Алматы облысына жаңа әкімі белгілі болды

Dalanews 24 нояб. 2021 09:41 1150

Бүгін Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысының Жарлығымен Алматы облысының әкімі лауазымына тағайындалған Қанат Бозымбаевты облыс активіне таныстырды. Облысты бұған дейін басқарған Амандық Баталовқа Президенттің алғысын жеткізді, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

– Бүгін бірқатар кадрлық өзгерістерге байланысты Алматы облысына келіп отырмын. Мемлекет басшысының Жарлығымен Амандық Ғаббасұлы Баталов Алматы облысының әкімі лауазымынан босатылды. Амандық Ғаббасұлы 7 жылдан астам уақыт Жетісу өңіріне басшылық етті. Осы жылдарда облыс жақсы көрсеткіштерге жетті, көптеген ірі жобалар іске асырылып, бұл өңірдің дамуына үлкен серпін берді. Мемлекет басшысы Амандық Ғаббасұлының жұмысын өте жақсы бағалап, облыс әкімі лауазымында көп жыл жемісті қызмет атқарғаны, өңірді дамытуға және облыстың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға елеулі үлес қосқаны үшін алғысын жеткізуімді тапсырды. Амандық Ғаббасұлының мол тәжірибесі, ақыл-кеңесі қоғам өмірінде әлі де пайдасын тигізеді деп ойлаймын.

Бүгін облыстық мәслихат депутаттарының келісімен осы өңірдің тумасы, бұған дейін Жамбыл, Павлодар облыстарын басқарған, Энергетика министрлігіне жетекшілік еткен, бірқатар ұлттық компаниялардың басшылығында болған, өте тәжірибелі іскер басшы Қанат Алдабергенұлы Бозымбаев Президенттің Жарлығымен Алматы облысының әкімі болып тағайындалды. Алматы облысының дамуын Президент ерекше назарда ұстайды. Сондықтан жаңа әкім алға қойған міндеттерді лайықты атқарады деп сенемін, – деген Ерлан Қошанов Қанат Бозымбаевты жаңа қызметімен құттықтап, жұмысына сәттілік тіледі.

Мұнан соң Амандық Баталов сөз алып, Алматы облысында қызмет еткен 20 жылдай уақытта Жетісу жері туған өлкесіндей ыстық мекенге айналғанын айтты.

– Ең алдымен кезінде мені жоғары лауазымға тағайындап, міндет артқан Елбасына үлкен рахмет айтамын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өкілеттігімді ұзартып, бастаған істерімді жалғастыруға мүмкіндік беріп, сенім білдірді. Сондықтан Мемлекет басшысына айтар алғысым зор. Осы жеті жылда ұжымыммен бірге үлкен істер атқардық, ауқымды жоспарларды орындадық. Бұл ретте өзіңіз, Ерлан Жақанұлы, үнемі қолдау таныттыңыз, сол үшін ризашылығымды білдіремін. Қанат Алдабергенұлын ерте кезден танимын, қатар еңбек еттік. Алматы облысын басқару осындай білікті маманға сеніп тапсырылғанына ризамын, – деген Амандық Баталов Қанат Бозымбаевқа қалтқысыз қызмет, абыройлы еңбек тіледі.

Қанат Алдабергенұлы Алматы облысын басқарудың өзіне сеніп тапсырылуы зор жауапкершілік екенін жеткізді.

–Алматы облысының орны мен үшін ерекше. Өйткені Жетісу ата-бабам өмір сүрген мекен. Сондықтан да ыстық. Жалпы облыстың әлеуеті зор, шекаралы аймақ. Оны халықтың игілігіне пайдалана білуіміз керек. Өңірде Амандық Ғаббасұлының басшылығымен іргелі істер атқарылды. Мен де өз тарапымнан облысты дамытуға бар күш-жігерімді жұмсаймын деп уәде беремін. Халықтың сенімін ақтауға барымды саламын, – деді Қант Бозымбаев.

Актив атынан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт, Іскер әйелдер өңірлік кеңесінің төрайымы Римма Салықова сөз алып, ел мүддесі жолында бірлесіп атқарған жұмыстары үшін Амандық Ғаббасұлына алғыс айтып, жаңа әкім Қанат Бозымбаевтың қызметіне табыс тілеп, қолдау білдіретіндерін жеткізді.

Актив соңында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы Ерлан Қошанов мәслихат депутаттарына қолдау білдіргені үшін ризашылық білдіріп, көпшілікті ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтады. Сол сияқты облысты дамытуда инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, індетпен күрес шаралары басты басымдық болып қала беретінін айтты.

Рекомендовать
Последние новости