрмыстық қалдықтарды өңдеу бойынша облысымызға бұған дейін де бірнеше ұсыныстар келіп түскен болатын. Алайда олардың бірқатары қағаз жүзінде іске аспай қалды. Оған бірқатар себептер болғаны да жасырын емес. Ендігі мәселе – аталған зауыттың құрылысын тездетіп бастап, іске асыру өте маңызды. Бұл ретте жергілікті билік арнайы жұмысшы тобын құрып, атқарылатын шаруалардың кестесі түзілуі тиіс», - деді Ж. Түймебаев.



Бүгінде облыс халқының саны күн санап артып келеді. Яғни тұтынушы бар жерде қоқыстың да арта түсетіні заңдылық. Осы мәселеге тоқталған өңір басшысы аталған зауытты Түркістан мен Кентау қалалары төңірегіннен немесе Сарыағаш, Мақтарал аудандарының маңынан салуды ұсынды.

Қонақтар облыс басшысының бұл ұсынысын қабыл алып, аталған аумақтарға арнайы барып танысып қайтуға ниетті екендіктерін жеткізді.

 

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі     

 

https://dalanews.kz/25325

Рекомендовать
Последние новости