ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Қытайда өмір бойына бас бостандығынан айырылған Ақжарқын Тұрлыбайдың ісіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, бұл мәселе қазір Бас прокуратураның құзырында.
"Біз өз тарапымыздан қажет барлық жұмыстарды атқардық. Қазіргі уақытта ақпарат алмасу процесі Бас прокуратура арқылы жүріп жатыр", – деді ол министрліктің баспасөз жиынында.
Смадияровтың айтуынша, Қазақстан дипломаттары жыл сайын шетел түрмелеріндегі отандастарымен кездесіп тұрады. Бұл – министрліктің тұрақты жұмыс бағыттарының бірі.
– Ақжарқын Тұрлыбайға биыл барып-бармағаны туралы нақты айта алмаймын. Бірақ бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр, – деді ведомство өкілі.
Айта кетейік, Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылы Алматыдан Қытайға барған болатын. Оның сөзінше, таныс адамдары Гуанчжоудан Малайзияға бренд киімдерді жеткізіп, ақша табуды ұсынған. Қазақстандық студент Гуанчжоудан ұшар алдында ұсталды. Оның сөмкесінен есірткі табылған болатын.