АҚШ Ауғанстан Орталық банкінің 9 млрд доллар активін бұғаттады

Dalanews 18 авг. 2021 11:21 937



Құрама Штаттар Ауғанстанда билікке келген "Талибан" қозғалысы қаржыға қол салмау үшін Орталық банктің барлық активін бұғаттады.





Халықаралық валюта қорының есебі бойынша, АҚШ есеп-шоттарында ауған орталық банкіне тиесілі 9 млрд доллар бар.

Wall Street Journal газетінің жазуынша, Джо Байден әкімшілігі өткен аптада Ауғанстанда долларлар қолма-қол алынып жатқан кезде бұғаттап тастаған.

Жағдай өзгеруі мүмкін. Вашингтон Ауғанстанның жаңа билігін мойындауы мүмкін. 1990 жылдары "Талибан" қозғалысы Ауғанстанның басым бөлігін билеген кезде, оның үкіметін үш ел ғана мойындаған. Арасында АҚШ болмаған.

Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Джейк Салливан қазіргі билікті мойындауға әлі тым ерте деп мәлімдеген. Ол бұл мәселе тәліптердің өздеріне байланысты деген.

Халықаралық қауымдастық мойындаған Ауғанстан президенті Ашраф Ғани елінен қашып кетті. Қазір оның бірінші вице-президенті Амрулла Салех заңды мемлекет басшысымын деп мәлімдеді.

Еуропалық одақ та қазір Ауғанстандағы жағдайды тек бақылап отыр. Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі мекемесінің басшысы Жозеп Боррель егер тәліптер адам құқығын сыйлап, ауған аумағын террористер үшін пайдаланбайтын болса, олармен жұмыс істеуге дайынбыз деп мәлімдеді.

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров та тәліптер билігін әзірге біржақты мойындамайтынын жеткізді. Бірақ Мәскеу үміт артатындай белгілер байқап отырғанын мәлімдеді.

Ал Қытай Ауғанстанда жағдай реттелсе, жаңа билікті мойындауымыз мүмкін деді.

"Талибан" қозғалысының өкілдері Кабулде алғашқы баспасөз мәслихатын өткізді. Онда олар өздерінің қарсыластарын, америкалық әскермен жұмыс істеген азаматтарды қудаламауға уәде берді. Террористік топтармен және есірткі тасымалдаушылармен күресетінін, әйелдер құқығын "шариғат заңына" сәйкес қорғайтынын жеткізді.

Тәліптер сонымен бірге Ресей, Қытай және Пәкістанмен жақсы қарым-қатынаста екенін, бірде-бір елмен қарсыласуға ұмтылмайтынын жеткізді.

Әзірге Кабул әуежайын АҚШ әскері бақылап тұр. Олар батыс елдерінің азаматтарын, дипломатиялық қызметкерлерді шығаруды жалғастырып жатыр. Онда сонымен бірге елден шығып кетуге асыққан мыңдаған ауған тұрғыны да жүр.



Рекомендовать
Последние новости