"Алғашқы экспортымыз". Қазақстан Моңғолияға жерсерік жасап беретін болды

Кәмшат Тілеухан 29 окт. 2024 16:09 1304

Қазақстан Президентінің Моңғолияға мемлекеттік сапары аясында Жерді қашықтықтан зондтау жүйесін құру және дамытуға бағытталған тарихи инвестициялық келісімге қол қойылды. Бұл жоба Моңғолия үшін спутник құруды көздейді, ол жалпы қазақстандық-моңғолдық спутниктік топтаманың құрамына кіреді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Әр тараптың спутниктерді дербес басқаруы Қазақстан мен Моңғолияға табиғи ресурстарды мониторингілеу және ауыл шаруашылығын дамыту үшін қажетті деректерге қол жеткізуді қамтамасыз етеді.

"Айрықша атап өтетін жайт — бұл Қазақстан тарихындағы қазақстандық инженерлер толық әзірлеген алғашқы экспорттық спутник болмақ. Спутник Моңғолияның қажеттіліктеріне бейімделіп, өңірлік спутниктік инфрақұрылымды нығайтады және Қазақстанның ғарыш технологиялары саласындағы әлеуетінің артып келе жатқанын көрсетеді", — деп атап өтті ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.

Қашықтықтан зондтау технологиялары екі елге де жердің жағдайын тиімдірек бақылауға, су ресурстарын басқаруға және қоршаған ортадағы өзгерістерді талдауға мүмкіндік береді. Қазақстан мен Моңғолия өздерінің техникалық құзыреттерін біріктіре отырып, экономиканың өзекті мәселелерін шешуге және тұрақты дамуды қолдауға бағытталған құралдар әзірлейді.

Жоба Қазақстанның Ұлттық ғарыш орталығы базасында моңғол инженерлерінің қатысуымен жүзеге асырылады. Қазақстандық мамандар жоба барысында моңғол әріптестерін оқыту міндетін өз мойнына алып, қажетті білімнің берілуі мен кәсіби байланысты нығайтуға үлес қосады. Мұндай өзара әрекеттестік моңғол инженерлерінің біліктілігін арттырып, екі ел арасындағы ғылыми және техникалық ынтымақтастықты тереңдетеді.

Бұл жоба Қазақстан мен Моңғолияның озық технологияларды дамытуға деген ұмтылысын білдіріп, ғарыш саласы мен табиғи ресурстарды тұрақты пайдалануда серіктестікке жаңа перспективалар ашады деп күтіледі.

Айта кетсек, 29 қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолияға ресми сапармен барды. Қазақстан Президенті шағын құрамдағы кездесудің қорытындысына жоғары баға беріп, Моңғолиямен мемлекетаралық қарым-қатынасты одан әрі дамытудың басым бағыттарын айқындады. Ал Ухнаагийн Хурэлсух Қасым-Жомарт Тоқаевтың екі ел арасындағы тауар айналымын 500 миллион долларға дейін жеткізу туралы ұсынысын қолдады.


Рекомендовать
Последние новости