Әкелі-балалы қазақты сорлатты - Ерлан Төлеутай

Сағыныш Сардарова 27 мар. 2024 10:36 2545

Дәстүрлі әнші, өнертанушы Ерлан Төлеутай 60 жыл бойы "қазақты сорлатқандар" кімдер екенін атады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұған дейін мәдениет саласының білгірі Ерлан Төлеутай Қонаев туралы айтқандары үшін сынға қалған еді, тіпті соттасқысы келгендер де болған.

"12 қаңтар мақалалар шыға бастайды: "Қонаевым-ай, данышпаным-ай, кемеңгерім-ай". Қонаевтан культ жасау әлі жалғасып жатыр. Бір күш бір күшті тудырады. Қонаев қазаққа аса бір жақсылық жасаған адам емес. Ескі Қазақстанның өкілі Назарбаев 30 жыл биледі. Арғы жағында билікке алып келген ұстазы Қонаев қой. Қарағандыда Назарбаевты алып келген 5 адам болған.

Қарасам, Қонаев билігі 30 жылға созылған, ширек ғасыр. Арасында Колбиннің 1-2 жыл жүргені бар. Сонда бұл екі адам 60 жыл билік құрған. Әкелі-балалы қазақты сорлатқан. Қазақты сорлатып кетпей немене?! Назарбаевты сол алып келді. Неге Әуелбековті алып келмеді? 60 жыл деген - бір заман. Мұны қазақ "кіші заман" дейді. Үш жүз жылды "ұлы заман" дейді.

...Қазақстандағы 750 мектепті жапқан - Қонаев. Қазақстанды ядролық полигонға айналдырған - Қонаев. Абайдың жерінде, Тайсойғанда. 15 одақтас республикада полигонға айналған бір-ақ республика бар. Балтық бойына барыңыз, бір полигон жоқ. Қонаев заманын зерттеген адаммын, Қонаев заманында қазақ құл болып кетті. Кремльге қолайлы адам болды", - деді Bilgen Durys арнасы берген сұхбатында.

Айта кетейік, бұған дейін де Ерлан Төлеутай елдегі кадр мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, билік ар-ұяты биік адамдарға мұқтаж.

"Қазір Назарбаевтың кадрлары келіп жатыр. Оларда ұждан жоқ. Тек ылдым-жылдым. Түк білмейтін стандарт адамдар. Не өндірісті білмейді, не кісілік қарым-қатынас жоқ. Басқаруды білмейді, ұйымдастырушылық қабілеті жоқ.

...Қазір ылдым-жылдымдар, көз ойнағандар, жырпылдағандар, өтірік сөйлейтіндер - солар келіп жатыр. Кадр саясаты да өте қиын жағдайда. Өйткені Назарбаевқа еліктеп өскен буын сол сияқты сөйлейді, жүреді, сол сияқты көзін алақтатады, сол сияқты екіленіп сөйлейді. Осы тұрғыдан келгенде өзгеріс жоқ. Билікке ұжданды адамдар келуі керек", - дейді қазақ өнерінің жанашыры ASSYLTAS TV-ға берген сұхбатында.


Рекомендовать
Последние новости