Ақтаулық блогер Азамат Сәрсенбаевтың әкімшілік жауапкершілікке тартылуына байланысты түсініктеме Маңғыстау облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің Instagram парақшасында жарияланды. Бұл пікір блогердің өзін ұстау туралы жазбасына қалдырылған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Желі қолданушылары бұл іске белсенді араласып, облыстық антикоррупциялық қызметті белгілеп, ведомствоның орталық аппараты мен әкімдікке, тіпті Президентке дейін назар аудартуға тырысты.
"Айыпты негіздей алмады"
Антикоррупциялық қызмет өкілдерінің айтуынша, Сәрсенбаев сотта "қамқорлық" жайлы мәлімдемесін нақты дәлелдермен растай алмаған.
"Азамат Сәрсенбаевтың ҚР ӘҚБтК-нің 73-3-бабы бойынша – сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жала жапқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылуына байланысты пікір білдіргіміз келеді. Бұл азамат өзін блогер және БАҚ өкілі ретінде таныстырады. Ол өзінің жазбасында антикоррупциялық қызметтің қоғамдық тамақтану нысандарының бірін 'қамқорлыққа алғаны' туралы нақты сеніммен мәлімдеген. Алайда ол жазбасында да, сот отырысында да бұл мәлімдемесін дәлелдейтін нақты айғақ келтірмеген".
Блогер заң талаптарын бұзды ма?
Ведомство өкілдері блогердің әрекетін заң нормаларына қайшы деп бағалайды.
"Қазақстан Республикасының 'Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы' заңының 17-бабына сәйкес, блогерлер де, өзге азаматтар сияқты, жариялайтын ақпараттың шынайылығын тексеруге міндетті. Сондықтан бұл азаматтың жария қызметі жалған ақпарат таратпау және өзге тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтау міндетін жүктейді".
Олар сонымен қатар блогердің Қазақстанда сөз бостандығы жоқ деген мәлімдемесімен келіспейтінін білдірді.
"Қазақстанда пікір білдіруге еркіндік беретін заңнамалық база қалыптасқан. Заң бойынша кез келген азаматқа немесе мемлекеттік органға қатысты ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайтын немесе беделіне нұқсан келтіретін жалған мәлімет таратқан әрекет үшін жауапкершілік қарастырылған. Сот шешімі — Маңғыстау облыстық полиция департаменті толтырған әкімшілік хаттама негізінде шығарылды. Азамат Сәрсенбаевқа да өз мәлімдемесін дәлелдеуге мүмкіндік берілді, бірақ ол дәлел келтірмеді. Сот бұл мәліметтердің шындыққа жанаспайтынын анықтады".
Адвокаттың уәжі
Азамат Сәрсенбаевтың адвокаты Lada.kz тілшісіне берген түсініктемесінде блогердің қазіргі таңда қамауда екенін растады. Апелляциялық шағым әлі қаралған жоқ. Адвокаттың айтуынша, заң бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 73-3-бабы бойынша (жала жабу) тек жеке тұлғалар ғана арыздана алады.
"Менің қорғауымдағы азамат өз жазбасында нақты тұлғаларды — аты-жөнін атамаған, сондықтан бұл баппен істі қозғау заңға сәйкес келмейді", – деді қорғаушы.
Еске салайық
Ақтаулық блогер Азамат Сәрсенбаев Instagram желісінде видео үзіндісін жариялағаны үшін 20 тәулікке қамалған болатын.