Алматыда тауға шығушыларды тіркейтін цифрлық жүйе іске қосылды

Ақтоты Жапатова 09 окт. 2025 12:51

Алматының Үлкен Алматы шыңында еліміздегі алғашқы автоматты тауға шығуды есепке алушы құрылғы орнатылды. Жоба қалалық Туризм басқармасы тарапынан туристік инфрақұрылымды дамыту және белсенді әрі экологиялық демалыс саласына цифрлық технология енгізу аясында жүзеге асырылып отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мақсат – тауға шығушылардың белсенділігін дәл есептеу. Құрылғы танымал тау бағыттарында өрлеудің санын тіркеп, келушілер статистикасын қалыптастыруға, маршруттардағы жүктемені талдауға және қауіпсіз әрі тұрақты туризм жүйесін дамытуға мүмкіндік береді.

Құрылғы ауа райының кез келген жағдайында жұмыс істейді және өрлеуді адамсыз өзі-ақ автоматты түрде есептейді. Жиналған мәліметтер туристер санын талдау, навигация жүйесін жетілдіру және таудағы қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында пайдаланылады.

Қазан айының соңына дейін осындай құрылғылар Қаныш Сәтбаев (Советов) және Жастар шыңына орнатылады.

Мұндай жүйелер тау туризмі дамыған Швейцария, Австрия, Жаңа Зеландия мен Норвегия сынды елдерде кеңінен қолданылады. Онда есепке алушы құрылғылар маусымдық жүктемені бақылауға, туристер санын реттеуге және табиғи экожүйелерді сақтауға көмектеседі. Алматы да осы озық тәжірибені Іле Алатауының табиғи ерекшеліктеріне бейімдеп енгізіп отыр.

Туризм басқармасы саяхатшылардан орнатылған жабдыққа ұқыпты қарауды және құрылғыны қолмен баспауын сұрайды. Бұл нақты статистикалық деректерді анықтау үшін қажет.


Рекомендовать
Последние новости