Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза алаяққа 8 миллион теңгеге алданған 18 адамның арызын құқық қорғау органдары қабылдамағанын айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“Менің қолыма 18 азаматтың қолы қойылған ұжымдық арыз келіп түсті. Арызда келтірілген дерекке сәйкес, Алина Давлетова деген адам алаяқтыққа күдікті ретінде көрсетілген. Ол Инстаграм және WhatsApp желілері арқылы “Трейдинг с нуля” деген атаумен оффлайн оқыту курсын ұсынады”, – деді депутат.
Сөзінше, Давлетова ұсынған курсқа қатысқысы келгендерден 300 мыңнан 550 мың теңгеге дейін ақы жиналған. Жалпы сома 8 миллион теңгеге жуық. Төлемдер банк картасы арқылы, қолма-қол және бөліп төлеу жолымен жасалған. Тіпті кейбір азаматтар бұл мақсатта несие рәсімдеген.
“Алайда қызмет көрсету туралы ешқандай шарт жасалмаған. Не оқу жоспары, не курсты куәландыратын сертификат берілмеген. Аталған фактіде заңнамада көзделген алаяқтық белгілері анық байқалады”, – деді Самат Нұртаза.
Оның айтуынша, зардап шеккен азаматтар құқық қорғау органдарына жүгінгенімен, “іс қозғауға негіз жоқ” деген себеппен арыздары тіркелмей қалған.
“Осылайша, азаматтардың заң аясында өз құқығын қорғау мүмкіндігі өрескел бұзылуда. Бұл — бір ғана нақты мысал. Ал ел көлемінде осындай қаптаған инфа-сығандардың құрығына түсіп, алаяқтарға жем болып жүрген адамдар қаншама?”, – деді депутат.
Осыған байланысты Самат Нұртаза Бас прокуратураға екі ұсыныс жасады:
- Бірінші. Көрсетілген арызды қайта қарап, заңнамаға сәйкес толыққанды құқықтық шаралар қолдану.
- Екінші. Әлеуметтік желі арқылы түрлі ақылы курс, тренинг, семинар, тағы басқа қызмет ұсынатын азаматтарды толық тексеріп, заңға сай келмегендерге нақты шара қабылдау.
“Әлеуметтік желі арқылы қызмет ұсынатындарды заңмен реттейтін уақыт әлдеқашан жетті”, – деп түйіндеді депутат өз сөзін.