2 тамыздан бастап 5 қалада карантин күшейеді

Dalanews 27 июл. 2021 13:03 964

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен ҚР аумағында коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК отырысы өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Вице-премьер Денсаулық сақтау министрі мен Нұр-сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Қарағанды, Атырау облыстары басшылығының өңірлердегі эпидемиологиялық жағдай туралы есебін тыңдап, медициналық ұйымдар мен халықты қажетті дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен толыққанды және үздіксіз қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.

Ведомствоаралық комиссия елдегі тәуліктік сырқаттанушылықтың 65% - ін және тәуліктік өлім жағдайларының 55% - ін құрайтын Нұр-сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау, Қарағанды қалаларында карантиндік шараларды күшейту туралы шешім қабылдады.

Бұл аймақтарда ағымдағы жылдың 2 тамызынан бастап мынадай шектеу шаралары күшіне енеді:

орталық мемлекеттік органдарды, әкімдіктерді, құқық қорғау органдарын, денсаулық сақтау ұйымдарын, БАҚ-ты, азық-түлік дүкендерін, дәріханаларды және тіршілікті қамтамасыз ету ұйымдарын қоспағанда, "Ashyq" жобасына қатыспайтын барлық кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметін тоқтата тұру;

ойын-сауық, спорттық, отбасылық, естелік және өзге де бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салу;


мемлекеттік органдар, кеңселер, ұлттық компаниялар мен өзге де ұйымдар қызметкерлерінің 80% - ін қашықтықтан жұмыс жасауға ауыстыру (вакцина салдырғандарды және соңғы 3 ай ішінде ауырып жазылғандарды қоспағанда).

Сондай-ақ, Ақмола, Алматы, Қарағанды облыстарының әкімдіктеріне Нұр-Сұлтан (Бурабай, Целиноград, Аршалы аудандары), Алматы (Қарасай, Талғар, Іле, Еңбекшіқазақ аудандары), Шымкент қалаларымен (Сайрам, Төлеби аудандары), Қарағандымен (Теміртау, Шахтинск, Абай) шекаралас аудандарында карантиндік шараларды күшейту бойынша шаралар қабылдау ұсынылды.

Өңірлердің әкімдіктеріне шектеулер енгізу және олардың сақталуын бақылау бойынша барлық шараларды қабылдау тапсырылды.

Вице-Премьер коронавирустық инфекцияның таралуына қарсы күресте мониторингтік топтар жұмысының маңыздылығын және барлық өңірлерде осы бағыттағы белсенділіктің төмендігін атап өтті.

ШОБ нысандарын рейдтермен қамтудың барынша төмендеуі Ақтөбе, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Ақмола, Атырау облыстарында, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларында байқалады. Анықталған бұзушылықтар санының төмендеуі Маңғыстау, Павлодар, Алматы, Солтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарында байқалады.

Е.Тоғжанов барлық өңірлерде мониторингтік топтардың жұмысын жандандыруды тапсырды.

Сондай-ақ, Вице-Премьер еліміздің кейбір өңірлерінде вакцинацияның төмен қарқынын атап өтті. Мысалы, Маңғыстау облысында халықтың тек 25,6%-ы 1-ші компонентпен егілді, бұл республика бойынша орташа мәннен 2 есе төмен (52,4%). 6 өңірдің (БҚО, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Жамбыл, Павлодар облыстары) көрсеткіштері ел бойынша орташа мәннен айтарлықтай артта қалып отыр.

Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің 2021 жылғы 14 шілдедегі №32 Қаулысына сәйкес ағымдағы жылғы 10 тамызға дейінгі мерзімде қызмет көрсету саласының барлық қызметкерлері КОВИД-19 вакцинасының бірінші компонентімен екпе алуы тиіс.

Рекомендовать
Последние новости