АЭС құрылысы Қазақстанға не береді? Жастар осы төңіректегі ой-пікірін ортаға салды

Dalanews 30 нояб. 2022 17:45 1030

Елімізде атом станциясы салынатыны белгілі болғалы осы мәселенің төңірегіндегі пікірталас толастар емес. Қазақтілді аудиториясы осынау жобаның артықшылықтары мен кемшіліктерін таразыға тартуда. Аталған тақырыпқа жастар жағы алабөтен қызығушылық танытып отыр. 

Сөзімізге дәлел күні кеше Алматыда елдік маңызы бар мәселеге бейжай қарамайтын белсенді жастар «Бейбіт атом – қуатты энергия» тақырыбында талқылау өткізді.

Шараға қатысқан 60-ге жуық команда атом энергетикасын дамытудың тиімді жолдары мен Атом Электр Стансасының басым тұстарына тоқталып, өз идеяларын ортаға салды.

Айта кетелік, Мемлекет басшысы атом энергиясын сөз еткенде дабыра мен дақпыртқа бой алдырмау керектігін ескерткен еді.

"Ел арасында түсіндіру жұмыстарын табанды түрде жүргізу қажет" деген президент Тоқаев.

2030 жылға қарай Қазақстан энергия тапшылығын тартуы мүмкін. Көмірден бөлінетін улы газдар жасыл экономика бет бұрған елдің саясатына қайшы.

Тұтастай алғанда дәстүрлі энергия көздері елде жеткілікті деңгейдегі қуат көзімен қамтуға дәрмені жетпей отыр.

Осы жайтты тілге тиек еткен жастар атомның бейбіт мақсатта игерілуін дұрыс санайтын аргументтерді алға тартты. 


Бүгінгі таңда Қазақстан энергияның 70 пайызын көмір пайдаланатын Жылу электр орталықтарынан алады. Париж келісіміне сәйкес 2060 жылы одан бас тартуға тура келеді. АЭС құрылысын қолдайтындар атом станциясы парниктік газдардың шығындыларын азайтады деп есептейді.

Байқауға тыңғылықты дайындалып, сауатты баяндама жасаған командалар бағалы сыйлықтарға ие болды.

Қазақстандық атом электр станциялары мамандарының сөзінше, мұндай шараны ұйымдастырудағы мақсат - атом энергиясын дамытудың жан-жақты тетіктерін қарастыру.

Пікірталасқа болашақ энергетиктер, инженерлер, физиктермен қатар, түрлі салада білім алып жатқан жастар қатысты.


Пікірталасқа қажетті алаң ұсынған Г.Дәукеев атындағы АЭЖБУ университетінің жастар саясаты жөніндегі департамент директоры Зарема Абдуллинаның атап өткеніндей мұндай мәселеде жастардың пікір елеп-ескерген маңызды.

"Жастардың жасыл экологиямен байланысты таным-түсінігін кеңейтуге күш салу қажет. АЭС болашақтың энергиясы. Оның мәні мен маңызын түсіндіру арқылы қоғамның атом энергетикасына қатысты сауатты арттырамыз", – дейді ол.

 

https://youtu.be/j3VC_yrI7WA

Рекомендовать
Последние новости