2017 жылы Қазақстан Ресей Федерациясының құрамына кіреді

Dalanews 28 дек. 2016 10:28 780



Ресейдің сәуегейлері де Путиннің сөзін сөйлейді. Путиннің ойынан шығу үшін жорамалды Кремльдің көңіліне келмейтіндей жасайды екен.  Танымал астролог Павел Глобаның келер жылға арналған болжамына қарап күлдік. Бәрінен бұрын орыс халқының бақыттан басы айналып жатқан шығар. Болжамшының былжырағына сенген Ресейдегі ақпарат құралдары халықтан сүйінші сұрап жатыр. Күлкілі. Иә, күлкілі. Сонда Глоба не дейді?


Доллар


“Келер жыл долларға ауыр соғайын деп тұр. Американың ақшасы құнын жоғалтады, “әлемдік валюта” деген атынан айырылады. Абыройынан да… Еуро ма? Еуро тұрақтайды. Осы себепті де жиған-тергендеріңіз болса, осы еуроға ауыстырып үлгеріңіздер”.


Мұнай 


“Қара алтынның “тамырына қан жүгіреді”. Құны өседі дегенім ғой. Осының арқасында Ресейдің ары қараған беті, бері қарайды. Кремль қаржылық дағдарысты еңсеріп шығады. Мұның мұнаймен байланысты болатынын түсінген шығарсыз”.


“Иран бүлінеді” 


Келер жылдың екінші жартысында әлем астаң-кестең болады. Тіпті, Үшінші дүниежүзілік соғыс басталып кетуі мүмкін. Мұсылман елі (бұл Иран болуы мүмкін) бүлік шығарады. Парсылар түріктерге тап береді.


“Путин, спаси и сохрани”




Ушығып кетуге әзір тұрған жағдайды Ресей бақылауына алады.  Оның данагөй көсемі осы жағдайға әділ төрелік етіп тиісті шешім шығарады. Өзінің атақ-абыройы мен ақыл-білімінің арқасында Путин Үшінші дүниежүзілік соғыстың алдын алады.




Дін


2017 жылы Ресейде жаңа діни қозғалыс құрылады. Айналасы бірнеше жылдың ішінде бұл ағым христиан және ислам діндерін “отарлап”, біртұтас әлемдік дін деген атаққа ие болады. Осы ағымның аясында жаңа көзқарастағы буын өсіп-өнеді.



Осы арадан үзіліс жасайық. Осы араға дейін Глобаны қалжыңдап отыр ма деп ойлағанбыз. Жоқ, қалжыңы емес екен. Алжығаны екен. Алжыпты. Ақылынан адасыпты…


“Қазақстан Ресейге қосылады”


2017 жылы Қазақстан мен Беларусь Ресейдің қолтығына кіргісі келетінін айтады. Бекер емес. Ресейдің күші асып-тасып бара жатқанын көріп отыр ғой. “Үш мемлекетен құралған держава” өзгелердің төбесінен қарайды. Тіпті, Америка мен ЕуроОдақтың өзі бұлардың жанында “ойын баласы” болып қалмақ. АҚШ пен Батыс “Үш мемлекеттен құралған державаның” көлеңкесінде қалады. Айбынды державаның дақпырты алысқа жетеді. Аз уақыттан кейін бұларға Әзірбайжан мен Армения қосылады.





“Әй, шіркін-ай…”


Батыстың басынан бақ таяды. Еуроодақтың сапынан шыққысы келген елдердің саны артады. Еуропаның ақшасы азаяды. Күллі әлем Кәрі құрлықтың шаңырағы ортасына түсіп, қирағанының куәсі болады.




Осы арадан тағы бір үзіліс. Глоба Путинге қатысты пікірін айтыпты. Кешіріңіздер, болжамын…

2020… "Путиннің ақыры"




Ресейде халық көтеріледі. Данагөй Путин өзінің салиқалы әрі сарабдал саясатының арқасында толқынысты 3 жылға дейін ұстап тұрады. Бірақ, ешкім және ешнәрсе мәңгілік емес. 2020 жылы ауруы асқынған Кремльдің көсемі жағдайды бақылаудан қалады. Бұқараны бақылаудан қалған әміршінің ықпалы да азаятыны белгілі.




Қысқаша, осы. Глоба осылай депті. Бір жылдың ішінде әлемнің астаң-кестең болатын түрі бар. Қазақ мұндайда “жағыңа жылан жұмыртқаласын” деуші еді…


Думан БЫҚАЙ 

2017god.com сайтынан аударылды  

Рекомендовать
Последние новости