АҚШ елшісі Қазақстанға Ресейден тыс экспорт жолдарын іздеуге көмектеспек

Көркем Алдабергенова 30 июл. 2025 13:25

АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі болуға үміткер Джули Стаффт Астанаға Мәскеу мен Бейжің ықпалына қарсы тұруға көмектесуге уәде берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

АҚШ Сенатының халықаралық істер жөніндегі комитетінде өткен тыңдауларда Қазақстандағы америкалық елші қызметіне үміткер Джули Стаффт өз бағдарламасын таныстырды. Ол тағайындалған жағдайда Вашингтон мен Астана арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтуға, сондай-ақ Ресей мен Қытайдың Қазақстандағы ықпалына қарсы әрекет етуге ниетті екенін мәлімдеді.

Стаффттің айтуынша, АҚШ Қазақстанның тәуелсіздігін алғаш болып мойындаған ел ретінде 1991 жылдан бері ел үкіметі мен халқына қолдау көрсетіп келеді.

«Біз Қазақстанның ядролық және биологиялық кеңестік қаруынан арылуына көмектестік. Кейін америкалық энергетикалық компаниялар ел экономикасына миллиардтаған доллар инвестиция салды. Бұл екіжақты әріптестік бүгін де өз жемісін беріп отыр», – деді дипломат.

Ол Қазақстанды «уран өндірісі бойынша әлемдік көшбасшы, мұнай экспорттаушы ірі ел және сирек кездесетін пайдалы қазбаларға бай мемлекет» деп сипаттады. Осы ретте Стаффт АҚШ пен Қазақстан арасында жаңа энергетикалық және сауда саласындағы ынтымақтастық дәуірі басталуы мүмкін екенін айтты.

Ресей мен Қытай ықпалына қарсы тұру

Джули Стаффттың айтуынша, Ресей Қазақстанмен әлемдегі ең ұзын құрлық шекарасы арқылы ықпалын сақтап отыр, ал Қытай телекоммуникация мен пайдалы қазбалар саласын бақылауға тырысып келеді.

«АҚШ үшін Қазақстанның тәуелсіз, тұрақты және өркендеген мемлекет болғаны маңызды», – деді ол.

Елші қызметіне тағайындалса, Стаффт Қазақстанға Ресейден тәуелсіз экспорттық бағыттарды табуға көмектесуге уәде етті. Бұл тұрғыда, сарапшылардың пікірінше, Каспий құбыр консорциумы арқылы экспортталатын қазақстандық мұнайдың 80 пайызы ресейлік аумақ арқылы өтетінін ескерсек, жаңа бағыттар іздеу стратегиялық маңызға ие.

Инвестиция мен қорғаныс саласындағы ынтымақтастық

Стаффт АҚШ-тың Қазақстанға энергетика, технология және инфрақұрылым салаларында инвестиция тартуға мүдделі екенін атап өтті. Сонымен қатар ол сирек кездесетін минералдар секторына инвестиция тартуды және қорғаныс саласындағы әріптестікті дамытуды басым бағыттар қатарына енгізді.

Дипломатиялық қызметте 25 жылдан астам тәжірибесі бар Джули Стаффт бұған дейін Ресей, Молдова, Польша, Эфиопия және Джибути елдерінде жұмыс істеген. Ол орыс, румын, француз және поляк тілдерін меңгерген. Қазіргі таңда ол 2024 жылдың қаңтарында дипломатиялық мансабын аяқтаған Дэниел Розенблюмнің ықтимал ізбасары ретінде қарастырылып отыр.


Рекомендовать
Последние новости