"100%-ға көтеру керек!". Тиын-тебен алатын метеорологтардың жалақы мәселесі Мәжілісте көтерілді

Кәмшат Тілеухан 18 дек. 2024 15:12 1070

Еліміздің метеорологтары өздерінің жалақысының мардымсыздығына шағымданып, Мәжіліске ұжымдық хат жолдады. Оны бүгін, 18 желтоқсанда депутат Ажар Сағындықова Үкіметке жеткізіп, осы санаттағы қызметкерлердің жалақысын 100%-ға арттыруды сұрады, деп жазады Dalanews.kz.

Инфляциясы ай сайын күшейген Қазақстанда айлығы 120 мың теңге болатын метеорология саласының мамандарына отбасын асырау қиынға соғуда.  

"Қазгидрометтің" болжамдарын ауыл шаруашылығынан авиацияға дейінгі түрлі саладағы кәсіпорындар пайдаланады. Метеорологтар метеостанцияларда отыра бермейді, жылуы, су жоқ шалғай аумақта орналасқан контейнерлерде тәулік бойы кезекшілік етеді. Тауға да, тасқа да шығып, өлшемдер жүргізеді. Ал осындай ауыр жұмыс жағдайына қарамастан техниктер өте төмен жалақы алады", деді Ажар Сағындықова Мәжілістің жалпы отырысында.

Депутатттың айтуынша, 2023 жылдың маусым айында метеорологтардың жалақысы 70%-ға ұлғайғанымен, олар уәде етілген 100%-ға өспеген. Сондағысы - 120 мың теңге.

"Мысалы, қар жауу кезінде түсірілетін түсірілімге бар болғаны 1200 теңге төленеді. Техниктер, көбіне далада,елдімекендерден 2-3, 5 шақырым қашықтықта жүреді. Оларға жабайы жануарлар кезігу тәуекелі жоғары, бірақ еңбек жағдайлары дұрыс бағаланбайды", деп түсіндіреді депутат.

Сонымен қатар, Ажар Сағындықова метеостанция қызметкерлері жұмыс уақытының жиынтық есебіне байланысты толық жалақы ала алмайтынын атап өтті.

"Олар айына кем дегенде 10 сағат артық жұмыс істейді, бірақ үстемеақы тек жылдың соңында төленеді. Оның үстіне, демалыс және дәрігерге қаралуға сұранған кездегі сағаттары осы артық жұмыстан шегеріледі. Сыйақы деген мүлде қарастырылмайды", - деді ол.

Депутат метеоролог-техниктердің жалақысын 100%-ға арттыруды, сондай-ақ оларға қосымша жұмыстары үшін үстемеақы төлеуді және қосымша демалыс күндерін беруді ұсынды.

"Мемлекеттік және басқа да мерекелерге арналған сыйлықақыларды да қарастыру қажет", деп сөзін толықтырды Ажар Сағындықова.

Бұған дейін Ұлытау облысында кеншілер ереуілге шыққанын,"Қазақмыс" жұмысшылары жалақысын өсіретін болғанын жазғанбыз


Рекомендовать
Последние новости