Боранбаевтың мемлекетке тапсырған тағы бір мүлкіне қатысты тың дерек шықты

Сағыныш Сардарова 26 мар. 2024 15:41 2677

Назарбаев әулетінің экс-құдасы, кәсіпкер Қайрат Боранбаевқа тиесілі болған фитнес клуб мемлекеттік сатып алу порталына шықты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Press.kz мәліметінше, F link (Fitnation клубы) компаниясы мемлекеттік сатып алу порталы арқылы йога, бокс, пилатес және зумба бойынша топтық сабақтарға жаттықтырушылар жинап жатыр. Оларға Қостанай, Алматы және Астана қалаларындағы филиалдарда жұмыс істеу үшін қызметкерлер қажет.

"Қазір компания Алматыдағы мемлекеттік активтер басқармасына тиесілі, ал оны Аслан Мұхамеджан басқарады", - деп жазылған деректе.

Айта кетейік, кәсіпкер бұған дейін фитнес-клубтар желісін мемлекетке берді. Кейін Қаржы мониторинг агенттігі бұл нысандар әлеуметтік мақсаттарда пайдаланылатынын хабарлады.

Былтыр 6 қарашада Қайрат Боранбаев бостандыққа шықты. Ал оған дейін наурызда 8 жылға сотталды. Қыркүйекте жаза мерзімі 6 жылға дейін қысқарды.

"Бай құда" Астананың орталығындағы 4 жұлдызды қонақүйді, басқа да біраз мүлікті мемлекет меншігіне тапсырды. Соның ішінде ресми деректерге сүйенсек, аумағы бес мың шаршы метрден асатын қонақүй кешенінің жылдық айналымы шамамен 900 миллион теңгеден асады екен.

Бұған дейін заңгер Абзал Құспан Қайрат Боранбаев қандай себеппен ерте шыққанын түсіндірді.

"Процестік келісім жасалды. Ол кодексімізде 2014 жылдан бастап енді. 2015 жылдан бастап қолданылады. Боранбаев қылмысы экономикалық қылмыс деп танылды. Сыбайлас жемқорлық емес, қаңтар оқиғасына қатысы бар секілді ауыр зардаптары жоқ. Сондықтан ол келтірілген шығынды орнына келтірді. Менің білуімше, ол процестік келісім арқылы шыққан", - деді депутат.


Рекомендовать
Последние новости