Әлеуметтік желіде Ақтаудағы ұшақ апатынан аман қалған 48 жастағы Субхонк Рахимовтың видеосы тарады. Ол апат болған орынды таспаға тартқан кезде, құтқарушылардың өзара әңгімесі де камераға жазылып қалған. Сөз барысында заң бұзушылықтың алдын алуға қатысты маңызды ескертулер жасалғаны байқалады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Видеодан бір топ құтқарушының оқиға орнына көмекке келгенін аңғаруға болады. Олар абыр-сабыр күйде айналасын мұқият бақылап жүр. Сол сәтте араларында әлдекімнің дауысы жарқын шығады. Ол әріптестеріне маңызды ескерту жасайды.
“Бұл жерді видеоға және суретке түсірмеңдер! Қажеті жоқ”, — дейді видеода белгісіз дауыс иесі.
Бұдан аңғаратынымыз, егер қандай да бір оқиғаның куәсі болып жатсаңыз, оны бірден таспаға тартуға асықпаңыз. Себебі бұл заң бұзушылық болып саналуы мүмкін.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтауда ұшақ апаты болған жерді суретке түсірген блогер Азамат Сәрсенбаев қамауға алынғаны туралы жазған едік.
Бұл туралы блогердің адвокаты Айбек Сүйіндіков хабарлады.
"Маңғыстау облысы Түпқараған аудандық сотының үкімімен Азамат Сәрсенбаев Әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны, яғни құқық қорғау органының қызметтік міндеттерін орындауына байланысты оның заңды талабына бағынбағаны үшін кінәлі деп танылды. Сот тарапынан 10 тәулікке әкімшілік қамауға алу түріндегі жаза тағайындалды. Істің мән-жайын ескере отырып, сот ҚР ӘҚБтК-нің 667-бабының 1-бөлігінің санкциясы шегінде, онда әкімшілік қамаудың ең ұзақ мерзімі 15 тәулік деп белгіленген, жаза қолданды", — дейді адвокат.
Соттың қаулысы заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, 25 желтоқсанда Ақтауда ұшақ апатқа ұшыраған жерді түсірген блогер ұсталғаны белгілі болды.
Блогер бұл туралы Instagram парақшасында жазды.
"Мені ұстады. Ақтау қалалық полиция басқармасына бара жатырмын. Ұшақ апатқа ұшыраған жерді түсіргенім үшін ұстаған болуы мүмкін", - деді ол.
Маңғыстау облысының ПД мәліметінше, Сәрсенбаев қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін ұсталған.
"Ол оқиға орнында дрон ұшырып, құтқару және тергеу жұмыстарына кедергі келтірді және полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбады. Қазір құқықбұзушы полиция басқармасына жеткізілді, оған қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады", - деді полиция.
Айта кетейік, бұған дейін блогер дрон көмегімен Ақтаудағы жолаушылар ұшағы апатқа ұшыраған жерді суретке түсіріп, жариялаған болатын.