Алматыда қызды ұрып-соққан әкімдік қызметкерінің кім екені белгілі болды

Қаракөз Амантай 20 февр. 2024 12:22 3108

Алматыда қызға қол көтерген әкімдік қызметкері қолға түсті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұған дейін желіде Алматы жастар саясаты басқармасының бас маманы қызды бірнеше рет ұрып-соғып, жәбірлегені туралы ақпарат тараған болатын. Бұл туралы жәбірленушінің өзі әлеуметтік желіде мәлімдеді. Оның айтуынша, оған қатысты зорлық-зомбылық әрекеттері үш жылдан бері жалғасып келген.

Алматы әкімдігі Ділмұрат Омаровтың расымен де Алматы қаласы жастар саясаты басқармасының бас маманы болғанын хабарлады.

"Осы оқиғадан кейін Омаров 2023 жылдың 19 ақпанында өз еркімен жұмыстан босату туралы өтініш берді. Кадр қызметі өтінішті қабылдады және Қазақстан Республикасы "Мемлекеттік қызмет туралы" Заңының 61-бабы 1-тармағының 1-тармақшасына сәйкес Ділмұрат Омаров қызметінен босатылды. Қазіргі таңда осы жанжалдың мән-жайы құқық қорғау органдарымен тексеріліп, оған қатысушыларға қатысты құқықтық баға беру шаралары жүргізілуде", - деді әкімдік.

Алматы полиция департаменті Медеу аудандық полиция бөлімі алған жарақатқа байланысты сот-медициналық сараптама тағайындағанын хабарлады.

"Ер адам қамауға алынды. Оның әрекетіне құқықтық баға беріледі. Сот отырысының материалдары шешім қабылдау үшін сотқа жіберіледі", - деді полиция қызметкерлері.


Рекомендовать
Последние новости