460 оқушы жаппай уланған: мектеп директоры Аймағамбетовтің туысы екені рас па?

Көркем Алдабергенова 10 сент. 2024 10:22 5339

Маңғыстау облысында 460 бала астан уланып қалған. Оқиға облыстағы Бесшоқы ауылындағы №8 мектепте болған. Мектеп директоры -  Тойлыбай Аймағанбетов. Көптеген адам ол экс-министр, қазіргі Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтің туысы деп болжаған. Депутаттың өзі бұл болжамдарға нүкте қойды, - деп хабарлайды Dalanews.kz

Бұл туралы Асхат Аймағамбетов телеграм арнасында жазды. Аймағамбетовтің сөзінше, оның ешқандай туысы басшылық қызметте отырған жоқ. 

"Менімен тегі бірдей қанша адам бар екен жалпы? Егер оның бәрі менің туысым деп есептеп, кез келген мәселе туындаса сол туралы жаза берсе, тақырып қыза түседі. Мысалы бүгін Маңғыстау облысында оқушылардың жаппай улануы туралы репортаж жасаған басылымдардың бірі мектеп директорын менің "туысым" етіп қойған. Бірақ мен ол адам туралы бірінші рет естіп отырмын. Жақында менімен тегі бірдей тағы бір басшыны менің туысым етіп қойды, бірақ біздің ешқандай туыстық байланысымыз жоқ. 

Түсінікті болуы үшін айта кетейін: білім беру саласында басшылық қызметте менің ешқандай туысым отырған жоқ. Бұл жайтқа байланысты оқушылар мен олардың ата-анасына қолдау білдіріп, балалардың тезірек жазылып кетуін тілеймін", - дейді Асхат Аймағанбетов. 

Еске салайық,Үкімет Маңғыстауда астан уланған оқушылардың жағдайын өз бақылауына алған болатын. 8 қыркүйекте премьер-министр Олжас Бектенов Мұнайлы ауданынының Бесшоқы ауылында балалардың улануына байланысты Денсаулық сақтау, Оқу-ағарту министрлері мен Маңғыстау облысы әкімінің есептерін тыңдады. 

Ресми мәліметтерге сүйенсек, бүгінде 460 бала дәрігерлердің бақылауында.  Олардың 83-і ауруханада ем қабылдап жатыр. Зардап шеккендердің, оның ішінде жансақтау бөліміндегі 2 баланың жағдайы тұрақты. Денсаулығының жақсаруына байланысты жансақтау бөлімінде жатқан екі бала жалпы бөлімшеге ауыстырылды.

Ауру ошағын оқшаулау және жою шараларын күшейту үшін өңірге "Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы" ШЖҚ РМК "Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы" филиалының мамандары жіберілді.


Рекомендовать
Последние новости