Алматы облысында колония бастығының орынбасары ұсталды

Қаракөз Амантай 14 нояб. 2024 10:05 1355

Алматы облысы Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті №14 мекеме бастығының орынбасары ұсталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Аталған дерек бойынша өңірлік прокуратураның баспасөз қызметі ресми түсініктеме берді.

"2024 жылғы 13 қарашада Алматы облысы прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп - тексеру басқармасы Алматы облысы бойынша ҚАЖД №14 мекемесі бастығының орынбасарын бірнеше рет пара алды деген күдікпен ұстады", - делінген прокуратура хабарламасында.

 Қазір қылмыстық іс шеңберінде болған оқиғаның барлық мән-жайларын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.

"Қазақстан Республикасы қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабының талаптарына сәйкес өзге де ақпарат жария етілмейді", - деп хабарлады прокуратура.

Айта кетейік, күні кеше Қарағанды облысында әскери бөлім дивизионының командирі есірткінің ірі партиясымен ұсталғаны белгілі болған еді.

Orda.kz мәліметінше, № 29108 әскери бөлім дивизионының командирін ұстау туралы ақпарат бұрын желіде пайда болған.

Ұстау фактісін Қарағанды облысының Полиция департаменті растаған. Ведомствоның мәліметінше, патрульдік полицейлер 10 қарашада Балқаш-Сарышаған жолында жол ережесін бұзғаны үшін "Geely Coolray" автокөлігін тоқтатқан.

31 жастағы жүргізуші көлікті мемлекеттік нөмірсіз жүргізген.

Тексеру кезінде жалпы салмағы шамамен 12 келі болатын 18 ақ ұнтақ пакеті табылды. Тыйым салынған заттың болуын растайтын жедел-тергеу тобы шақырылды.

"Есірткіні табу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, күдікті ұсталды және уақытша ұстау изоляторына орналастырылды", - дейді Полиция департаментінің өкілдері.


Рекомендовать
Последние новости