Алматылық тұрғын күзетшіні әдейі көлігімен бірнеше рет басып өлтірген

Көркем Алдабергенова 29 мар. 2024 13:11 3540

Күні кеше, 28 наурызда Алматыдағы элиталы тұрғын үйлердің бірінде аса ауыр қылмыс жасалды. Сол үйдің тұрғыны күзетшіні бірнеше рет көлігімен әдейі соғып, артынша төпелеп ұрып тастаған, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оқиға қаладағы "Меркур Таун" тұрғын үйінде болған. Тұрғындардың сөзінше, күзетшіге шабуыл жасаған ер адам ұзақ жылдар бойы ата-анасымен осы тұрғын үй кешенінде тұрады. Тұрғындар ер адамның нашақорлыққа шалдыққанын айтады. Сол түні ол үйіне келген. Күзетші қақпаны жаба бастағанда, джип мінген ер адам оны бірнеше рет әдейі қағып жіберген. Артынша ер адам көліктен түсіп, күзетшіні ұра бастайды. Бұл ауыр қылмыс "Меркур Таун" тұрғын үй кешенінің тұрғындарының көзінше болған.

Күзетші ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді. Ер адам ауруханада көз жұмды.

"Ер адам күзетшіні джиппен бірнеше рет соғып, содан кейін көліктен түсіп, ер адамды сабап, басынан тепкен. Осыдан кейін көлігін қойып, үйіне қайтқан. Күзетшінің тамырлары жыртылып, аяғы жұлынып, өкпесі езіліп, жансақтау бөлімінде көз жұмды", - дейді үй тұрғыны.

Марқұм болған күзетшінің артында үш баласы қалды.

Бұл оқиғаға Алматы Полиция департаменті пікір білдірді. Олардың мәліметінше, адам өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған.

"Алдын ала мәлімет бойынша, тұрғын үй кешенінің күзетшісі мен тұрғыны арасында жанжал шығып, нәтижесінде 45 жастағы ер адам күзетшінің өміріне сәйкес келмейтін дене жарақаттарын келтіріп, күдікті ұсталып, уақытша қамауға алынды. Қылмыстың басқа да мән-жайлары анықталып жатыр", - деп хабарлады Алматы ПД баспасөз қызметі.


Рекомендовать
Последние новости