Ә. Мәжитұлы: «ЭКСПО – Қазақ Елінің Жасампаздығы»

Dalanews 14 июл. 2017 13:00 846

 

Қазақстанның бас қаласы Астанада өтіп жатқан ЭКСПО көрмесінің басталғанына бір айдан асты. Осы уақыт аралығында миллионнан астам адам көрмені тамашалап үлгірген. Қазақстанға шетелден келушілер саны да күн санап артып келе жатқаны байқалады. Біздің Астана – тек отанның жүрегі ғана емес, алғабасар идеялар мен әлемдік маңызы бар шараларды ұйымдастыра алатын бірегей орталыққа айналып үлгерді. Әсіресе, Орталық Азия елдерінің өзге қалаларымен салыстырғанда Астананың бәсі бір елі биік екенін көрмені көрген жұртшылық айтуда. Осы айтулы шараға алыс-жақын шетелдерден келген қонақтар көрмемен бірге Астананың таңғажайып архитектуралық нысандарын көріп, өздерінің ризалықтарын жасырмай айтып жүр.

Солардың бірі – Қытай орталығы Пекинде тұратын қандасымыз, әлемге танымал жазушы, «ЭКСПО-2017» көрмесінің Қытайдағы құрметті Төрағасы, Қытай саяси кеңесінің мүшесі, қазіргі Қытай қазақтарынан шыққан ең биік лауазым иесі (депутат), Қытай жазушылар одағы Төрағасының орынбасары, «Қытай  жазушылары» журналының Бас редакторы Әкбар Мәжитұлы «ЭКСПО – 2017» көрмесі басталған кезде елордаға Қытай делегациясын бастап келген еді. Қарымды қаламгер мұндай әлемдік шараны өткізуге үміткер қалалардың ішінен озып шығып, осы мәртебеге ие болған Астананың бүгінгі дамуына өз таңданысын білдірді.

Өзінің айтуынша, бұған дейін де Астанаға бірнеше рет келген. Әр келген сайын елорданың жаңаша құлпырып, жаңа ғимараттар бой көтеретінін, халық саны артып, шын мәніндегі Астанаға лайық мәдени-рухани һәм саяси беделге ие болғанын байқайтынын, мұндай тез даму әлемдегі кез келген қалада бола бермейтін құбылыс екенін баяндады.

– Ұлттың жасампаздығы – қала мәдениетімен өлшенеді, – дейді қаламгер. – Өзінің қаласын салып қана қоймай, оны өз заманымен үйлестіре білу, сөйтіп өзгелерге ұлттық жасампаздығын әйгілеу көптеген елдің қолынан келмейтін шаруа. Мен Астананы жаңа идеялардың орталығы деп білемін. Халықаралық жаңалықтарды көрген кезде Астанада өткен шаралардың молдығын байқаймын. Астана – Қазақстанның символына айналды. Небары ширек ғасырға да толмайтын уақытта бастамашыл қалалар сапына қосылды. Бұл қуанарлық жайт.

– Бізде халықаралық жиындар, фестивальдар, арнайы симпозиумдар жиі өтеді. Кейбір тұрғындар бұл босқа ақша шығындау, экономикаға тиімсіз шаралар деп сынап жатады. Сіздіңше, мұндай шараларды өткізудің пайдалы және зиянды тұстары қандай?

– Маған Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың байқампаздығы, қажырлылығы ұнайды. Ол кісінің осы аймақта лидерлік қуатқа ие қала салуды әрі сондай елге айналуды көздейтіні байқалады. Сондықтан да әртүрлі халықаралық шараларды өткізіп, өз елінің әлеуметтік тұрғыдан да, саяси белсенділік жағынан да өзгелерден әлеуетті екенін көрсеткісі келеді. Кез келген шараның жоспары, бағыты, мақсаты болады. Меніңше, Қазақстанды тұрақты дамытудың жолы тек экономикалық пайымдармен шектелмей, осызамандық үдерістерге араласа білуінде дер едім. Аймақтағы тыныштық – Қазақстан үшін ауадай қажет. Ал халықаралық мәселелерге бейжай қарамау – көрегенділіктің белгісі. Мұндағы басты ой – тек өзі үшін емес, жалпыадамзаттық мүдде тұрғысынан пайымдай білу. Қазіргі аздаған қиындықты ойлаймын деп, болашақтық ірі жеңістерден қол үзуге болмайды. Қазақстанның жолы – кейінгі жол деп білемін.

– Демек, ЭКСПО көрмесін өткізудің арғы мәні – бүгін үшін өмір сүру емес, ертеңгі табыстар үшін қол созу деуге бола ма?

 – Дұрыс айтасыз. Қазақстан жаңа Астана салады дегенге шетел түгіл, осындағы азаматтарда сенбестік танытқанынан хабарым бар. Қазір Астана әлемдік идеялардың орталығына айналды десе, әлдебір кісілер мұрын шүйіруі мүмкін. Бірақ, шын мәнінде сондай деңгеге жетті. Бұған осы көрме дәлел. Көрменің уақыты үш айға созылатынын ескерсек, бүгінгі ақпараттық дүмпудің үні алыстарға жетеді. Астана арқылы Қазақстан өзінің арманын орындай алатын, қол созған мақсатына жете алатын ел екенін дәлелдеді.

– Бізде ЭКСПО-ға кеткен шығын өзін өзі ақтамай ма деген күдік басым. Мысалы, Қытай Шанхай қаласында өткен ЭКСПО-дан қыруар кіріс тауыпты деп естідік. Бізде қалай болуы мүмкін?

– Дәл қазір кешіп-пішіп бірдеңе айту қиын. Қазақстан жан-санын Қытаймен салыстыруға келмейді. Қытайдағы ЭКСПО-ны тамашалағандардың басым бөлігі – сол елдің тұрғындары. Бұл заңды құбылыс. Қытай – алып ішкі рыноктің елі. Ол ел үшін кез келген халықаралық шара өзін өзі ақтауға мүмкіндігі бар. Ал Қазақстанға болашақта шетелден келетін туристердің саны осы көрме арқылы еселеп артуы мүмкін. Демек, бір ЭКСПО-мен ғана өлшеуге болмайды. Болашақ туристерді тартудың айрықша мүмкіндігі.

Сондай-ақ, Қазақстанның өз азаматтары да көрмені тамашалуға пейілді болар деген үміттемін. Мұндай ірі шара Қазақстан үшін бір рет берілетін мүмкіндік. Меніңше, шыққан шығын өзін өзі ақтауға тиіс. Ұйымдастырушылар мұны алдын ала жоспарлаған деп ойлаймын.

– Осы көрменің Қытайдағы Құрметті төрағасы ретінде, Қытайдан келетін туристердің саны көп болады деген ақпаратқа сенесіз бе?

– «ЭКСПО – 2017» көрмесінің арнамасы Қытайда өте жақсы болды. Екі ел арасындағы сыйлайстық-әріптестік ахуалдың да пайдасы көп тигенін байқауға болады. Меніңше, шетелден келетін туристердің басым бөлігін қытайлықтар құрауы мүмкін. Себебі, Қытай Қазақстанмен көрші, тату ел. Әлемге ең көп туристік сапар жасайтын елдің бірі – қытайлықтар. Олар үшін Қазақстан – сыры мол мемлекет. Бұл қытайлықтарды қызықтырады.

– Қытай Астанасы Пекинде тұрып жатқаныңызға ұзақ жылдар болыпты. Жалпы, Астанада өмір сүретін халықтың бойында қандай ерекшеліктер болуы керек деп ойлайсыз?

– Ең әуелі, мәдениеттілік. Қала – өзінің тұрғынымен қала. Бір қаланың атын әлемге шығару үшін сол қала тұрғынының біреуінің іс-әрекеті себепші болады кейде. Мен өз елімнің мәдениетті, тәртіпті ел екенін көрсетуім керек деген ой тұрғындар санасына жастайынан сіңсе игі. Елімнің Астанасында тұрып жатырмын деген мақтанышпен қатар, орасан жауапкершілік болуы тиіс. «Астаналықтар» деген тіркес жай сөз емес, айрықша мәдениет ұғымын да білдіретінін ұмытпаған жөн. Осындай ірі шаралар кезінде қала тұрғындары өзінің мейірімді, сыйласымды екендіктерін көрсетулері керек. Қазақ ежелден қонақжай халық қой. Мұндай қасиет біздің болмысымызда бар. Астаналық тұрғындар өздерінің шын мәнінде астаналық екендіктерін дәлелдей аларына сенемін.

– Сізге ЭКСПО қалашығы несімен ұнады?

– Архитектурасы бұрынғы ЭКСПОлардан бөлек. Мұндағы әр павильонды аралап шыққың келеді. Реттілік, жинақылық бар. Ауқымы да үлкен екен. 25 гектарды құрайды. Бәрін аралап шықтым деп айта алмаймын. Негізгі нысандарды көріп шықтым. Алдағы уақытта Астананың мақтанышына айналатын қалашық болары сөзсіз. Болашақта Астанаға келгендер осы нысандары көрмей кетпейді. Жаңадан бой көтерген Астананың сәулетін асырып тұратын мекен осы ЭКСПО қалашығы болады.

– Астанада өтіп жатқан ЭКСПО-ның қандай артықшылығы бар деп ойлайсыз?

– Ең алдымен тақырыбы өзгеше. «Болашақтың энергиясы» - әлем үшін ең өзекті тақырып. Қазақстан осындай тақырыпты таңдау арқылы өзінің әлем алдындағы беделін арттырды. Әлем жаңа энергияға ауысуға мүдделі. Біз жер-анамызды сақтауды ойласақ, онда жасыл энергияны дамытуымыз керек.

 – Астанаға ұсынған Қытай көрмесінің ерекшелігі қандай?

– Қытай – жедел дамып келе жатқан мемлекет. Мұндай елдерде идеялық мазмұн негізгі орында болады. Рухани-мәдени, технологиялық, электроникалық жақтан нешетүрлі көзқарастарды тоғыстырған заманауи жаңалықтарды ұсынады. Мазмұндар жаңаланып, үш ай бойы ұсынылмақ. Қытайдың бүгінгі даму барысын әйгілейтін әртүрлі тақырыптарды қамтиды. Алдағы уақытта көрмені тамашаушылар Қытай көрмесінен мол әсер алады деп ойлаймын.

– Қазақ Астанасында өтіп жатқан көрмеге Қытайдағы қандастарымыз келе ме?

– Келеді. Мен солардың бір өкілімін. Осы көрме аясында Қытайдағы қазақ өнерпаздары, бизнесмендер, өнертапқыштар атсалысады деген жоспар бар. Олардың алды көрменің ашылу салтанатына қатысты. Ары қарай да жаз бойы толастамайды деген үміттемін. Өйткені, Астанада өтіп атқан ЭКСПО көрмесі – барша қазақтың мақтанышы. Шетелдегі қазақтар Қазақстанның кішкентай жетістігіне қуанады, әдетте. Қашанда жақсы жаңалық естігіміз келеді.

Әңгімелескен, Т. ӨСКЕНБАЙ


Рекомендовать
Последние новости