Алматы облысының әкімі Еңбекшіқазақ ауданындағы ҰОС ардагерін құттықтады

Dalanews 09 мая 2023 12:48 865

Бүгін Алматы облысы әкімі Марат Сұлтанғазиев қарт майдангер Солтанбай Жарықбасовты Ұлы Жеңістің 78 жылдығымен құттықтады, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы облысы өңірлік баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қарияны төл мерекесімен құттықтау үшін облыс әкімі Марат Елеусізұлы Еңбекшіқазақ ауданы Алға ауылына арнайы барды.

Сый-құрметін көрсеткен облыс басшысы 98 жастағы ақсақалға көзсіз ерлігі үшін алғыс білдірді.

– Сіздер қаққан Жеңістің темірқазығы тәуелсіз елдің тұғырының берік әрі биік болуына сеп болды. Бүгінгі күнгі мамыражай тірлік кешуіміз өздеріңіз сынды ардагерлердің сұрапыл соғыс жылдары көрсеткен батылдығының арқасы. Әр майдангердің маңдайынан шыққан теріне, жанын қиған ерлігіне қарыздармыз. Сіздерді ұлықтау тұтас ұлтқа парыз, – деді аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиев.

Өз кезегінде Солтанбай ақсақал, елеп ескеріп келген өңір әкіміне ризашылығын білдіріп, батасын берді.

– Мереке күні ұмыт қалдырмай арнайы келгеніңізге рахмет айтамын. Біз үшін бұдан асқан құрмет жоқ. Заманымыз тыныш, аспанымыз ашық болсын, – деді қарт майдангер.


Айта кетейік,  Солтанбай Жарықбасов 1925 жылы өмірге келген. Ол 1943 жылдың қаңтарында Ташкенттегі мергендер курсында оқып, сәуір айында әскерге аттанған.

Жапондықтарға қарсы соғысқан Солтанбай Жарықбасов Забайкал майданындағы 25-ші қызыл тулы механикаландырылған бригаданың құрамында 1-ші батальонының, 1-ші ротасының пулемет бөлімшесінің командирі болған.

ҰОС ардагері, 1 дәрежелі «Отан соғысы» орденінің иесі. Сонымен қатар, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің мерейтойлық, мерекелік медальдарымен марапатталған.

Рекомендовать
Последние новости