Алматы оқушыларына тегін таратылған мыңнан аса планшет іске алғысыз болып шықты

Dalanews 29 сент. 2020 06:59 1000

Қашықтан оқу кезінде көпбалалы отбасынан шыққан балаларға сабақ оқуға қажет планшет құрылғылары тегін таратылып жатқаны белгілі. Су жаңа планшеттердің ішінде істен шыққандары да бар.




Бір ғана Алматыда мыңнан астам құрылғыға қатысты шағым түсірілген деп хабарлайды Dalanews.kz aikyn.kz-ке сілтеп.

Тарқатып айтар болсақ, алматылық ата-аналар тегін таратылған планшеттердің істемейтінін айтып, шағым қалдырған.

Қала әкімдігінде құрылған арнайы комиссия сараптаманың бірінші кезеңін қорытындылады. «Өткен аптада көпбалалы аналардың тарапынан көп шағым келді. Соған байланысты біз ата-аналардың қолындағы планшеттердің техникалық талапқа сай екенін анықтау үшін арнайы тәуелсіз сараптама тағайындадық», – деді қоғамдық бақылау үйлестірушісі Саида Тәуекелева.


Қалада жалпы құны 1 млрд 319 мың теңге болатын 22 мың планшет таратылған. 1 планшет құны 60 мың теңге шамасында екен.

«1119 планшет жарамсыз боп шықты. Бұл бұйымдарды жеткізушіге қайтардық», – деді қалалық Білім басқармасы басшысының орын­басары Айдын Сайлаубай. Сарапшылардың пікірінше, техникалық ақаулар механикалық әсерден болуы мүмкін.

«Зауыттан болған ақау болса, жеткізуші ауыстырып береді. Бұл техника болғандықтан, бұзылуы мүмкін. Планшет ойнауға емес, сабақ оқуға берілетінін ескеру керек», – деді мониторинг тобының өкілі Рафаэль Гасанов. Оның айтуынша, планшеттерге 3 жыл кепілдік беріледі.

Алматы оқушыларының 96 пайызы қашықтан білім алуы үшін қажетті құ­ралмен қамтылған. Егер планшет механикалық әсерден істен шықса, оны ауыстыру заң бойынша қарастырылмақ.

Рекомендовать
Последние новости