Әлемдік өркениетте Түркістанның танытатын қырлары

Dalanews 25 дек. 2018 04:10 1009

Тарих ғылымы үшін маңызды оқиғалардың бірі 2018 жылдың 19 маусымында орын алды. Бұл күні Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығы бойынша «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» мәселе қаралып, Түркістан қаласына облыс орталығы мәртебесі берілгені жөнінде маңызды құжатқа қол қойылды.

Түркістан – ежелден мұсылман баласы тәу етіп барып, зиярат қылатын құтты, қасиетті мекен. «Арыстанбапқа түне, Қожа Ахметтен тіле» деген қанатты сөз сол ерте замандардан қалған. Бұл қала заманында үш ғасыр бойы қазақ хандарының тұрағы – Қазақ хандығының астанасы болған. Мұнда қазақтың хандары мемлекеттік істерді жүргізген. Қожа Ахмет Ясауи мұражайында Абылай, Есім хан, Әбілқайыр хандар мен халқымыздың басқа да ардақты ұлдары жерленген.

Қаланың тарихы IV ғасырдан бастау алады. Алғаш қала атауы Шауғар деген атпен араб жазбаларындағы деректерде кездеседі. Ол – ғасырлық тарихы бар, Орта Азия мен Тұран даласындағы өзіндік орны айқындалған ең көне қала. Орта ғасырда Ұлы Жібек жолының орталығына айналған Түркістан шығысында тарихи Отырар қаласымен, батысында Жаңақорған ауданымен, солтүстігінде Созақ ауданымен және Кентау қаласымен шектеседі.

Түркістан – ежелден мәдениеттің, ғылым мен идеологияның, бүкіл түркі әлемінің саяси әрі рухани орталығы болған.

Сан ғасырдан бері өзінің мәдени және саяси құндылығын сақтап келе жатқан Түркістан қаласы Әзірбайжанның Шеки шаһарында өткен ТҮРКСОЙ Тұрақты кеңесінің 34-отырысының шешімімен 2017 жылы түркі мәдениеті дүниесінің бас қаласы атанып еді.

Бұл мәртебеге ие болудың да өзіндік себептері бар. Оған соңғы жылдары Түркістанның әлеуметтік-мәдени тұрғыдан қарқынды дамуы әсер етсе, екінші жағынан қаланың атауы да ықпал еткендей. Өйткені, «Түркістан» атауы түбі бір түркі этникалық тұтастықтың бәріне бірдей ұғынықты болғандықтан, мұндағы рухани құндылықтан әркім де өзінің бастапқы тамырына ортақ тұстарды табары анық. Түркі мәдениетінің орталығы саналатын шаһар – жергілікті халық қана емес, түбі бір түркі жұртшылығы тәу етер ғұлама Қожа Ахмет Ясауидің елі. Бабаның құрметіне қойылған кесененің бітімі бөлек, тағлымы зор. Мир-Салих Бекчуриннің: «Адам қолымен сомдалған ғажайып дүние сол замандағы шеберлердің дарындылығын көрсетумен қатар қазіргі көркемдік дүниелерге де үлгі боларлық деңгейде...» деген пікірінде үлкен шындық бар.

Ендігі ой-түйін болашақ Түркістанның архитектуралық және ұлтты ұйыстыруға арналған рухани келбетінде болмақ.

Мәселен, Алматы – зиялылық пен ғылымды, Астана – саяси шешімдер мен ұлттық бірегейлікті ұштастырған алып қалалар. Ал, менің ойымдағы болашақ Түркістан рухани құндылықтан нәр алып, ғылым мен білім іздеген жастардың арманын ұштастырған сәулетті қала болуы тиіс. Олай дейтінім, бұл өңір – жаһан кезіп білім іздеген тұлғалардың туып-өскен мекені.

Сол тектіліктен нәр алған, жүректен туып, санамен жазылған Ұлы Дала философиясымен сусындаған Елбасы Н.Назарбаевтың Түркістан қаласын облыс орталығы етіп, 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялауы жарқын болашақты бағдарлаған шешімі дер едім.

«Әрбір халық, әрбір тәуелсіз мемлекет өзінің рухани орталығын нақтылап алуы керек. Қазақстанның рухани орталығы – Түркістан» деген Президент Түркістан қаласына облыс орталығы мәртебесін беру туралы Жарлыққа қол қою арқылы түркістандықтарға үлкен сенім артумен қатар, ұрпақ алдында маңызды жауапкершілік жүктеді.

Бүгінгі Түркістан әлем өркениетінде мына тұстарымен танымал болып отыр.

Біріншіден, Түркістан – тарихы тереңге тартқан көшпелі өркениетте тарихи құндылықтарды бойына сіңірген көне қала.

Екіншіден, Түркістан – ғұлама Қожа Ахмет Ясауидің есімімен байланысқан ойшылдар қаласы.

Үшіншіден, Түркістан – «Түркістан екі дүние есігі ғой, Түркістан ер түріктің бесігі ғой» деп жырлаған Алаш зиялыларының ұран қаласы.

Төртіншіден, Түркістан – жастар ізеттілігімен із алған, имандылықты құрмет тұтқан, білім мен ғылымды ұштастырған даналықтың қаласы.

Бесіншіден, Түркістан – тарихи құндылықтарды бойына сіңірген қала Һәм рухани астана.

Алтыншыдан, Түркістан – жолаушылар басын бұрып тағзым етпей кетпейтін Ұлы Даладағы қасиетті қала.

 

Жетіншіден, Түркістан – Әлемдік жаһанданудағы Қазақстанның инновациялық технологияларды жеделдету үрдісінде көшбасшыға айналудағы тың жобаларды іске асырушы жалынды ұрпақтың қаласы.

Алдағы уақытта тәжірибелі басшылар мен кәсіби мамандар іскерлік танытса, өндіріс пен ғылым ұштасса, ғасырдағы әлемнің бәйгесі Қазақстанның еншісінде болары ақиқат.

Түркістанның дамығаны – Қазақстанның рухани-мәдени дамығаны. Ал, Қазақстанның дамығаны – түркі әлемінің жаңғырғаны.

 

Жанат ЖҮНІСБЕКОВА, Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты, Ресей Жаратылыстану ғылым академиясының профессоры.

Рекомендовать
Последние новости