Алакөл жағасында тарихи-өлкетану мұражайы ашылды

Dalanews 07 авг. 2019 13:14 1801

Шығыс Қазақстанның көрікті жерлерінің бірі – Алакөл жағалауы жыл сайын көркейіп, ондағы отандық және шетелдік туристердің қатары артты.

Оның барлығы абаттандандыру мен инфрақұрылым жүйесін дамыту бойынша жүргізілген кешенді бағдарламаның нәтижесі деуге болды.



Бүгінгі таңда Алакөл жағалауында өзінің Арбатымен, демалыс кешенімен, субұрқақтарымен жабдықталған тұтас туристік қалашық өсті. Туристерге еліміздің тарихы мен салт-дәстүріндегі ерекше тұстарын танытып, қазақ халқына деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында биыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша тарихи-өлкетану мұражайы ашылған болатын.



Мұражай Қабанбай ауылындағы Мәдениет үйі ғимаратында орналасқан. Өткен жылы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтың бастамасымен Алакөлге жақын Қабанбай ауылында Мәдениет үйі салынды.

Мұражай Семей қаласы облыстық тарихи-өлкетану мұражайының жанынан ашылған болатын.

- Бұл Алакөл тарихындағы бірегей мұражай.  Жаңа мұражайдың өзіндік ерекшеліктері бар. Бұл туристерге рухани кеңістікті ұсынудағы қадам. Алыс және жақын шетел қонақтары үшін еліміздің тарихы мен мәдени ерекшеліктерімен танысуға мүмкіндік бар, - деп атап өтті Семей қаласының тарихи-өлкетану мұражайының директоры Қайрат Садырбаев.



Жаңа мұражай жеті залдан тұрады. Біздің дәуірімізге дейінгі IV-III ғасырлармен белгіленген патшаның және ханшайымның қалпына келтірілген бейнелері сөзсіз орталық экспонаттар болып табылады.

«Үржар ханшайымы», «Археология» және «Шығыс Қазақстан облысының қасиетті орындары», облыс табиғаты және тағы басқа залдар бар. Әрбір залда белгіленген тақырыптардың мазмұнына байланысты өзінің композициялық құрылымы бар, олар заманауи техникалық құралдармен жабдықталған.

 

– Мұражайдың ашылуына екі айдан астам ғана уақыт өтті. Бұған қарамастан, осы уақыт аралығындағы келушілердің саны сегіз мыңнан асты. Күніне 50-ге жуық туристі қабылдаймыз. Шетелдік турстердің мұражайға деген жоғары қызуғышылығын атап өту керек. Сонымен қатар аудандық, облыстық мектеп оқушыларына арналған арнайы экскурсиялар ұйымдастырылып отырады, - дейді мұражай меңгерушісі Әлия Жанұзақова.



Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан облыс басшылығы тарапынан мәдени мұрамызды, ұлттық-рухани құндылығымызды кеңінен зерттеп, насихаттауға барынша жағдай жасалуда. Шілікті мен Берел қорықтарында, Аблайкит үңгірлерінде археологиялық зерттеулер жүрзіліп, еліміздің тарихи жәдігерлер санын арттыруда.

Әсем Жылқышева, Өскемен


Рекомендовать
Последние новости