2029? Назарбаев қайта оралса, таңғалмаймын, бізде бәрі мүмкін - депутат Зайытов

Сағыныш Сардарова 20 июн. 2025 11:40

Мәжіліс депутаты Ринат Зайыт кейінгі уақыттағы ең өзекті мәселелерге пікір білдірді. Оның ішінде қазақ тілінің жай-күйі, Ресей салатын АЭС, т.с.с. тақырыптар бар, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жуырда депутат Мәжіліс мінберінде орыс тілінде сұрақ қойды. Ринат Зайыт бұл әрекетін "мені мәжбүрледі" деп түсіндірді.

"Өткенде "Яндекстің" қосымшасы шығыпты, сұрақ қойдым. "Неге "Яндексті" ашқанда бірінші орыс тілінде сөйлейсіңдер?" десем, "қазақ тіліне аударып алуға болады ғой" дейді. Неге мен Қазақстанда тұрып қазақ тіліне аударуым керек? Бірінші қазақ тілінде шығуы керек қой. Осындай әңгімелер барына қарамастан, "басқа ұлттар қысым көріп жатыр" деп шуылдағыш адамдар көп. Соларға дәлел болсын деп заң шығарушы органның өзінде депутаттың өзі мәжбүр болады, мені мәжбүрлеп тұр ғой. Қойған сұрағымды түсінбей тұрса, мәжбүр болмағанда қайтемін?! Жалғыз Денсаулық сақтау министрлігіне қатысты емес, көп министрлікке қатысты", - деді ол Bilgen durys арнасына берген сұхбатында.

Қазақ тілін талап ету жабайылық па? Депутаттың пікірінше, құлдық сананың, басымыздан өткен құлдық дәуреннің осындай салдары бар.

"Орысша сөйлеуді үстемдік көрді ғой кезінде, әлі солай деп ойлайды. Қазір тренде мүлдем басқа нәрсе. Қазір мода емес, ойларынан алып тастасын, керісінше қазақша білмеу ұят. Бірақ ата-анасы - бәрі сол тәрбиемен өскеннен кейін әлі күнге дейін орыс тілін білу үстемдік деп ойлайды", - деді ол.

Ринат Зайыт АЭС-ті Ресей салатынына қатысты да пікір білдірді.

"Ресей салуына қарсымын. Әлі де қарсымын. Бұларға қазір сауал жолдасаң, "нақты шешім қабылданған жоқ, Ресей сыртын ғана салады" дейді. Өз басым Ресей салуына қарсымын. Жалғыз мен емеспін-ау. Ресейдің технологиясы, бағасы жақсы дегенді қып-қызыл өтірік деп ойлаймын. Себебі Ресейдің қазір қандай да бір ауқымды құрылыс жүргізетін жағдайы жоқ. Оның салып жатқан АЭС-тері бір тоқтап, бір ырғалып-жырғалып жүр. Оларда бір-ақ мақсат бар деп ойлаймын. Олар осы жобаның арқасында ақша тапқысы келіп отыр. Болды. Ресейге энергиялық тәуелділікке қайтадан ұшырайтын болсақ, онда бұл жобаның құны біз үшін көк тиын деп ойлаймын. Энергиялық тәуелділікті біздің мемлекетке қарсы жасалған әрекет деп ойлаймын. Қандай да бір іргелес көршіміздің еншісіне энергиямызды байлап беретін болсақ, қандай сылтау айтылмасын оған қарсымын. Іргелес емес мемлекеттер келе берсін", - деді ол.

Депутат осындай жайттардан кейін Мәжілістен түңіліп кетті ме? Сауалға өзі жауап берді.

"Салалық жұмыс істегім келеді. Салалық жұмыста нақты мақсатың, уақыты болады, соған жетуге асығасың, жұмысыңның нәтижесін көресің. Ал Мәжілісте биыл қабылдаған заңның нәтижесін екі-үш жылдан кейін бір-ақ көресің. Нақтылық көрінбейді. Ондай мүмкіндік жоқ. Тұрғын үйдің мәселесінен бастап қылмыстық істерге дейін әкеле береді. Онымен айналыспауға қақың жоқ. Бәрімен айналысуға мәжбүр боласың. Біреуінен алғыс, біреуінен қарғыс естисің. Депутаттық мандатты өткізіп, кетіп қалуға ақылды қазақтар, ақылды журналистер шығады. "Сонда сіз қаншама сайлаушыға уәде беріп алып, неге қашып кеттіңіз?" дейді. Ол маған қажет пе? Орынсыз, жөнсіз сыннан шаршап кеттім. Қазір ондай әңгімелерге себеп бергім келмейді", - деді ол.

Жуырда экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәскеуге сапарынан кейін қоғамда түрлі алып-қашпа әңгімелер тағы да желдей есті. Ринат Зайыт бұл тақырып турасында да пікір білдірді.

"Бізде бәрі мүмкін негізінде (2029 жылы Назарбаев өз кандидатурасын әкелуі мүмкін бе деген сауалға - еск.). Оны қолдап отырған топ аз емес, мойындау керек, жасырмау керек. Қарапайым халықтың ішінен айтып отырмын. Бір рет мешітке де кіріп шықты ғой. Қай жерге апарсаң да ешкім бетіне шығып, "сен, халықты тонадың" деп айтпайды. Керісінше біздің қазақ "бата беріңіз" деп айтады. Сосын үйіне барып, "анау оңбаған бізді тонады" деп айтады. 2029-да келе ме, мен таңғалмаймын, бізде Қазақстанда бәрі мүмкін. Мүмкін емес деуге болмайды", - деді ол.


Рекомендовать
Последние новости