Алматыда тарихи нысан - ипподром бұзылып, орнына тұрғын үй салынуы мүмкін деген ақпарат тарады. Бұған қатысты "Тенгри Инвест" ЖШС және әкімдік ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бірқатар бұқаралық ақпарат құралы мен әлеуметтік желілерде Алматы ипподромының аумағында тұрғын үй кешені салынады деген ақпараттың таралуына байланысты "Тенгри Инвест" ЖШС ресми түрде бұл мәліметтердің шындыққа жанаспайтынын хабарлады.
"Тарихи ипподром аумағында ешқандай құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан жоқ, сондай-ақ тұрғын үй немесе коммерциялық нысандар салу жоспары да жоқ. Ипподром бұрынғыдай жұмыс істеп тұр, онда ат спорты жарыстары өткізіліп, ұлттық спорт түрлерін дамыту ісі жалғасып келеді", – деді "Тенгри Инвест" ЖШС директоры Ержан Майлыбаев.
Алматы қаласы әкімдігі де бұл ақпараттың негізсіз екенін растады.
"Егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес, аталған аумақ ипподром ретінде бекітілген, ал оны бұзу жөнінде ешқандай рұқсат берілген жоқ", - деп хабарлады әкімдік.
Алматы ипподромы – тарихы терең әрі мәдени маңызы зор нысан болып қала береді. Мұнда дәстүрлі түрде еліміздегі ат спорты мен ұлттық мәдениетті насихаттауға бағытталған ірі спорттық және қоғамдық іс-шаралар өткізіліп келеді.
Айта кетейік, бұл мәселені журналист Нұрсейіт Жылқышыбай көтерген болатын.
"Алматыда 1930 жылы салынған тарихи ипподром біреулердің көз құртына айналыпты. 40 гектардан астам жер қып-қызыл ақша ғой. Соған тарсылдатып тұрғын үй салмақшы. Сонда тарихи нысанның құны көк тиын ба?", - деген еді журналист.
