100 миллион талап еткен: Әйел зорлады деп жала жабылған кәсіпкер ақталып шықты

Көркем Алдабергенова 17 июн. 2024 09:40 3621

Трейдинг, қаржы саласындағы сарапшы Думан Ерқанатты гинеколог әйел зорлады деп жала жауып, түрлі сайттар арқылы абыройын төгіп, 100 миллион теңге бопсалаған. Қазіргі таңда барлық дерек, айғақтар ескеріліп, Алматының қалалық соты Думан Ерқанатты ақтап шықты. Кәсіпкердің өзі оқиға қалай болғанын әңгімелеп берді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Думан АҚШ-та магистратура бағдарламасы бойынша білім алып, үш жыл бұрын Қазақстанға оралған. Ол айына 5-6 миллион табыс табатын. Думан - трейдер, биржа саласында жұмыс істейтін маман. Сондықтан әлеуметтік желіде көп адам Думанға хабарласып, кеңес сұрап тұратын. Сондай оқырмандарының бірі "А" есімді қыз болған.  

"Мен мән бермедім басында. Көптеген адам жекеме жазып, хабарласатын. 2022 жылы желтоқсанда кешкі сағат оннан аса үйде кино көріп жатқанмын. Ол қыз жекеме жазды, не істеп жатқанымды сұрады, мен кино көріп жатқанымды айттым. Ол бірге кино көруге келісіп, үйіме келді. Күтіп алдым, үйге келдік, әңгімелестік, үстінде бренд киімдер, шамамен 30-дағы қыз. Басымда жаман ой болған жоқ. Кино көрдік, таныстық, әңгімелестік.Сол кезде қыздың қалауымен бірге болдық. Артынша ол маған қарны ашқанын айтып, онлайн тамаққа тапсырыс бердік. Сосын түнгі бір шамасында ол кісіні үйіне шығарып салдым. Екі сағаттан кейін "мені зорлады" деп жала жауып,қылмыстықіс қозғала бастады. Бірақ ешқандай сараптама, дәлел болмағандықтан, іс сол жерде жабылды. Шамамен екі айдан аса уақыттан кейін іс қайтадан қозғалып, мені түрмеге қамауға алды", - дейді кәсіпкер Бауыржан Бөгенбайға берген сұхбатында. 

Бұл жайтқа қатысты заңгер, Мәжіліс депутаты Абзал Құспан да пікір білдірді. 

"Думан есімді азаматтың ісінде мен не көріп отырмын? Бірінші сатыдағы сот ешқандай дәлел болмаса да бес жылға соттап жібереді. Бірақ таңғалғаным Алматы қаласындағы апелляциялық сот алқасындағы жан-жақты отырып жазғаны. 22.40-та ол әйел өзі хат жазады, өзі сұранып үйіне келеді. Хабарламалардың ішінде мынаған назар аудару керек: "не істеп отырсың?" дейді, "кино қарап отырмын" дейді, "мен де барып бірге қарайықшы" дейді. Өзі ұсынып, өзі келеді, сосын жаңағы жағдай болады. Бұл жерде моральдық жағдайды қозғамай-ақ қояйын, мәселе қылмыс болды ма, жоқ па дегенде. 

Егер әйел адамның еркінен тыс жыныстық қатынасқа түскен болса,онда, сөзсіз, ол - зорлау. Келісім болса ешқандай қылмыс болмайды. Сот актілерінде өзара келісіммен болғаны айдай анық көрініп тұр. Сондықтан қаулыны көрген кезде қанша жылдан бері қалыптасқан сот тәжірибесі шынымен дұрыс жолған түсейін деген екен деп ойға қалдым", - дейді Абзал Құспан.   

Кәсіпкерге жала жапқан әйел сұраған сома аз емес - ол Думан Ерқанаттан 100 миллион теңге талап еткен. Егер осы соманы берсе бостандықта қалатынын, "ағалары" арқылы үкіметтік ұйымдарға әсер ете алатынын айтқан. 

"Туыстарымнан, жақындарымнан жинап бере салсам да болар еді. Адвокаттар да бере сал деді. Бірақ олай жасағым келмеді. Отбасымның алдында жасамаған нәрсем үшін қылмыскер болғым келмеді. Сол себепті күресуге шешім қабылдадым", - дейді Думан.

Сот процесі төрт айға жалғасқан. Алайда сот барысында Думанның кінәсіз екені дәлелдене бастаған тұста "жәбірленуші" әйел айғайлап, шу шығарып жүрген. Арасында әйел адам ауырып, сотқа келмей жүрген тұсында Думанның түрмеде отыруына тура келген. 

Алайда Алматы қалалық соты барлық дәлел келтірілгеннен кейін кәсіпкердің қылмыс жасамағанын айтып, Думанды ақтап шыққан. 

Абзал Құспан бұл өте проблемалық іс болғанын айтады. 

"Қазіргі сот тәжірибесінде, өкінішке қарай, бір ғана тараптың жауабымен өтіп кетіп жатыр. Алматы қаласының соты қабылдаған шешім - ерекше жағдай. Америкадағы тәжірибені алып қарасақ, мұндай проблема ол жерде де болған, әйел құқығын қорғаушы азаматтар тарапынан Rape kit деген "контейнер" құрылған. Яғни зорлық қылмыстары болған жағдайда оның дәлелдемелерін бірден жинайтын "контейнер" - дәлелдер жинағы. Біздің жүйеде ондай ұғым жоқ. Бізде арыз жазса бәрі сотталып кетеді деген ой бар. Оны кейбір жәбірленушілер де біліп алған", - дейді депутат. 

Заңгер Қазақстанда да Rape kit секілді 1-2 сағатта жасалатын дәлелдер жинағын жасау керегін айтады. Бұл ер адамдардың ғана емес, жәбірленуші әйел адамдардың да құқығын қорғайды. 

Думан Ерқанаттың сөзінше, бір сәтте әйел адам коммерциялық сайттар арқылы қорқытуға көшкен. Бірнеше бұқаралық ақпарат құралы сот шешімі шықпай жатып кәсіпкер кінәлі екенін айта бастаған. 

"Думанның қателігі неде? Ол осы жағдай болып жатқан кезде бірден арыз жазуы керек еді. Ол қорғанудың пассив түріне емес, актив түріне көшуі керек еді", - дейді депутат Абзал Құспан.

Сондықтан заңгер Абзал Құспан мұндай жағдайда жалған ақпарат беріп, жала жапқан тарап та жазалануы керегін айтады. Себебі жала жапқан адам жазаланбаса, ол келесі жолы да басқа азаматқа жала жауып, ол кінәсіз екенін дәлелдей алмаған жағдай сотталып кетуі мүмкін. 


Рекомендовать
Последние новости