Әбдіхалықова: "Ауруханаларды аралап жүрдім. Жолды жаптыруға пәрмен берген жоқпын"

Dalanews 16 июл. 2020 16:56 911

Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіхалықова Жаңақорғандағы ауруханаға ат басын бұрыпты. Әкім келеді деп алақандай ауданның ауруханаға апарар жолын жауып тастаса керек.




Аудан тұрғыны ауруханадан шығып, есік пен төрдей джипіне жайғасқалы жатқан облыс әкімін сол сәтте "соткісіне" түсіріп, шағымын бетіне айтыпты.

«Әкім Әбдіқалықова, сіз ханның қызысыз ба? Неге көшені жаптырасыз?!» деп ашынған аудан тұрғынына облыс әкімі жарытып жауап бермей, көлігіне отырып кете барады.


Жаңақорғанға жұмыс сапарымен барған әкім артынша көшені жаптырған адамды лезде тапқанын жария етті. Ол – учаскілік полиция екен деп хабарлайды Dalanews.kz.

Әлеуметтік желіде қарша бораған сынның астында қалған Әбдіхалықоваға Жаңақорған ауданының әкімі Сұлтан Мақашов ара түсті.

«Жоғарыдағы туындаған мәселеге байланысты түсініктеме. Біріншіден облыс әкімі әрдайым ауданға сапары кезінде, маған артықшылық жасап, тұрғындардың жүріс тұрысына кедергі келтірмейік, жолдар жабылмасын деп үнемі тапсырып жүр. Сол себепті республикалық маңыздағы жолмен ілесіп жүрген жол патрульдік автокөлікті де елді мекен шекарасынан тысқа қалдырып кетеді. Екіншіден облыс әкімі маршруттары бойында менің немесе аудан әкімінің аппаратынан көшелерді жабу туралы полицияға тапсырма берілген жоқ. Көшелерде көліктермен қатарласып жол ережелеріне сәйкес жүрді. Мен облыс басшысымен бірге аудандық аурухана алдындағы жалпы тұраққа тоқтадық.

Аурухана ішінде жүрген сәтте, сол аумақтың учаскілік инспекторы, ауруханаға жақын көше қиылысында қоғамдық газель автокөлігін тоқтатқан, көше жабық емес, басқа көліктер жүріп жатыр. Сол сәтте полиция бөлімі басшысының орынбасары,учаскілік инспекторына көлікті неге тоқтатасың, қозғалысты тоқтатпаңдар деп рация арқылы тапсырма берген, бірақ ол тапсырма орындалмаған.

Бір жағынан, инспектордың айтуы бойынша, мен облыс әкімінің көлігі аурухана алдынан қозғалайын деп тұрған сияқты болғасын, өткізіп жібергенше тоқтата тұрайын, кептеліс болып қалар деп шештім деп отыр.

Көше қозғалысының қауіпсіздігі олардың да міндеті. Ешкімге жасырын емес, тал түсте ереже бұзып ұйтқып жүрген, жүгенсіз жүргізушілер де аз емес. Облыс басшысының қауіпсіз шығып кетуін ойлаған шығар. Қалай болғанда да көшелердің жабылмағаны анық.

Үшіншіден екі- үш айда бір келетін аймақ басшысын көшені жаппасақ та, тоқтаған жерінен қауіпсіз жолға шығарып жібере алмасақ біздің кім болғанымыз. Онсыз да полицияның күнделікті сол қауіпсіздікті қамтамасыз етуі керек емес па.
Бүгінгі қалыптасқан эпидақуалға байланысты, әкім провизордағы әр науқаспен сөйлесіп, жағдайларын біліп, ауданға алынып жатқан құрылғылар мен дәрі дәрмектер туралы хабардар етіп, науқастарға қолдау білдіруге келген сапарына сәттілік тілеуіміз керек, ел қолдамаса, мүмкіндік бермесе, тек қалай аяғынан шаламыз десек, оның болашағына балта шабу, керісінше кішкене қолдау білдіріп, өзінің ойларын іске асыру ушін, ел болып қолдайық.

Мен елге адал қызмет етіп жүрмін деп ойлаймын, басшымыз да барлығынан осы адалдықты талап етіп отыр. Елдің, басшының,президентіміздің талабына сәйкес болмасам, мен осы лауазымдағы креслома жабысып отырғаным жоқ. Президент айтқандай, өз басыңның емес, елдің пайдасына шешім қабылдауға әр кез дайынмын. Сондықтан, ағайын болған нәрсеге түсіністікпен қарауларыңызды, артық айтқан болсам, алдын ала кешірім сұраймын», – деп  комент қалдырды аудан әкімі. 

Облыс басшысы да мәлімдеме жасап жолды жаптыруға тапсырма бермегенін айтты. 


"Бүгін мен Жаңақорған, Шиелі аудандарында ауруханаларды аралап жүрдім. Оның ішінде дәрі-дәрмекпен, оттегімен қамтамасыз ету мәселесін тексердім. Осы іс-сапар кезінде Жаңақорған ауданының инфекциялық ауруханасының қасында тұрған менің машинама Сандуғаш Тұрлыбекова есімді әйел келіп, жолдың жабылғанын айтты.

Бұл ыңғайсыздық тудырғанын айтты. Мен жолды жаптыруға пәрмен берген жоқпын. Аудан әкімі де жол жабу туралы тапсырма берген жоқ.

Сол жердегі Ішкі істер бөлімінің басшысы да сөй деп отыр. Егер бұл сол жердегі учаскелік полицейдің іс-әрекеті болса, бұған қатысты облыстық департмент басшысы Сұлтан Бектөреге осы әрекеттің дұрыс-бұрыстығын анықтауға тапсырма бердім. Қызметтік тексеру жүргізеді", – деп мәлімдеді аймақ басшысы.

Рекомендовать
Последние новости