28 желтоқсанда Ақтау қаласына Бразилияның авиациялық оқиғаларды тергеу және алдын алу орталығы (CENIPA) өкілдері ұшып келді, - деп хабарлайды Dalanews.kz Көлік министрлігіне сілтеп.
Тергеп-тексеру жөніндегі комиссияның штабында жиналыс өтті, онда бірлескен міндеттер айқындалды.
Айта кетейік, Бразилияның авиациялық оқиғаларды тергеу және алдын алу орталығы (CENIPA) - азаматтық авиацияда орын алған авиациялық оқиғаларды тергеумен айналысатын уәкілетті орган.
27 желтоқсанда Бразилиядан Ақтау қаласына Чикаго Конвенциясының 13 қосымшасына сәйкес Embraer әуе кемесін өндіруші зауыттан арнайы өкілдер келген болатын. Тергеп-тексеру жөніндегі комиссия авиациялық оқиға орнына барып, алдағы жұмыстарды айқындады.
Еске салайық, 25 желтоқсанда Ақтау маңында ұшақ құлады. Осыған байланысты ТЖМ түсініктеме берді.
"Ақтауда ұшақ құлаған орынға Қазақстан ТЖМ жеке құрамынан 52 адам және 11 бірлік техникасы барды. Оқиға орнына келген бойда әуе кемесі жанып жатты. Құтқару бөлімшелері өртті сөндіруге кірісті", - деді олар.
"Қазаэронавигация" ақпаратынша, Баку-Грозный бағыты бойынша келе жатқан "Эмбрайр190" AHY8243 ұшағы Ақтауда құспен соқтығысқан.
Ал әзербайжандық БАҚ-тың хабарлауынша, бортта 67 адам мен 5 экипаж мүшесі болған.