Әлиев пен Мәсімов "комитеттің" имиджін құлатып кетті

Dalanews 24 апр. 2022 14:27 843

Қаңтардағы қанды қақтығыс ызғарлы қаңтардан көп бұрын басталғанын көбі біле бермейді.

Ұлттың қорғаны болар «комитет» дүние мен билеп-төстеуді мақсат тұтқан адамдардың қолына бір емес екі рет өтті.

Біріншісі атышулы Рахат болды. Комитеттің басқа саласы адал болса да Рахат ашық түрде бизнесмендерге рейдерлік жасап, саяси көшбасшыларды жоюға кіріскені бүгінде жасырын емес.

Желтоқсаншыларға шамасы жеткенше ара түскен, сонау «Байқоңыр» оқиғасында өзіме де көмектесіп ұлт мүддесін қорғаған «комитет» ішінде өзгеріс басталды.

Еліміздің ҰҚК қызметкерлері Кеңес мектебінің білімі мен тәжірибесін мықты игерген мамандар еді. Бірақ басшысының эгоизмі абыройына көлеңке түсірді. Сосын ол қылмыстары әшкере болып қашты да, басшылық қайта ауысты. Абыройы қалпына келе бастаған мекеме тізгіні ауыса келе К.Мәсімовтың қолына өтті. Қашып жүріп көз жұмған бұрынғы басшыға қарағанда, тыныш жүргендей көрінгенімен бар пәле ішінде еді.

Бұл қызметке келе сала түрлі қауесет те қаулай жөнелгені көпшіліктің есінде. Ол қауесеттердің ең қорқыныштысы бөгде елге қызмет ететіні еді. Басында «құда, күйеу бала» арқылы билік пен байлыққа қол жеткізген Мәсімов күшейе берді. Бұрынғы өзі бағынған адамдарды ықтырып алып тіпті жалы күжірейе түсті. Өзі басшылық еткен мекемеге өз сойылын соғатындарды күлімсірей отырып жинай берді. Барлық жерде биліктің беделін құлатуға күш салды.

Қаңтар оқиғасы бұрыннан дайындалған іс секілді. Мұндай істің алдын алу, мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ету Мәсімов басқаратын мекеменің міндеті екені кімге болса да белгілі. Жаңа президентіміз бұл жәйттардан бейхабар емес екен. Мұны Мәсімов та білген сыңайлы.

Бұрыннан жоспарлаған ісіне кедергі боларын сезген ол көпшіліктің билікке ренішін қоздыра берді.

Ақыр соңы Алматыдағы қанды қырғынға ұласқанына бәріміз куә болдық. Көпшілікті тасалап өңі түгілі пиғылы жат адамдар қан төгілуіне барынша күш салды.



Арандатудың түрлі әдістерін көрдік. Президентіміз батыл әрекет жасамағанда жағдай әлдеқайда ауыр болар еді. Тәуелсіздігімізден айырылып, қырғын әлі жалғасып жатар еді. Құдай сақтап тәуелсіздігіміз қолымызда қалды.

Ең сорақысы – «жиырма мың лаңкес жүр» деген ақпаратты да айтқан К.Мәсімов. Шекара мен ұлт қауіпсіздігін басқаратын басшы не қарап отырған?


Қанды қаңтарға қанша қайғырсақ та «тәуелсіздік» көңілге жұбаныш.

Алматы қаласындағы ҰҚК департаменті құжаттарды өртеп, қару-жарақты қараусыз қалдырғаны тіпті ауыр қылмыс. Халық күштік құрылымға мүлдем сенбейтін халге жетті. Әлеуметтік желіде полисмендердің қанішерлік істері жарияланып тіпті жан түршікті.

Қарулы күштерімізді дамыту үшін қаншама күш салынды. Соған қарамастан ҚР Қарулы Күштерінің имиджі тіпті құлады. Осының бәрі Мәсімовтың алдын-ала жасаған жоспары болатын.

Мәсімов жазадан құтылып кетпеуі керек. Шулап алып артынан ұмытып кететініміз бар. Тіпті оны ақтағысы келетін жазбалар көбейіп барады. «АҚШ президентімен дос екен» деген жазба тегін жазылмаған.

Мәсімовтың жауыз жоспары әлі тоқтап қалған жоқ. Жау ешқашан мызғымайды. Үйінен табылған көп ақша айсбергтің төбесі ғана. Қолға түспеген ақшасы мен сыбайластары қаншама. Оның жасаған қылмысын өзгенің мойнына ілуге тырысқан әрекеттер еш толастаған жоқ.

Алдыңғы билік дәуірінде биліктің сөзін сөйлеп көрген емес едім. Ағайын-бауырларым ҚР Қарулы Күштерінде қызмет атқарғандықтан ол саланы көп бақыладым. Жетістіктеріне сүйсініп жүрдім.



Қазір өзімізге қорған болар батырларымызды аямай тілдеп жүрміз. Империя болған көршіміздің шын ахуалын көрдіңіздер ғой.

Осы ретте президентіміздің бағыты дұрыс екеніне көзіміз жете түседі. Тамыры тереңге кеткен жемқорлық пен сатқындықпен күресу оңай емес.

Ел басқарып, халықты қорғау ісінде алда тұрар құзырлы мекеме қиын жағдайда. Ол жағдайға жеткізген Мәсімов жазасын алу керек. Қаңтар қырғынының қаны жібермейді. Еш қылмыс сұраусыз қалмайды. Халық боп талап етуге тиіспіз.

Сағадәлді ҮСІБӘЛІ


Автордың рұқсатымен басылды


 

 

Рекомендовать
Последние новости