Әлеуметтік санаттағы адамдарда мотивация басым - елордалық кәсіпкер

Dalanews 16 июл. 2022 07:05 932

Әлеуметтік тұрғыдан осал топтарды жұмыспен қамтып отырған елордалық кәсіпкер: Әлеуметтік санаттағы адамдарда мотивация басым

Эмин Аскеров – әлеуметтік кәсіпкер. Бүгінде ол «Grenn TAL» әлеуметтік жобасының жетекшісі. Мұнда ол халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарын жұмыспен қамтып отыр, деп хабарлады dalanews.kz

Қазіргі уақытта кәсіпорында 63 адам жұмыс істейді. Оның 16-сы әлеуметтік осал топтарға жатады.

Мамандығым – әлеуметтік қызметкер. Менің анам да әлеуметтік қызметкер болған. Өзім әр түрлі салада жұмыс істедім. Бірақ үнемі өз жобамның болғанын қалап, осы әлеуметтік кәсіпке келдім. Міне, осы салада жүргеніме биыл 7 жыл болады, - деді Эмин Аскеров.



Қазіргі таңда цех ағаш ұстасы, дәнекерлеу, тігін шеберханасы сынды жеті бағыт бойынша жұмыс істейді. Кәсіпкердің айтуынша, қазіргі кезде Павлодар, Қарағанды облыстарында өз филиалдарын ашып жатыр. Сондай-ақ соңғы уақытта ағаштан ойыншық жасауды қолға алған.

Әр санаттың оң және теріс жақтары бар. Қарапайым адамдарға қарағанда әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы адамдармен жұмыс істеу оңайырақ. Бұл біреуді ренжітейін деп айтқан нәрсе емес. Неліктен? Себебі әлеуметтік санаттағы адамдарда мотивация басым. Олар жүктелген сенімді ақтағысы келеді, - деді әлеуметтік кәсіпкер.



Эмин Аскеров әлеуметтік тұрғыдан осал топтарды жұмысқа алу кезінде олардың ең бастысы оқуға деген ынтасы болу керектігіне назар аударатынын айтады.

Елордада Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы 2021 жылы кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттарды тағайындау жөніндегі конкурстың қорытындысын шығарған болатын. Байқау жеңімпаздарының қатарында Эмин Аскеров те бар.



Былтыр біз әкімдіктің құны 5 млн болатын грантын ұтып алдық. Нәтижесінде ағаштан жасалған балаларға арналған ойыншықтар шығаруды бастадық. Жұмыс процесі – өте қызықты. Бастысы балаларға ұнайды, - деп сөзін түйіндеді әлеуметтік кәсіпкер.

Рекомендовать
Последние новости