16 жастағы Шерзаттың өлімі: ІІМ оқиғаның видеосын жариялады

Қаракөз Амантай 15 окт. 2024 14:16 3361

Бүгін, 15 қазан күні бір топ бұзақының қолынан қаза тапқан 16 жастағы Шерзат Болаттың ісіне қатысты Ішкі істер министрлігінің брифингі өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Журналистерге дүкенде жанжалдың басталу сәті жазылған бейнежазба ұсынылды.

ІІМ-нің бірінші орынбасары Бауыржан Аленовтің айтуынша, тергеу заңға сәйкес жүргізілуде, ал оқиға орнында түсірілген видео қылмыстық іс материалдарына қосылған. Полиция бейнежазбаға ешқандай монтаж жасалмағанын растады. Видеода күдіктілердің сыра мен темекі сатып алу сәті және төлем жасағаны көрсетілген. Бұған қоса, Аленов жанжал сыраның ақысын төлемегеннен басталды деген болжамды жоққа шығарды.

Бейнежазбаның егжей-тегжейін ІІМ өкілі Самат Айысов түсіндіріп берді. Ол “Қамажай” дүкенінің ішкі жағында екі, сыртқы жағында бір камера орнатылғанын атап өтті.

“Күдікті дүкенге кіріп, екі бөтелке сыра мен төрт қорап темекі сатып алып, төлем туралы чек көрсетеді. Марқұмның әкесі телефонынан тексергенде, ақшаның түспегенін байқайды, бірақ бір минуттан кейін транзакцияны растайды. Кейін күдікті тағы бір бөтелке сыра алып, 1000 теңгені қолма-қол төлеп, шамамен 500 теңге қайтарым алады. Ер адамдар арасында қол қимылдары арқылы достық қарым-қатынасты білдіретін белгілер алмасқан, ешқандай жанжал байқалмаған.

Кейін күдікті дүкенге қайта келіп, телефонын қуаттауға қоюды сұрап, 4 минуттан соң телефонын алу үшін қайта оралады”, – деді ол.

Осы сәтте марқұм Шерзат сыртқа шығып кетеді. Ал кейін Қаржаубай Нұрымов даладан шу естіп, дүкеннің кіреберісіне шығады. Сол жерде оның ұлы мен күдікті тұрғаны көрінеді.

Кадрларда әкесінің күдіктіні ұстап тұрғаны және ұлына ескерту жасап жатқан сәті байқалады. Кейін ол күдіктіге бетін жуу үшін бөтелкемен су алып шығады.

“Кейін екінші күдікті келіп, марқұмның әкесімен дауласып, телефонын көрсеткен”, – делінген бейнежазбада.

ІІМ өкілі Самат Айысовтың айтуынша, Шерзат Болаттың әкесі дүкенге күдіктілермен бірге кіріп, қолына белгісіз зат ұстап шығады. Ол күдіктілердің артынан бармақ болғанда, ұлы оны тоқтатады.

“Жазбада топтағы қыздардың бірі ер адамдарды ажыратуға тырысып, біреуін шетке алып кеткені анық көрінеді. Сонымен қатар, видеожазбадан қыздардың белсенді әрекеттері байқалмайды”, – делінген ІІМ мәліметінде.

Одан кейінгі оқиғалар кадр сыртында қалған. ІІМ өкілдері бұл бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын және оқиғаға қатысушылардың барлығы анықталғанын айтты.

 


Рекомендовать
Последние новости