"Абай домбырасын" дауға айналдырудың жөні жоқ

Dalanews 13 мая 2020 15:50 909

Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Тыныштықбек Әбдікәкімұлы "Абай домбырасына" төңірегіндегі дауға қатысты пікір білдірді.




Кешелі бері "Сырт Қасқабұлақта Абайдың үшішекті домбырасының сұлба-суретін аяққа төсетіп қоятын" жоба іске асуда!" деген реніштер естіліп жатыр желіде.

Былай қарасаңыз, әрине, ол шешімнің өзі идиотизм де сияқты. Бірақ, біз мына жағдайды да ескеруіміз керек.



Мәселен, Жер дегеніңіздің өзі көркемфилософиялық тұрғыда да, шын өмірде де - АНА. Оған ешкімнің де дауы жоқ. Сол себепті, Оны да аяқпен таптауға болмайды. Жә, солай екен деп, біз кен іздемей, ішіп-жемей, қоқысымызды төкпей,... моламызды тұрғызбай, әуеде қалықтап жүре алмаймыз ғой. Демек, аталмыш жоба да - дұрыс шаруа. Ол да - Жер-Ананың алақанында орналасады.

Сол жоба бойынша, біз, сол кепиетті өңірге жолымыз түсе қалғанда, кемеңгердің домбырасының қасиетін табанымызбен де сезіне, "тиегі мен құлағына" тәу ете, оның айналасындағы қырық бес тасқа қашала өрнектелген "Қара Сөздердегі" даналықтың лебін де санамызбен бек сіңіре, бір сәт ел болашағы мен руханият туралы да ойға шома аяңдай басып, Қасқабұлақтың кәусарынан Қара Өлеңнің де нәрін татып алмаққа бара жатамыз...

Жә, мынадай екінші жағдай бар. Мәселен, домбыра мінсіз жасалсын-ақ, оған қоңырүнді қой ішегі тағылсын-ақ, әдемі күйленсін-ақ, егер тиек болмаса, бәрі - бекер. Домбыраның мыйы да, жүрегі де - тиек. Онсыз домбыра - мылқау.

Ал, жобадағы "тиек" - тастан қашала орнатылған, көлемі сандықтай өрнекті "тиек". Сол себепті де ол аяққа тапталмайды.

Демек, "Абай домбырасы" да аяққа тапталмайды деген сөз. Сол "Абай домбырасының" өзі, бейнелеп айтқанда, - "домбыраның көлеңкесі" ғана. Ал, домбыраның көлеңкесін таптама!" деген тыйым жоқ.

Болса, онда біз Ұлы Түзде, шақырая шыжыған Күн астындағы бабалар мазарының көлеңкесін аяғымызбен басып тұрып, сүйегі сол мазарларда сақталған қасиетті аруаққа да мінәжат ете алмас едік қой!..

Үшінші жағдай. "Жұлдыздар аллеясы". Аяқ астындағы ондай аллеялар әлемнің бірнеше қалаларында жасалған. Москвадағысында өзіміздің жұлдызымыз Роза Рымбаева қарындасымыздың аты-жөні жазылған "жұлдыз" да бар.
[perfectpullquote align="full" bordertop="false" cite="" link="" color="" class="" size=""]
Төртінші жағдай. Геоглиф мәселесі. Сарыарқада ондай ғажаптардың космостан да анық көрінетін талай нұсқалары сақталған. "Абай домбырасы" жобасы да - сондай бір геоглиф.[/perfectpullquote]

Бесінші, ең басты мәселе. Жербетіндік тіршілік иелері үшін Күннен асқан қасиетті ештеңе жоқ. "Жанымыз - Күннен келген нұрдан, тәніміз - топырақ пен судан". Шаһкерім әулие солай дейді. Ал, сол Күннің бейнесін біз жамбы түрінде жасап, оны жебемен атып, мергендігімізді сынаймыз. Жақшылыққа баулитын спорт ойыны сондай. Алтын жамбы - Күн символы. Жамбы" атауы да - Күннің ежелгі ЙАМ (ЖАМ; м+б симбозы арқылы, "ЖАМ+б/ы/" түрінде қалыптасқан) атауынан. Домбыраның өзі де - Күн символы. Тоғыз пернесі - Күннің ақ нұрынан тарайтын тоғыз түрлі тоғыз нұр ишарасы. Домбыра мойыны - Күннен таралатын нұрлардың жалпы сипатын суреттейді. Домбыраның шанағы - "Күннің өзі". Оның ортасындағы ойық - Күннің рух-құдайын бейнелейді.

Сондықтан, "Абай домбырасы" жобасына қатысты шу көтеріп жатқан ағайындардікі дұрыс емес деп ойлаймыз. Әріберіден соң, сол даңғаза көтеріп жатқан азаматтардың біразы - еденіне домбыра суреті салынған үлкен сахналарда талай рет тамылжыта ән де шырқаған тарлан жігіттер.


Өсек болмас үшін, айта кетейін. Өз басымның ол жобаға ешқандай да қатысым жоқ. Талдауларына да, сараптауларына да, шешімнің қабылдануына да мені еш әкімшілік шақырған емес.

Рекомендовать
Последние новости