АЭС бойынша талқылауға бармақ болған белсендіні полиция ұстап әкетті

Қаракөз Амантай 20 авг. 2024 10:52 1765

Астанада АЭС салу бойынша талқылауға бармақ болған белсенді Мейірхан Әбдіманаповты полицейлер ұстап әкеткен. Нәтижесінде, сот оған айыппұл салды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ол күні кеше 19 тамызда түнде соттан шыққаннан кейін әлеуметтік желіде болған жайтты тарқатып айтып берді.

Белсендіге“Бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды” деген айып тағылған және сот 129 мың теңге көлемінде айыппұл салған.

“Дүйсенбі күні мен АЭС бойынша жария талқыға қатысу үшін Астанаға автобуспен бармақ болдым. Осы сәтте екі полиция қызметкері көлікті тоқтатып, мені алып қалды. Мені ұстауға байланысты олардың ешқандай құжаты жоқ. Заңсыз түрде күш қолданып, 5-6 минуттай алысқаннан кейін Алатау аудандық полиция бөлімшесіне алып кетті”, - дейді ол.

Осылайша полиция бөлімшесінде 7-8 сағат ұстап, ақпан айында журналист Думан Мұхаммедкәрімнің сотына қатысқаны үшін 488-бап, 11-бөлігі бойынша хаттама толтырған.

“Осындай заңсыздық жүріп жатыр. Ұстаулары заңсыз, шешімдері заңсыз, бәрі заңсыз”, - деді Мейірхан Әбдіманапов.

Бұған дейін, Семейде қоғам белсендісі Елдос Досанов Қазақстанда атом электр станциясының құрылысын талқылау кезінде ұсталған еді.

#NotExtremists Telegram арнасы белсендінің 15 тәулікке қамауға алынғанын мәлімдеді. 

"Елдос Досанов 667-бап ("полиция талаптарына бағынбау") бойынша 15 тәулікке қамауға алынды", - делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, Семейде АЭС құрылысына қатысты қоғамдық тыңдау өтіп, белсенді Елдос Досановты залдан шығарып, патрульдік көлікке отырғызып, полиция бөлімшесіне жеткізген болатын. Полиция оның ұсталуын "билік өкілінің талаптарына бағынбау" деп түсіндірді.


Рекомендовать
Последние новости