АҚШ-тың Ресейдің мұнай-газ саласына салған санкциялары Қазақстанды да қыспаққа алуы мүмкін бе

Кәмшат Тілеухан 17 янв. 2025 11:58 492

Жаңа жылдың басынан бастап АҚШ Ресейдің мұнай-газ секторына бірнеше жаңа санкция бағыттап жіберді. Сарапшылар оның әсері басқаларынан қарағанда әлдеқайда әсерлі әрі қуатты екенін айтуда. Осы шектеулердің Қазақстанға ықтимал салдарын анықтау үшін LS  мамандар пікірін сұрап-біліп көріпті. Оның аудармасын сол күйінде өз назарларыңызға ұсынып отырмыз, деп жазады Dalanews.kz.

Байденнің "кетераяғы"

AERC басқарушы директоры Евгения Пактың айтуынша, 10 қаңтарда енгізілген шектеулер – АҚШ президенті Джо Байденнің қызметтен кетер алдындағы өзгелерге көрсеткен "кетераяғы" (кетераяқ – жуу, сыйы) іспетті. Бастысы, америкалық санкциялардан Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс қызған тұста - үш жыл бұрын күтілген деңгей осылайша бірінші рет игерілді.

Оның сөзінше, бұл санкциялардың ерекшелігі – Ресейдің мұнай-газ саласымен тікелей немесе жанама байланысы бар кез келген шетелдік ұйымдардың да шектеу шараларының "тырнағына" ілінуінде. 

Пак атап өткендей, АҚШ-тың Шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC), әзірге Каспий Құбыр Консорциумына (КҚК), "Теңізшевройл" жобасына және "Сахалин-2" жобасына тиіспей отыр. Оларға қатысты 2025 жылдың 28 маусымына дейін қолданысқа ие арнайы лицензия қарастырылған. Есесіне, алдын ала тізімге "Газпромнефтьтің" Қазақстандағы еншілес компаниясы енгені белгілі болып отыр.

"Бұл тұжырымдар әлі де нақтылануы мүмкін. Бірақ қазіргі ахуалда АҚШ Ресейдің энергетика секторымен жұмыс істейтін кез келген ынтымақтастықтың жолын жауып, қосарлас санкциялармен қорқытып-үркітуде", – деп түсіндіреді сарапшы.

Санкцияның теңге бағамына әсері

Пактың пікірінше, бұл оқиғалар USD/KZT жұбына екіұшты әсер етуі ықтимал.

Бір жағынан, Ресейге қарсы санкциялар мұнай бағасын өсірді: 82 долларға жеткен. Бұл, өз кезегінде, теңгенің нығаюына оң ықпал етуі керек.

Екінші жағынан, Қазақстанның шикізат саудасы күрделене түсуі мүмкін (логистикалық жағынан).

"Осы жағынан алғанда, бағадан ұтқанымызбен, мұнайды сыртқа тасымалдауда үстемеленетін қосымша шығындар бұл реттегі пайдамызды "жеп" қояды. Сонда бұл санкциялар ұлттық валютаның әлсіреу факторына айнала алатынын білдіреді", – дейді маман.

1 АҚШ доларының 600 теңге болуы екіталай

Сарапшы "2025 жылы 1 АҚШ доллары 600 теңгеге дейін қымбаттайды" деген болжамдарға қосылмайды. Оның айтуынша, мұндай қатер әлемнің жаңа пандемиямен бетпе-бет келген жағдайында ғана туындауы мүмкін.

"Қайталай айтамын: қазіргі санкциялардың Қазақстанға әсер, әзірше онша емес. Экспортқа қатысты әлі де ашық көздер бар, ал мұнай бағасы өсіп келеді. Бұл арада Энергетика министрлігінің санкциялардың елдің мұнай-газ секторына ықпалын азайту бойынша қандай жұмыс жүргізетіні де үлкен рөл ойнайды. Ал Дональд Трамптың 20 қаңтардағы инаугурациясынан кейін қандай қадамдарға баратыны – басты мәселе. Теңгеге шаққанда доллар бағамындағы өзгерісі АҚШ валютасының қаншалықты күшейетінін немесе әлсірейтінін сол кезде нақты көрсетеді", – деп түсіндіреді Пак.

Ақпан айындағы салық кезеңі

Евгения Пак ақпандағы салық кезеңі теңгеге деген сұранысты, әдетте арттырып, ұлттық валютаны нығайтуға ықпал ететінін айтады.

"Сондықтан менің жеке болжамым бойынша, 2025 жылдың бірінші тоқсанында (I тоқсан) USD/KZT бағамы 500-530 теңге аралығында сақталады деп ойлаймын", – дейді ол.

Пак теңге бағамын қолдан басқару сценарийіне көшу мүмкін емес деп санайды.

"Ақша-несие саясаты мен валюта режимі керіге кетеді деп ойлаймын. Біз ақша-кредит саясаты мен валюта режимін ұзақ уақыт бойы дамытып келеміз. Қазіргі жоғары дүдамалдылық жағдайында оны қайтадан шегенделген жүйеге көшіру қымбатқа түседі әрі тиімсіз қадам болады. Мұндай өзгерістер нарықтық экономикаға қайшы деп есептеймін. Экономикамыздың сыртқы соққыларға бейімделуіне мүмкіндік беруіміз керек, онда да баға, валюталық бағам сияқты номиналды көрсеткіштердің өзгеруі арқылы", – деп сөзін түйіндейді Пак.

Долларға деген сұраныстың артуы

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының (ҚҚҚ) бас сарапшысы Рамазан Досовтың айтуынша, осы аптаның басынан бері ішкі валюта нарығында долларға деген сұраныс өсіп жатыр, ал бұл жаңа жылдың басы үшін, әдеттегіден тыс құбылыс. Ол мұны 10 қаңтарда жарияланған Ресейге қарсы санкцияларға қатысты нарықтың реакциясымен байланыстырады.

Оның сөзінше, нарық ойыншылары қазірдің өзінде Ресейге кіріс ағынының төмендеуін және рубльдің одан әрі құнсыздануын есепке алуда. Мысалы, Goldman Sachs-тың бағамы бойынша,  2024 жылы шектеулердің аясындағы кемелер тәулігіне 1,7 млн баррель мұнай тасымалдаған, бұл Ресейдің мұнай экспортының 25%-ын құрайды.

Теңгенің рубльге тәуелділігі

"ЕАЭО елдерінің тығыз экономикалық байланысын ескерсек, атап айтқанда,  РФ тауарларының Қазақстанға импортының (2024 жылдың 11 айында РФ-дан Қазақстанға тауар импорты 29,8%-ға өскен), сондай-ақ транзиттік операциялардың да өсуі есебінен теңгені рубльге байланыстыра бағалау артты және бұл 2024 жылдың соңында айрықша байқалды", - дейді ол.

Сарапшының айтуынша, еркін қозғалыс режиміндегі айырбас бағамы жағдайында бағам өзгерісінің қандай да бір шегін қарастырмайды.  Сондықтан қос тарапта да қысқа мерзімде үлкен ауытқулар болып тұруы мүмкін.

Дегенмен ол мұнай бағасындағы елеулі өзгерістер мен басқа да геосаяси оқиғалар болмаған жағдайда теңгені тұрақтандыруға әсер ететін бірнеше фактор барын айтады:

  • Ұлттық қордан шетел валютасын жоғары көлемде конвертациялау;
  • Квазимемлекеттік сектордың экспорттық түсімдерін міндетті түрде сатуды қайта енгізу;
  • Нарықтағы теңге түріндегі бос өтімділікті алып қою (қазір 8 трлн теңгеге жетті);
  • Шикізат бағасының өсуі;
  • Қатаң ақша-кредит саясаты.

"Бұған қоса, жылдың басында маусымдық тұрғыда сауда балансының оң сальдосы өсіп, қызмет балансындағы ахуал оңалады және өткен жыл үшін ірі салықтық төлемдер аударылады. Бұл да теңгені қолдауға сеп болатын факторлар", - дейді сарапшы.

Жалпы, Досовтың пікірінше, "валюталық режимді өзгерту теңге бағамына түскен фундаментальды қысымды баяулата алмайды, себебі бұл үшін Қазақстан экономикасының шикізат моделінен алшақтап, әртараптанған құрылымға көшкені маңызды".

Бұған дейін сайтымызда "Қазақстанда Қытай ақшасына сұраныс күрт артқан. Сарапшылар бұл қандай қауіпті білдіретінін айтты" деген мақала жарияланған болатын. Онда Қытай автокөліктері, қытайлық маркетплейстегі тауарлардың қымбаттау ықтималдылығы болжанады.

 

 


Рекомендовать
Последние новости