23 жастағы әскери қызметкердің өлімі: Марқұмның жақындары күдіктілердің түгел қамалуын талап етіп отыр

Қаракөз Амантай 24 окт. 2024 10:11 3049

Абай облысы Үржар ауданында ажал құшқан 23 жастағы әскери қызметкер Рахат Райбектің туыстары тергеудің әділ жүргізілмегенін айтып, дабыл қағуда. Сөздерінше, қылмыстық іс жан-жақты зерттелмеген әрі күдіктілердің барлығы қамауға алынбаған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасының мәлітметінше, қаңтарда Рахат Райбек Үржар аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөліміне жұмысқа орналасады. Он күннен кейін 23 жастағы әскери қызметкер әріптестерімен туған күн тойлауға кетеді. Сол түні ауылдағы дүкеннің маңынан оның мәйіті табылған.

Айыптау актісіне сәйкес, әскери комисариаттың қызметкері пышақ жарақатынан мерт болған. 

“Оқиға негізі военкомат ғимаратында басталған. Бауырымды сол қызметкерлер туған күнге шақырып алады. Военкомат ғимаратында отырыс болған. Сол отырыстан кейін бауырым қайтқан жоқ. Яғни, сол военкомат ғимаратынан қайтпады, өлігі ғана келді”, – деді марқұмның әпкесі Шолпан Мұхамеджанова.

Марқұмның әпкесі інісін аса қатыгездікпен пышақтап өлтіргендердің барлығы қамауға алынбады деп отыр. Оған қоса, тергеудің жан-жақты жүргізілмегеніне сенімді. Сот-медициналық сараптамасының қорытындысымен де келіспей, қылмыстық істің бабын ауыстыруды талап етеді.

“Еңгезердей жігітке бір адам 22 жерден пышақ салуы мүмкін емес. Екіншіден, осы қылмысты жасырып отырған бірнеше тұлға бар. Олар да іс бойынша жай куә ретінде жүргізіліп отыр. Оларды күдіктілер қатарына өткізу керек. Іс 99-баптың 1-тармағы бойынша қарастырылып жатыр. Оны 2-тармаққа, яғни “Аса қатігездікпен өлтіру” деп ауыстыруды талап етеміз”, – деді марқұмның әпкесі.

Дереккөздің мәліметінше, атышулы істе жалғыз айыпталушы бар. Ол әскери комисариаттың жүргізушісі екен.

Алматы аграрлық университінде оқыған Рахат Райбек үйленбеген. Отбасының жалғыз баласы болған. Қорғаныс саласында жұмыс істеп, әскери қызметкер болуды армандаған көрінеді.


Рекомендовать
Последние новости