Алматы облысында волонтерлер ауыл тұрғындарын мемқызметті онлайн алуға үйретуде

Dalanews 01 окт. 2020 14:03 777

Алматы облысында волонтерлер ауыл тұрғындарын мемқызметті онлайн алуға үйрететін жоба жүзеге асуда деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл республика деңгейінде баламасы жоқ, аталған бағыттағы бірегей жоба.

Ұйғыр ауданында волонтерлерге мемқызметті онлайн алудың қыр-сырын үйрететін семинар өтті. Шараға Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Али, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы облысы бойынша департамент басшысы Ләззат Бейсеқұлова және аудан әкімі Шухрат Нурахунов қатысты.

Бүгінде қызмет көрсетудің 80 пайызы электронды түрге көшкен. Карантин көптеген азаматтарға өз мәселесін қашықтан шешуді үйретіп, онлайн қызмет маңызын арттыра түсті.

Алайда мемлекеттік көмекті онлайн алуды әлі де болса толық меңгермеген азаматтар бар. Осы себепті волонтерлер оларға мемқызметті интернет арқылы алу жолдарын үйретіп, тұрғындармен тікелей жұмыс істейтін болады.


Қазіргі таңда мемқызметтің 465 түрі онлайнға көшкен. Өңірдің 17 аудан және 3 қаласынан келген еріктілер оқыту лагеріне жазылып, біліктілігін арттыруда.

Ләззат Бейсеқұлованың атап өткеніндей Egov порталы, телеграм боттар, виртуалды кеңесшілердің арқасында Халыққа қызмет көрсету орталығына баратын азаматтардың саны азайған.



"Мемқызметті алу жолы жеңілдеді. Алайда мұның игілігін көре алмай отырған тұрғындарымыз бар. Әсіресе ауылдық жерде тұратын азаматтардың онлайн қызметке қолы жете бермейді. Аға-апаларымыз Egov порталын пайдалана білмейді. Ерікті жастар осы олқылықтың орнын толтырып, аға буынды интернет мүмкіндігін пайдалануға үйретуі тиіс. Цифландыру аясында мемқызметті 100 пайызға пайдалану қажет. Ал бұған волонтерлер көмектеседі", – дейді Ләззат Бейсеқұлова.

Артынша департмент басшысы осы бастамаға атсалысып жатқан еріктілерді марапаттады. 


Екі күні бойы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы облыстық департаменті мемлекеттік қызмет басқармасының мамандары, Талдықорғандағы халыққа қызмет көрсету орталығының супервайзері Мақсат Смағұлов және "Ұлттық еріктілер желісінің" жаттықтырушысы  Дастан Аққожа еріктілерді Egov.kz порталының қыр-сырымен таныстырып, дәріс өткізеді.

Рекомендовать
Последние новости