Астана қаласының Мәдениет басқармасын басқарған Болат Мажағұловқа қатысты сот басталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Айта кетейік, Болат Мажағұлов пен мердігерлер субұрқақ құрылысы кезінде 1 млрд теңге жымқырды деген күдікке ілінген болатын.
Болат Мажағұлов пен мердігерлерге қатысты іс Астанадағы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта қаралып жатыр.
Мажағұловқа Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлімі, 2-тармағы бойынша «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету, яғни аса ірі мөлшерде ұрлау» айыбы тағылды. Онымен бірге айыпталушылар қатарында – ақша жымқыру кезінде көмектесті деп айыпталып отырған Мәди Қанапин де бар. Ол бірнеше компанияның басшысы ретінде көрсетілген.
Мажагұловтың қорғаушысы қамауға алу бұлтартпау шарасын елден шығуға тыйым салуға немесе үйқамаққа ауыстыруды сұраған. Алайда прокурор мен басқа айыпталушының адвокаты бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартуды сұрады, себебі «Мажагұлов Болатқа ауыр айып тағылған, ал Қанапинге қылмыс жасауға көмектесті деген айып тағылды, бұдан бөлек, тергеу барысында Мажагұлов қашып кетуге тырысқан, көзбе-көз беттестіруге келмеген, шетелге шығып кету үшін билеттер алып қойған".
Мажагұлов та, Қанапин де айыптау актісі жарияланғаннан кейін өз кінәларын мойындаған жоқ.
Еске салайық,экс-шенеунік Болат Мажағұловтың ұсталғаны туралы Қаржылық мониторинг агенттігі мәлім етті. Астана қаласының "Мәдениет басқармасы" ММ-нің бұрынғы басшысы мен мердігер ұйым өкілдеріне қатысты аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша Қаржылық мониторинг агенттігі сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізді.
2016 жылы Астана күні мерекесіне орай салынған "Күн" ("Есіл өзеніндегі жарық-иллюминациялық және от шоуы") субырқағының құрылысы кезінде мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілмей тікелей келісімшарттар жасалған. Субұрқақ жобалық құжаттамасыз және мемлекеттік сараптамадан өтпей салынған.
Құрылыс барысында техникалық сипаттамаларға сәйкес келмейтін сапасыз материалдар қолданылған. Нәтижесінде аталған нысан 2017 жылдан бастап жұмыс істемей, қазіргі таңда апатты жағдайда тұр.
Ұрланған қаражаттың көлемі 1 млрд теңгеден асып отыр.
Күдікті, Астана қаласының "Мәдениет басқармасы" ММ-нің бұрынғы басшысы Болат Мажағұлов ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу аясында оның мүлкіне тыйым салынды. Оның ішінде 3 коммерциялық нысан, 2 автотұрақ орны және Астана қаласындағы премиум санаттағы пәтер.
Аталған іс бойынша күдіктілердің мүлкіне жалпы сомасы 572 миллион теңгеден астам сомаға шектеу қойылды. ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етуге жатпайды.