Алакөлде толқындарға төтеп беретін қорғаныс бөгеттері салынуда

Dalanews 29 янв. 2021 13:55 998

Алакөл көлінде туристер үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында өткен жылы «Алакөл» демалыс аймағында келушілерге арналған саябақ пен жағажай волейболы, футбол және үлкен теннис алаңы бой көтеріп, қолданысқа берілген болатын. Сонымен қатар, көлемді амфитеатр мен су бұрқағы да жаңадан салынып, іске қосылған болатын. Бұған қоса Ақши ауылына абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Өткен жылы басталған көл жағалауын нығайту жұмыстары ағымдағы жылы аяқталып, нәтижесінде Алакөлдің ұзындығы 13,55 шақырым жағалауы (Ақши ауылының 10,150 шақырымы мен Көктұма ауылының 3,4 шақырымы) биіктігі 3 метрлік толқындарға төтеп беретін қорғаныс бөгеттерімен бекітілетін болады.

Атқарылатын жұмыстарды тарқатар болсақ:
Көлдің литодинамикалық жүйесін сақтай отырып, жағалаудың одан әрі бұзылуын болдырмау және осы аумақтың рекреациялық тартымдылығын арттыру мақсатында, Ақши мен Көктұмадағы ғимараттар мен құрылыстарды пайдалану кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету жобасы іске асырылатын болады. Жоба негізінде жасанды жағажайлар құрылып, көлдің жағалауы нығайтылады. Ал жаяу жүргіншілер жағалауының құрылысы Ақши мен Көктұма аумағында орналасқан демалыс аймақтарының рекреациялық әлеуеті мен тартымдылығын айтарлықтай жақсарта түспек. Бұл өз кезегінде аймақтың экономикалық дамуы, сондай-ақ, Алакөл аймағындағы әлеуметтік – экономикалық жағдайды жақсарту болып табылады.

Жағалаудағы қорғаныс бөгеті биіктігі 3 метрлік толқындарға төтеп беруге арналған. Бұл жасанды бөгет малтатас жағажайының қалыптасуына байланысты болмақ. Жасанды малтатас жағажай – бұл ең тиімді және қымбат емес жағалауды нығайту құрылымы болып саналады. Сонымен қатар, жағалау аймағында табиғи су алмасу сақталады, су өзінің тазалығы мен мөлдірлігін сақтайды.

Осы тұста айта кететін болсақ, бүгінде айдынды Алакөлде 264 демалыс орны жұмыс істейді. Олар күніне 23 366 туристі қабылдап, қызмет көрсетуге қауқарлы. Мамандардың айтуынша, демалушылардың саны 798,5 мың адамға жетіп отыр. Демалушыларға 4 млрд. 790 млн. теңгенің қызметі көрсетілген.

Рекомендовать
Последние новости