Алакөлдіктер тарихи маңызы бар күнге өз үлестерін қосуда

Dalanews 25 июл. 2021 06:35 652

25 шілде күні Алакөл ауданы бойынша сегіз ауылдық округте әкімдер сайлауы өтуде. Аталған округтерге барлығы 25 үміткер қатысуда. Олардың ішінде «Nur Otan», «Adal», «Ауыл» партияларының мүшелері және өзін-өзі ұсынған азаматтар бар.

Күн көзімен таласа оянған 14 сайлау учаскесіне келген жұрттың қарасы көп. Олардың барлығы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ауыл әкімдерін халық сайлауы тиіс деген айқын бастамасын қолдап, болашақ үшін таңдау жасауға келгендер. Сайлауға келген азаматтардың дені жоғары буын өкілдері. Бұл өз кезегінде жаңа бастаманың бұқараның көңілінен шыққандығының көрінісі деп білемін.


Бүгінде Алакөл ауданы бойынша Ақтүбек, Жайпақ, Бескөл, Қабанбай, Теректі, Қамысқала, Жағатал, Ынталы ауылдық округтері бойынша әкімдер сайлауы өткізілуде. Айта кетерлігі, облыс аумағында тіркелген ең жас үміткер де алакөлдік үміткер. Теректі ауылдық округіне үміткер болып отырған Жантас Аманкелдіұлының жасы небәрі 25-те.



«Бұл сайлау – әр ауыл үшін тарихи маңызы бар таңдау деп білемін. Президентіміздің халық пен билік арасын жақындатып, ауылымыздың ертеңгі болашағын өз қолымызға тапсырғаны өте орынды шешім деп түсінемін. Біз отбасымызбен келіп, дауыс беруді өз парызымыз деп санаймыз. Себебі, кіндік қанымыз тамып, балғын балалық шағымыз өткен туған жеріміз бәрімізге ыстық, оның болашағы үшін жұмыла атсалысқанымыз дұрыс дүние. Сайлау алдында үміткерлер өздерінің сайлауалды бағдарламаларын таныстырып, тұрғындар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Ауылды дамытуға бағытталған сүбелі мәселелерін де ортаға салды. Әсіресе, бүгін жас толқын өкілдерінің сайлауға қатысып жатқанына дән ризамын. Өйткені, бүгінгі жастардың белсенділігі мен күш-қуаттары халықтың қамы үшін арналып жатса, біз соған түрткі болып жөн сілтеп отырсақ керемет емес пе?!. Қоғамның көңілінен шыққан үміткерге барынша қолдау көрсетуге, өзіміздің ағалық ақылымызды айтуға да дайынбыз. «Кеңсе пішкен тон келте болмас»,-деген сөздің мағынасын осындайда түсінесіздер»,-дейді, өзінің отбасымен сайлауға дауыс беруге келген 75 жастағы жайпақтық қария Баяхмет Алпысбаев.



Еске сала кетейік, ауданда сегіз округ бойынша барлығы 15 мың сайлаушы бар. Әзірге, Алакөл жұртшылығының белсенділігі жоғары.

Қасиет АРСТАН,
Алакөл ауданы әкімінің
баспасөз-хатшысы


Рекомендовать
Последние новости