АЭС жайы: Қазақстанға француздың энергетикалық компания сарапшылары келді

Кәмшат Тілеухан 17 окт. 2024 14:27 2388

Астанаға Францияның энергетикалық компаниясы Électricité de France (EDF) сарапшылары техникалық сапармен келді. Сапар аясында француздық EDF сарапшылары Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі мен "Қазақстандық атом электр станциялары" ЖШС (ҚАЭС) өкілдерімен бірқатар іскерлік кездесулер өткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Келіссөз барысында атом энергетикасы саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың негізгі мәселелері, соның ішінде техникалық жобаларды бірлесе жүзеге асыру мүмкіндіктері талқыланды.

"Аталған іс-сапар аясында EDF өкілдерінің Алматы облысы Үлкен ауылындағы атом электр станциясын салуға арналған әлеуетті алаңды аралап көруі жоспарланған. Бұл аталған сапардың маңызды техникалық бөлігі, сондай-ақ ол атом электр станциясын салу мүмкіндіктерін алдын ала зерттеуге және жобаның техникалық талаптарына сәйкестігін бағалауға мүмкіндік береді. EDF сарапшыларының бұл сапары атом энергетикасы саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін тыңғылықты зерттеп, ынтымақтастықты нығайту жолындағы маңызды қадам саналады", делінген ҚАЭС хабарламасында.

Айта кетсек, EDF - әлемдегі ең ірі атом электр станцияларын басқаратын компания. Қазіргі уақытта EDF жалпы орнатылған қуаты 67,2 ГВт болатын атом паркін қауіпсіз басқарып отыр (65 реактор, оның 56-сы Францияда орналасқан), бұл әлемде пайдаланылатын барлық атом электр станцияларының шамамен 18%-ын құрайды.


Рекомендовать
Последние новости