Алматы облысы полиция департаментіне жаңа басшы тағайындалды әрі басқа да кадрлық өзгерістер болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Ішкі істер министрі Ержан Сәденов шұғыл кеңес өткізіп, облыстық ПД-ның жаңадан тағайындалған басшысын жеке құрамға таныстырды. ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша Ішкі істер министрінің бұйрығымен облыстық полиция департаментінің бастығы болып Мейрам Әбікеев тағайындалды. Полиция полковнигі бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысы ПД бастығының орынбасары болған", делінген ҚР ІІМ баспасөз қызметі сенбіде таратқан хабарламасында.
Облыстық департамент бастығының бірінші орынбасары болып Бағдат Әшімов тағайындалды.
ІІМ басшысының бұйрығымен мына лауазымды тұлғалар қызметінен босатылды:
- ПД бастығының бірінші орынбасары Серік Шалхаров;
- Талғар аудандық полиция басқармасының бастығы Нұржан Күнтүнов;
- ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Ұлан Байтақов;
- ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Руслан Смағұлов;
- ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Дулат Қайыр және оның орынбасары Жанат Омаров.
Сонымен қатар, ІІМ басшысы Талғар ауданында кәмелетке толмаған жасты өлтіру ісін тергеуші жедел-тергеу тобының есебін тыңдады. Қорытындысы бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаевты қызметінен босатып, оны кейіннен сенатор етіп тағайындады. Содан кейін Алматы облысы прокурорының орынбасары және Талғар ауданының прокуроры лауазымдарынан айырылғаны белгілі болды.
Айта кетсек, Талғарда жасөспірім Шерзат Болат 4 қазанға қараған түні топ адам қолынан қаза тапты. 10 күдікті ұсталды. Алматы облысы полиция департаменті аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғады. Одан кейін марқұмның үйіне күзет қойылды.
Көп ұзамай марқұм Шерзаттың үйі өртенгені белгілі болды. Әлеуметтік желіде оқиға болған күнгі видео жарияланды. Кейіннен облыстық полиция бұл видеоға талдау жасады. Марқұм баланың әкесі Президенттен көмек сұрап, Алматы облысынан кететінін айтты.