Сенатор Бекболат Орынбеков Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) тағайындау барысында орын алып жатқан заңбұзушылықтар туралы айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның сөзінше, елде халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу мен әлеуметтік көмекке бөлінетін қаржы жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, 2023 жылы бұл мақсаттарға 195 миллиард теңге бөлінсе, 2024 жылы 208 миллиард теңге қарастырылған. Алайда сенатор аталған қаржының артуы әрдайым сапалы нәтиже бермейтінін алға тартты.
“Мысалы, 2022–2023 жылдары әлеуметтік осал топтардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға берілген гранттарды алғандардың 45-тен астамы жұмысын тоқтатты. Жастар практикасы бағдарламасына қатысқан 32 мың жастың ішінде тек 3 500-і ғана тұрақты жұмысқа орналасқан. Бұл бағдарламаның тиімділігі төмен екенін көрсетеді. Дәл осындай жағдай “Күміс жас” бағдарламасында да байқалады. Ал атаулы әлеуметтік көмек бойынша жүргізілген тексеріс нәтижесінде 615 отбасының 6-дан 12-ге дейінгі жылжымайтын мүлікке ие екені анықталды. Сондай-ақ 1 500 отбасының коммерциялық жылжымайтын мүлкі бар”, – деді Орынбеков.
Өз кезегінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова АӘК алуға үміткерлерден банк құпиясына рұқсат алу тетігі енгізіліп жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, болашақта барлық отандық банктер азаматтардың шығыны туралы мәліметті Ұлттық банктің цифрлық платформасына береді.
Министрліктің мәліметінше, биыл цифрландырудың арқасында мемлекет шамамен 40 миллиард теңге үнемдеген. Қазіргі таңда АӘК 228 мыңнан астам адам алады. Былтыр осы кезеңде бұл көрсеткіш 330 мыңнан асқан болатын.