«Талтүсте» үзілген талант-тағдыр

Dalanews 06 сәу. 2017 14:22 201

Таласбекпен  1976 жылдың қоңыр күзінде таныстым.

Қазақтың Абай атындағы педагогика институтының (ҚазПИ) 3-курсында оқып жүрген кезіміз. Жаңа оқу жылының басында студенттер арасында: “Биылғы бірінші курсқа қабылданғандардың ішінде бір керемет күйші жігіт бар екен” деген әңгіме тарады. “Күйші болғанда, ескі шертпе күйлерді тартады екен. Бәйжігіт деген күйшінің ұмытылып бара жатқан мұрасын тірілтіпті. Ол жөнінде М.Мағауин “Көкбалақ” деген повесть жазған. Тіпті, күйтабағы да шығыпты. Оны Мұқаң өз қамқорлығында ұстайды екен” деген сияқты әңгімелер бейтаныс жігіттің абыройын асырып, өзіне ынтықтырып жіберді. Оның үстіне М.Мағауин – бізге дәріс беретін, студенттер табына сыйлайтын атағы жер жарған, өнеге тұтатын ұстазымыз. Ол кісінің ілтипатына іліккен жігіт біз үшін құдырет.

Содан, ондай мықтымен жатақханада неге кездесу ұйымдастырмаймыз деген белсенділер шықты. Ол кезде  ақын-жазушылармен, өнер  адамдарымен кездесу жасайтын жақсы дәстүр болатын. Мүйізі қарағайдай ағаларымыз да жұпыны жатақханаға қомсынбай қуана келетін. Бірақ, бі­рін­ші курстың студентімен кездесу болған емес. Көп ұза­май қазан айының ортасында 10-шағын аудандағы (Жан­досов көшесі,159) жатақхананың  шағын залында кездесудің сәті түсті.

Орта бойлы арықша келген, дөңгелек жүзді, көзі қар­шығаның көзіндей, әңгіме айтқанда да мойнын қар­шығадай сәл қылт еткізіп отыратын сынық мінез жігіт екен. Алғашқыда тосырқаңқырап,  қолайсызданып, көсіле алмай отырды да, домбыраны қолына алған кезінде барып, шешілді.

Домбырасының өзі де біз ұстап жүрген “Осакаров­каның” (Қарағандының жанында осы аттас домбыра жасайтын фабрика бар еді)  домбырасы емес, қалақтай ғана қолдан жасалған, ағашы әшекейленбеген қораштау көрінетін қоңыр аспап. Кейбірі – “коммунист”,  қалғаны түгел “комсомол” советтік идеологияның белсенділеріне бұл бір “ескінің” қалдығындай болып көрінді.

Тартқан күйлері де бөлек. Радиодан естіп, теледидардан көріп жүрген жаныңды бебеулетіп, делебеңді қоздыратын арынды күйлер емес. Баяу басталып, жүрегіңді тербеп, біраздан кейін ой теңізіне алып кететін қамырықты сарындар. Мұндайды күтпеген кейбір тікбақайлар залды тастап шығып кетіп жатты. Соңында қазақы мәйегі  бар үркердей топ іріктеліп қалды.

%d1%82%d0%b0%d0%bb%d0%b0%d1%81%d0%b1%d0%b5%d0%ba

Алғашқыда Тәттімбеттің бізге белгілі күйлерін тартты. Бір ерекшелігі – шығарманы жалаң тартпайды, әрқайсысының шығу тегі мен аңызын айта отырып шертеді. Бұл әңгімеге әр беріп, өрісін соза түсті.  Тәттімбет туралы қалың ортаға беймәлім, ол кезде айтылмайтын, жазыла қоймаған біраз деректердің шетін шығарды. Әңгіме айтқанда да “Сіздер білесіздер ғой” деп айтайын дегенін алдымен жұртқа мақұлдатып алады. Дәл бір өзі білетіннің бәрі басқаларға да мәлім сияқты. Мұның бір жақсы жағы сұрақты азайтып, күмәнді сейілтеді екен. Соның өзінде сауалдан кенде болған жоқ. Әсіресе, әңгіме Бәйжігіт күйлеріне ойысқан кезде сауал да, таңданыс пен тамсану да көбейді. Өйткені, мұндай күйлерден біздің ұрпақтың құлағы әлдеқашан тосаңсып, радиодан күнде лықсып ағып жатқан қызыл идеологияның нөсерімен лайланып, қазақы көне сарындарды жатсына бастаған. Дегенмен, филология факультетінің студенттерінің дені ауылдан келген, кешегі қызыл қырғындардан қадау-қадау аман қалған ақсақалдар мен әжелердің көзін көрген, сарқытын ішкен, көненің қадірін көкіректеріне тоқып, ауызша болса да балалардың құлағына сіңіріп отыратын, қаймағы шайқалғанмен, құнары әлі кете қоймаған  дәстүрлі қазақы ортадан шыққандар еді. Алғашқыда тосаңсығанмен, әр күй жүректеріне жаңа жарық сәуле құйғандай барған сайын құныға түсті. Оның үстіне бұл уақыт қазақтың тарихына, дәстүріне, тілі мен діліне деген тың серпін әкелген, халықтың рухы көтеріле бастаған ояну дәуірі еді. Көкірегінде қоламтасы, жүрегінде жылт еткен оты бар қазақ оқуға құмар, әлденені түртінектеп іздейтін, талпынатын, қандай да бір әрекетке ұмтылатын. Үміттері зор, өздеріне деген сенімдері бекем, ертеңнен әлдеқандай жаңалық пен жақсылық күтуші еді…

Таластың күйлері сол көңіл күйге таза бұлақтың суындай  лықсыды.

Жүре келе Таласпен жақын жолдас, шүйіркелесе әңгімелесетін пікірлес, дос  болып кеттік.

Студенттердің түрлі жиындарында, оқу залдарында, жатақханадағы отырыстарда жүздесетінбіз. Қалай екенін білмеймін, сол кездесулердің соңы әр кез оңаша  әңгімеге ұласатын. Әңгімені көбіне ол айтады, біз тыңдаймыз. Оның айтатыны – аңызға бергісіз тарихи хикаяттар. Мәселен, “Арқада мынадай бір батыр болған (аты есімде жоқ) деп бастайды. Керемет қылышкер екен дейді. Содан жиырмасыншы жылдары қызылдар келгенде елді әлгі адам бастап Қытайға көшіріп жүріпті. Бірде шекараға таяп қалғанда қызыл әскер үріккен елді шеңгеліне түсіріпті. Сөйтсе, олардың командирі де өзінше қылышкер екен дейді. Атағы шығып жүрген сайыскерді  жекпе-жекке шақырыпты. Сонда екеуі аттың үстінен атойлап келіп, екі рет қаржасып барып ағып өтіп кетіпті. Үшінші айналымда кездескенде орыстың офицерінің кеудесі аунап түсіп, бөксесі аттың үстінде кетіпті. Кейіннен батыр айтыпты-мыс: “Екі рет ағып өткенде орыстың денесін тігінен өлшеп едім. Оның үстіне, қарсыласым қылышты өнер ретінде меңгермеген, адамды дөңбекше шабатын жендет екен.  Үшінші ретінде, қылышымды ойнатып оның қолын қаға бере қаруды еппен сырғытып арқа мен белдеменің арасындағы жіктен өткізіп жібердім”, – деп бипаз баяндайтын. Осыған ұқсас Әбілқас деген мерген жөнінде біздің ауылда да керемет әңгімелер бар деп мен сөз қосам. Бірақ, Таластай әсерлеп айту қайда. Оның үстіне ол кезде бұлардың бәрі “совет өкіметінің жаулары”, “банды” аталатын, жабық тақырып еді. Ақыры, іштей құмығып тарасатынбыз.

%d1%82%d0%b0%d0%bb%d0%b0%d1%81

Кейде, ондай әңгімелердің артын Талас бүгінгі әдебиетке алып келетін. “Пәленшенің шығармасын оқыдың ба, шылғи өтірік”, – дейтін.  – Ақ пен қызылдың екеуі де қазақты бірдей қырған. Біздің ауылда мынадай бір оқиға болған”, – деп бастап, жаңағы шығармадағы оқиға қисынын астаң-кестең ететін. Маңайында тұрған кейбір “советшіл” студенттер жанынан безетін. Олардың көпшілігі оны ескі әңгімелерге әуес, қазақтан басқаның бәрін жоққа шығаратын қиямпұрыс, ауызекі әңгімеден әрі аспайтын қияли деп ойлайтын.

Ал шын мәнінде, біздің бала кезімізде тісіміз батпаған, аудармадан ғана там-тұмдап оқыған орыс әдебиетін Талас бала күнінде-ақ тауысқан, сол арқылы әлем әдебиетін жете игерген, көшпелі мәдениеттің де мәйегіне әбден қанған, өзіндік көзқарасы берік қалыптасқан болатын. Бірақ, онысын көзге ұрып көрсетпейтін. Тіпті, оның орыс мектебін бітіргенін, орысша таза сөйлеп, сауатты жазатынын кейін ғана білдік. Ол екі тілді де жетік білетін, екі мәдениетті тел емген, екеуінің де бағасы мен биігіне жете білген азамат еді.

Өнер жөнінде, күй тарихы туралы сол кезде-ақ өте көп білетін. Атасы Жүнісбай туралы, өзін қалай баулығанын термелеп айтатын. Содан күйшілер жөнінде, домбыра туралы небір әңгімелерге ауысатын. Арқадағы атақты күйшілердің барлығын жіпке тізгендей етіп санамалайтын. Олардың атын ғана емес, қилы тағдырлары жөнінде де алғашқы мағлұматты өз басым Таластан естідім. Басқаны айтпағанда, ол кезде Тәттімбет жөніндегі деректердің өзі там-тұм ғана болатын.

Солардың кейінгілерінің алдын көргенін, біразын ат жығып іздеп барғанын да біз қызыға тыңдайтынбыз. Мәселен, Ақсуатта тұратын Бағаналы деген күйшіні іздеп барғанда, қонақ қылып жақсы қарсы алғанымен, күй тартпай қойғанын өкінішпен еске алатын. Ол сол студент кезінің өзінде мықты музыканттармен еркін араласып жүрді. Бірде маған: “Кенжехан, жүр, Уәли (Бекенов) ағаның үйіне барайық, мені шақырған.  Әңгімесі керемет, өте жақсы адам”, – деді. Радиодан ғана күйлерін естіп жүрген ондай танымал адамның үйіне салып ұрып жетіп баруға жүрексіндім, сылтау айтып бас тарттым. Кейін ол кісімен әлденеше рет жүздесіп, әңгімесін тыңдадым, шынында да ерекше қарапайым, сырбаз адам еді. Сол кезде Таласпен бірге неге бара салмадым екен деп іштей өкіндім. Сонысына қарап, біз оны жазушы емес, өнертанушы, өнерпаз болады деп болжайтынбыз. Тіпті, ол өзінің қалам ұстайтынын да бертінге дейін білдірген емес.

Бірде Таластың: “Арқам құрыстап, ауырып тұр”, – дегені бар. – Арақ  ішсем, осылай арқамнан тартады. Атам: “Күйдің киесі бар, күйшінің арқасы болады. Өзіңді таза ұста”, – деуші еді. Мен осыны армияға барғанда ұрттап көріп едім, содан аузыма алсам болды, арқамнан алады. Темекіні де сонда үйрендім”, – деді. Біз ол кезде ондай “кие”, “арқа” деген сияқты ғайыптың әңгімелеріне сенуден қалғанбыз. Бірақ, көңіл үшін: “Онда, ішпе. Шылым шекпе” дедім. Ол кезде арақ-шарап, сыра ішу студенттер арасында да белең алған кез. Онсыз отырыс, әңгіме қызбайтын. Кейіннен ол темекіні қойып кетті, ол да дәтінің беріктігінен болу керек, ал ішімдікке әу баста әуестігі жоқ еді.

Орысша жетік білгеннің арқасында Талас орыс тобындағы балалармен де араласып жүрді. Кейіннен белгілі тележурналист болған Рерих (Ол кезде оның фамилиясы басқа, бұйра шашты, сеңсең бас бала еді), белгілі әдебиетші Т.Тоқбергеновтың ұлы Роман, тағы да сол сияқты қалада өскен, қылықтары бізге өрескелдеу көрінетін бір топ бар еді. Ол сол “шоқыншылардың” (Таластың өз “термині”) да арасында да балықтай жүзетін.

Талас келе-келе факультеттегі дәулескер күйші ретінде “құрметке” ие болған. Анау-мынау кездесулерге, концерттер мен жиындарға оны аттай қалап  шақыратын.

Ол кезде факультеттер мен институттар арасында әртүрлі білім-өнер сайыстары өткізіліп тұратын. 1977 жылдың  күзінде сондай республикалық сайыс ЖенПИ-дің Гоголь көшесіндегі белгілі ғимаратында өткізілді.  Республикадағы қазақ филологиясы факультеттерінің білгір, өнерлі деген студенттері жиналды.  КазПИ-дің намысын ішіміздегі әдебиет бойынша білімпазымыз – 3-курстың студенті Тұрсынжан Шапай, қазақ тілі бойынша білімпазымыз – 4-курс студенті Әсипат Әлметова, өнерпаз ретінде Таласбек  Әсемқұлов қорғайтын болды. Бекетов Айтқали деген менің курстасым екеуміз  – қосалқы “ойын­шымыз”. Сайыс өте тартысты өтті, аймақтардан небір талантты студенттер келді. Мәселен, қазіргі қазаққа белгілі ақын Әбубәкір Қайранов сол жолы Семейдің пединститутынан келіп өнер көрсетіп еді.  Нәтижесінде КазПИКазГУ-ден кейін екінші орынды иеленді.

Сайыс соңында ескерткіш болсын деп  фотостудияға арнайы барып суретке түстік. Ол уақытта қазіргідей әркімнің қолында фотоаппарат жоқ.

Әдепкі жағдайды тәптіштеп жазып отырғаным да осы суретке байланысты.

Сол суретті Таласбек қайтқаннан кейін жары Зира Наурызбаева альбомнан тауып алып (40 жылға жуықтағанда), фейсбукке жариялады. Мен оған түсінік жаздым. Сурет арқылы сонау бозбала кезге бір барып қайттық. Тіпті, осы естелікті жазуға да сол сурет түрткі болды.

Зымыраған уақыт. “…Жігіттік өтті көрдің  бе?  Кәрілікке көндің бе?”…(Абай). Кім кешегі жаныңда жүрген замандасы жөнінде естелік жазам деп ойлайды… Уақыт өзі алып келеді екен.

Аяқ астынан көз жазып қалған Таласбек туралы біраз дүние жазылды, ақырын күттім, оны менен де жақсы білетіндер бар еді ғой деп.  Бірақ, мен білетін жайлардың шеті шыға қоймады. Содан соң Зираның өтініші бойынша, достық, замандастық парызды өтеуге тәуекел еттік.

1978 жылдың жазы. Біз диплом қорғап жатқанбыз. Институттың алдында Талас жолығып қалды. Хал-жағдай сұрасқаннан кейін, “Қалай Алматыда қалатын болдың ба? – деп сұрады. Алдында сондай бір әңгіме болған, ұстаздарымыз Алматыда қал, жұмысқа тұруға көмектесейік дегендей сыңай білдірген. Одан Талас хабардар еді. Мен басымды шайқадым: “Оған жағдай болмай тұр. Шешей науқас. Мен жалғыз баламын. Елге бармасам, болмайды“ дедім. Ол: “Сөз сыңайыңа қарағанда, біздің жақты жалмауыздай жалмап жатқан полигонның дерті болды ғой”, – деді. Мен басымды изеп, “Солай болып тұр “, – дедім. ”Мықты бол. Менің де атамнан бастап, туысқандарымның көбін сол обыр жалмады”, – деді. Мен оған ұстазымыз М.Мағауиннің айтқан тәмсілін айтып бердім. Ол кісі маған: “Кенжехан, сенің Алматыда қалғаның жөн. Қаламың төселіп, өзің қалыптасу үшін орта керек. Ал ауылға барсаң басқа жолға түсесің. Менің екі математик мұғалімім бар еді. Өте талантты адамдар болатын. Алматыда болғанда екеуі де ғылым докторы болатын еді. Ауылда етек басты болып қалып қойды. Мектептің директорлығынан арыға барған жоқ” деген.  Талас: “Иә, Мұхаңдыкі дұрыс қой. Бірақ, сен қалай ауылға  бармайсың?! Тезірек қайтуға тырыс” деді.

Сол кеткеннен мен ауылда табаны күректей жеті жыл жүрдім…

Ол кезде қазіргідей телефон жоқ. Хат жазудан суынғанбыз. Сөйтіп екі-үш жылдай хабарсыз кеттік. 1982 жылы мен сәті түсіп сырттай аспирантураға түстім.  Талас  жаңадан ашылған Қазақтың ұлт-аспаптар музейінде құрылған “Сазген” фольклорлық ансамблінде күйші болып жүр екен. Ұзынқұлақтан естіп,  “Цумның” қасындағы көне үйде орналасқан музейге іздеп бардым. Музейдің алдында еңселі етіп нарқобыздың мүсінін қойыпты. Көрмесі де керемет. “Сазгеннің” мүшелері түгел ұлттық киім киген, Таластың үстінде ою-өрнек салынған шолақ жеңсырма шапан, басында тақия. Өзі көп айтатын байырғы қазақ күйшілерінің пошымынан аумай қалыпты. Ол кез үшін мұның барлығы таңсық дүние. Біздің тарих факультетінде оқыған әнді көзін жұмып алып, балқып-шалқып айтатын Қожахмет деген өнерпаз жігіт бар еді, ол да бірге екен (Қожахмет біздің үйлену тойымызды басқарып еді). Үшеуміз шұрқырастық та қалдық.   Кешке жалдамалы пәтердің бірінде бас  қосып, біраз думандатып та жібердік. Күй тартылды, ән айтылды. Одан қалса, баяғы Таластың әңгімешілдігі. Әңгіме  суала бастағанда анекдотқа көшеді.  Сол кезде Таластың жадының зеректігіне таңқалушы едім, анау ауылда ақсақалдардан баяғыда естіген әңгімелеріндегі адамдардың аты-жөніне кеше ғана естігендей мүдірмейтін. Анекдотқа да солай еді, бастап берсең болды, тынбай  туындата беретін. Оқыған кітабында дәл солай  егжей-тегжейлі баяндайтын.

1985 жылы біз Алматыға көшіп келдік. Талас пен Тұрсынжан Шапай бір жерде болып шықты. “Жазушы” баспасында. Мұхаң (М. Мағауин) бас редактор. Екеуі де сол кісінің панасында. Ол кезде Алматыда жұмыс табу деген қиямет-қайым. Аспирантура бітірсем де, біраз бос жүрдім. Қала кезіп, табалдырық тоздырып барып, айналып соғатыным солар. Аракідік олар үшеу болып жиналады, салып ұрып Орталық комсомол комитетінде істейтін Ғалым Доскен келіп қосылады. Әр қайсысы өздерінің жұмысқа орналасу хикаясын баяндайды. Менің көңілім үшін болу керек. Әсіресе, Ғалым өзінің бәленбай ай жұмыс таба алмай жүргендегі мүләйім жағдайын Бейімбеттің “Күлпаш” әңгімесіндегі Мақтымның бейнесімен шендестіріп, төндіре айтқанда, мен өз жағдайыма шүкіршілік жасайтынмын.

Үшеуі де марқайып өсіп кеткен. Әдебиет жөніндегі әңгімелері де кесек. Мақалалары шығып, шығармашы­лықтары жүріп жатыр. Әдеби ортаға танылып қалған. Қаламгерлердің қалың ортасында. Мен өзімнің біраз дүниеден кеш қалғанымды іштей мойындадым. Айналып тағы бір соққанымда  олар менің тартыншақтағаныма қарамай,  қолқалап отырып, Мұхаңа кіргізді. “Ұстазың емес пе, өзіңді біледі, сәлем беріп, жағдайыңды айт, оның еш әбестігі жоқ”, – деді.

Жеті жыл өтіп кетсе де, ұстазым ұмытпапты, жақсы қабылдады. Біраз ақыл-кеңестер айтты. Жұмыстың ыңғайы болмағанмен, баспада жабық рецензия деген болады екен. Қарауындағы біраз жігіттерді шақырып тапсырма берді. “Мынау Кенжехан Мәтіжанов (Менің фамилиямды солай айтушы еді) деген жігіт, әдебиетші, менің шәкіртім, қолұштарыңды беріп көмектесіп тұрыңдар”, – деді. Маған қарап: ”Қарның ашқанда келіп тұр. Қазақтың қалам ұстағанының барлығы осы жолдан өткен”, – деді. Төбем көкке жеткендей, марқайып шықтым.

Тұрсынжан мен Талас та өздері бір ұлы іс бітіргендей қауқылдасып қалды.

Осыдан кейін біз үйірімізді қайта тапқандай бауырласып кеттік. Талас әлі үйленбеген. Тұрсынжан мен Назгүл екі баласымен “Кіші станица” деген жерге қоныстанған екен. Құдай қосқанда, дәл солардың үйі тұрған төбенің астындағы сайдың табанынан біз де ірге тептік.

Тұрсынжанның үйі бәріміз бас қосатын штаб тәрізді. Сол маңайда тұратын Есенғали Раушанов, Аманхан Әлімовтан бастап, марқұм Ерік Асқаров, Бекболат Тілеухан, Амантай Шәріп, тағы да біраз жігіттермен сол үйде таныстым.

Пәтерде тұратын салт жігіт Талас та көбінесе сол үйде жүреді. Оның үстіне екеуінің жұмысы бір. Қолы босағанда Ғалым келеді. Үшеуі қосылғанда әңгіменің көрігін қыздырып жібереді. Әсіресе, әзіл-қалжыңдары сойқан. Ғалым мен Тұрсынжан қосылып алып, Таласты қыжыртады. Оған беріле қоятын Талас па? Кейде, қарап отырасың ба дегендей, аралыққа мені тартпақтайды. Баяғыдағы құрдастардың арасындағы татаусыз, бірақ, астары терең, қыртысы мол, салмағы да зіл батпан әзіл-қалжың өріс алатын. Әсіресе, Ғалым қайдағыны ойдан қиыстырып, небір құйтырқы ойындар ұйымдастырып, батырыңқырап жіберетін… Кезінде ашқарақ жастық көңілге қораш көрінетін сол бір кезең, бүгінде қарасаң, нағыз бал-дәурен екен. Жастықтың бағасына кім жетіпті!

Кейіннен дүние астаң-кестең болып, аласапыран басталған кезде “тұрымтай – тұсына, балапан – басына” кеткендей болды. Бұрынғы араластықтың жолы жіңішкерді. Алыстан сыйласып, сырттай тілектестік күйге көштік.

Бұл кезде Талас шығармашылыққа біржолата бет бұрған. Алғашқы тырнақалдысы “Шымдан” деген повесі болды. Ұмытпасам, “Жалын” журналында жарық көрді. Жұртшылық жылы қабылдады. Таластың бір қызығы – пікірді ашық сұрайтын. Бірден телофон соғып: “Кенжехан, оқыдың ба? – деді. Оқыдым, – дедім. – Қалай екен?”. Жөпелдемеде телефонмен не айта қоясың. – Тамаша, – дедім. Несі, қай жері? – деп бастыр­малатты. Біраз тосылып барып, “Анау сойылмен соғысатын тұстарды керемет суреттепсің”, – дедім. “А.а.а… деп ыңыранып барып, Доскен екеуіңнің пікірің бір жерден шықты“, – деді де ары қарай өзі сөйлеп кетті…  Шынында да, тырнақалдысымен осындай тұтас туынды әкелген оның шығармашылық әлеуеті өте жоғары болатын.

Кейіннен “Атайы” деген балаларға арналған тамаша туынды жазды. Бұл Киплингтің “Мауглийімен” тайталаса отырып жазылған қазақ топырағындағы түрен түспеген тың тақырып еді. Осы екі повесть арқылы-ақ Таласбек өзінің қаламгерлік биігін толық иеленді. Бәріміз енді одан қабырғалы, кесек туындылар күттік.

Бірақ, бұл кезде қоғамдағы көркем әдебиетке деген көзқарас өзгерген. Әдеби орта ыдырады, оқырман қауым басымен қайғы болып кетті, кітап шығару қиындап, қаламақы жоғалды, жазушылар жетім баланың күйін кешті.

Міне, осындай қыспақтың құрсауында қалғандардың бірі Таласбек болғандай. Жалақысы күнкөріске татитын әкімшілікте қызмет істеу, сауда-саттық, кәсіпкерлік оның қолы емес еді. Ыңғайына жүретін бас­палар тарап жатты, әдеби журналдар жансыз­данды. Тек бір жол  – әртүрлі бағыт ұс­танған көнесі бар, жаңа­сы бар, мерзімді басылым­дар ғана қалған.

Талас бір­тіндеп со­лар­дың белсенді авторына айналды. Бұл жерде де ол өзінің білімі мен қалам қайратын тағы да танытты. Өнер мен әде­биетті былай қойғанда, анау-мынаудың тісі бата бермейтін соғыс тақырыбына дейін қопара жазды. Кеңестік кезде  қолына байлау, тіліне күрмеу болған қыспақтан құтылып, құлашты кеңге жайды, ашыла, ашына жазды.

Дегенмен, абсолютті еркіндік ешқашан болмайды, әр нәрсенің шет-шебірі, әдеп-шеңбері болуы тиіс. Заман алмасып жатқан   төңкерістер кезінде осы адами әдептің де шеңбері бырт-бырт үзіліп, ақ пен қара мидай араласып кете ме деймін. Сондай төңкерістің  қара ала топаны біздің мерзімді баспасөзге де соқпай өткен жоқ. Өткенге топырақ шашу, “алыптардың” өзін аттан аударып түсіру, “ұлыларды” бір-бірімен атыстырып-шабыстыру, ағалардың арасын арандату, замандастарды бір-біріне сойып салғызу сияқты үрдіс етек алды. Алғашқыда “сар жағал” деп аталған газет-журналдардан  басталған бұл сойқан, бірте-бірте әдеби басылымдарға да ауысты. Ел елірді, жұрт жынданғандай болды. Елермендердің қолтығына су бүркіп, “үрит-соқ” дейтін жақыбайлар көбейді. Қабырғалы қаламгерлердің өзі бір-бірінің беттерін аймандай қылды. Алды соттасуға дейін барды. Арты көрместей болып араздасып тынды. Қасиетті деп жүрген қазақ баспасөзінің біразы бір сәтте “былапытханаға”(Таласбектің өз сөзі) айналып кетті.

Қызды-қыздымен сол “былапытхананың” батпағына аяғын батырып алғанын Таласбектің өзі де байқамай қалған сияқты.  Жандайшап жұрт “сойды”, “сабады”, “өлтірді” деген марапат­тарды қарша боратты. “Сабалғандардың” ішінде Таласбектің тамаша ағалары, қимас құрдастары мен жақын достары да кетті. Біз санымызды соқтық, тақымымызды қыстық, бірақ, “айтылған сөз – атылған оқ”. Баспасөзге шыққанды балталап өшіре алмай­сың!

Бір қызығы, солардың ішінде онымен жағаласып, тай­таласып, қарымта қайтарып, егеске түскендері жоққа тән екен. Әрине, қолдарын уқалап, өрттің өрши түсуін асыға күткендер өте көп болды. Солардың ызасына қарай, қарымта мақала жазылмады. Елеусіздік пен үнсіздік орнады. Тіпті, ешқандай ештеңе болмағандай.

Осындайда менің ойыма американдық журналист Роберт Гриннің бір мысалы түседі: “Күндердің күнінде саясаткер Г.К.Честертонның экономикалық көзқарастары баспасөзде белгілі Бернард Шоудың тарапынан сынға ұшыраған сәтте, оның достары қарымта  жауапты тағатсыздана күтті,  бірақ, олар күткендей жауап болмады. Сол үшін Х.Беллок деген тарихшы оны қатты жазғырды. Сонда ол былай деген екен: “Қымбатты Беллок, мен оған тамаша жауап бердім. Шоу сияқты өткір ойлы адамға үнсіздіктен артық азапты жауап болмайды” (КлифтонФадиман, “Анекдоттың қоңыр кітапшасы”, 1985).

…Иә, бәрі өтті-кетті. Артына сыздаған жүрек, күлпарша болып сынған достық көңіл, аларман болып бұзылған елдің ниетін қалдырып қара тасқын да құрдымға сарықты. Солардың ішінде жарға соғып, жағаны бұзып домалаған жұмыр тастай Таластың бірер мақаласы да кетті.

Ал біз үшін ең қымбаты – тұнық тұмадай, мөлдір бұлақтай Таластың күйлері мен шығармалары.

Ол қайсарлық танытты, ештеңеден жасыған жоқ, тұрмыстың тауқыметін қанша тартса да, жаны күйзеліп, жанұшырса да қаламын қолынан түсірген жоқ. Тынбай жазды, тынымсыз еңбек етті. Бар рахатты содан тапты. Бұл – үлкен талантқа, биік рухты адамға ғана тән қасиет еді. Кейде ойлаймын, соншалықты жанын жемесе, Таластан осыншалықты қуатты өнер шығар ма еді, шықпас па еді деп.

Кейінірек,  Ұлттық кітапханада бір кезігіп қалғанымызда ол ақсия күліп, сөмкесін ашып, ішінен бір кітап шығарып асығыстау қолтаңба жазып, ұсынды.

Қарасам, “Талтүс” деген романы екен. “Оқып шығып, пікіріңді айт. “Сорос” қорының күшімен шығардым. Бүкіл ин­тернет жарылып жатыр. Маған әдебиетшілердің пікірі қымбат”, – деді жымия езу тартып. Байқаймын, осы шығар­масына өзі де риза сияқты. Орныма жайғасқаннан кейін, бетін ашсам, “Досым Кенжеханға шын жүректен. Автор. 14/06/2005 ж.” деп жазыпты. Жүрегім елжіреп, менен жырақтау барып отырған Таласқа көз тастадым. Баяғы балаң бозбаланың орнында ер ортасы жасқа келген, маңдайы қасқайған, екі шекесі бұдырайған, екі құлағы қалқайған, бет  әлпеті дөңгеленген, толық денелі, арқардың құлжасындай салқам отырған жігіт ағасын көрдім.

Одан кейін де Талас тыным тапқан жоқ. Интернеттегі сайттардан бастап, республикалық баспасөздің барлығында оның мақалалары бұрқырап шығып жатады. Бірін оқысақ, енді бірін “айтқыштардың”  аузынан естиміз. Соның ішінде “Алматы ақшамына” шыққан тізбекті мақалалары елдің ерекше ықыласына бөленді. Тіпті, оның аты шет  елге де жете бастапты. Бірде іссапармен Бельгияға жол түсті. Жолай Париждегі Қазақстан елшілігінде аялдадық. Содан әңгімеден әңгіме шығып, елшіліктің мәдениет жөніндегі қызметкері: “Таласбек Әсемқұловты білесіздер ме?”– деп сұрағаны. Сөйтсек, олар оның күйшілік өнерінен бастап, Асқар Сүлейменов жөніндегі мақаласына дейін тамсана айтып отыр. “Біз оны Парижге шақырмақшымыз, досыңыз болса, сәлем айтыңыз”, – деп маған міндет жүктеп қойды. Менің ойыма, осыдан бірер жыл бұрынғы Таластың:  “Мен өмірімде бір шет елге шығып көрмеппін” деген әңгімесі оралды. Міне, өнердің құдыреті, енді оны әлемге өзі алып ұшатын болды деп ойладым. Шынында да, кейін Таласбек Парижде тамаша кездесулер өткізіп қайтыпты.

…Зира өтініш жасағаннан соң, баяғыда сөреге қойып қойған “Талтүс” романын қайта қолыма алып, оқып шықтым.

Алдымен, романның аты неге “Талтүс” деп ойладым. Шы­ғармада осы тектес ұғым бір-екі жерде қолданылады. Онда да “жасың болса, түс ауған тұсқа келіп қалды” деген сыңайда. Олай болса, бұл Таластың елуге таяған жасын меңзеп отыр ма? Әлде, бұл роман Талас шығарма­шылығының “Талтүсі” дегенге сая ма?  Меніңше, екеуі де бар.

Өйткені, бұл – авто­био­графиялық роман. Оның бас кейіпкері Әжігерей – Таласбектің өзі. Кейіпкерлердің аты өзгергенмен, баяғы оның бозбала кезінде жырдай ғып айтатын оқиғалар қаз- қалпында сайрап тұр. Роман желісі ойында баяғыдан піскен, санасында әбден сар тап болып сақталған, өзі көзімен көрген, құлағымен естіген, қо­лы­мен ұстаған деректі дүниелердің жиынтығы.

Өмірбаянның бәрі көркем шығарма бола бермейтіні белгілі. Сон­дықтан оның идеялық нысанасын көшпелі өркениеттің соңғы сарқынын, бы­лайша айтқанда қазақы дәстүрлі мәдениеттің тұяқ серперін баяндайтын оқиғалармен өріп, қос темірқазыққа әкеліп матастыра байлаған. Қос қазық – күйші ақсақал Сабыт  пен жиен-немересі Әжігерей.

Ал күйдің құдыретін, күйшілердің тағдыр талайын, жалпы дәстүрлі қазақ өнерінің табиғаты мен тарихын Таластан артық білетін адам жоқ. Бұл – оның тағдыр-талайы. Оны жазбасқа әддісі жоқ еді. Бұған дейінгі жазылған дүниелер осыған дайын­дық іспеттес болған болар. Роман жазылған кездегі тұрмыстық қиындықтардың ешқайсысына қарамастан алаңсыз отырып, жанкештілікпен аяқтап шыққан. Бәлкім, содан жанына шығармашылық рахат тапқан болар!

Қалай дегенде де, қазақ әдебиетіне алмағайып заманда тамаша бір туынды келді. Шығарманың оқиғалар желісі өткен ғасырдың елуінші жылдардың аяғы мен алпысыншы жылдардың басын қамтиды. Бұл – біздің ұрпақтың балалық шағы. Қырық жыл бойына толқын-толқын өткен төңкеріс, ашаршылық, саяси қуғын-сүргін, дүниежүлік соғыс әбден қансыратқан қазақ деген халықтың есін енді жиып келе жатқан дәуірі.

Әрине, қазақ әдебиетінде бұл тақырыпты қаузаған біраз шығармалар болды. Бірақ, Талас ол сүрлеуге түспейді, өзінше басқа қиянға тартады. Суреттеліп отырған кезең біреу болғанмен, көзқарас мүлде басқа. Бұрынғы “Қазан төңкерісі бізді теңдікке жеткізді, Кеңестік идеология көсегемізді көгертті” деген ұстанымды күл-талқан етеді. Сабыт, Жұмақан, Кенесары, Иләпі, Ахметжан, Шерім сияқты талқан болған тағдырлар арқылы қызыл топалаңның қазақ даласына алып келген лаңының бар қоясын ашады. Олардың бәрі – бай-бағылан, батыр, сал-сері, күйші, ұста деген сияқты дәстүрлі мәдениеттің тұтқасын ұстағандар болатын. Жазушы құдайдың құдіретімен аман қалған сол кейіпкерлер әңгімесі арқылы қазақ өркениетінің алтын діңгектерінің қалай оталып, аспанының қалай ортасына түскенін жеріне жеткізе қапысыз  суреттейді.

Романда көңілді суреттер өте сирек, ылғи өткеннің тұңғиығына үңілген қамырықты оқиғалар, күрсіну мен өксу көп. Тіпті, Әжігерей мен Гүлшаттың арасындағы алғашқы махаббаттың таза сезімдерінің өзі күрсініспен аяқталады…

Бірақ, шығарма өте тартымды оқылады. Әсіресе, күй болмысы, күйшілер тарихына келгенде жандырып жібереді. Сол сияқты Ахметжан ұстаның бейнесінің өзі бұрындары әдебиетшілер көп айтатын “типтік дәрежеге” көтерілген. Қазақ өнерінің қатты теперіш көрген, өшіп кетуге аз-ақ қалған бір саласы зергерлік пен ұсталық еді. Жылқыны жоқтаған, Ойсыл қараны іздеген, әнші-күйшілікті әспеттеген біраз шығарма бар, бірақ ұсталықты, әсіресе, қару соғуды алғаш тәптіштей жазған Талас болар.

“Ауылға электр келді, мәшине, трактор пайда болды, радио сөйлеп тұр, мектептер көбейді, клубтар ашылды, кітаптар шығып жатыр, ел жаппай сауаттылыққа бет бұрды…” дейтін  “қазақ совет ауылының жарқын бейнесінің” Таласбек көлеңке, көмескі тіршілігінен сыр тартады. Сол ауылда өмір сүріп жатқан  адамдардың тағдыр-талайына, жан дүниесіне, әңгіме ауанына, көңіл-күйіне үңіледі. Сабыт, Ахметжан, Шерім сияқты ақсақалдардың әңгімелерінің барлығы көшпелі тірліктің салтанатын аңсау, адамгершілік ар-ұятты, кісілікті ардақтау, өнерді әспеттеу. Жастық шақтары соғысқа тап келген Баймұқан, Қалималардың тұрмыс-тіршілігінен де  көңіл қуантарлық ештеңе көрмейсің.  Мектеп оқушылары, жас ұрпақ – Әжігерей, Гүлшат, Серікбол, Марат, Сәкендердің де жүрегінен жалындап тұрған от байқалмайды. Баяғы “советтік” романдардағы пафос мүлде жоқ…

Менің ойымша, Талас “советтік” идеологияны мүлде санасына сіңірмеген, бақайшағына дейін қазақы мәйекпен нәрленген бітеу болмыс болатын. Соның бәрі тәуелсіздік келгенде сыртқа тепкен. Талас ғұмыр бойына ішінде қайнап піскен қамырықтың барлығын “Талтүс” романы арқылы жарыққа алып шыққан сияқты. Бұл, шын мәніне келгенде, қазақтың кеңестік дәуіріне сын көзбен қарай отырып жазылған алғашқы кесек көркем шығарма. Әрине, одан да өткір, көркем дүниелер жазылар, бірақ, алғашқы бастаманың байрағы Таластың қолында.

Кейіннен ол киносценарийлер жазуға көшті. Соның елге танымалы, кино болып шыққаны – “Біржан сал”. Таластың қалам-қарымы мен білгірлігінің арқасында бұл тәуелсіздіктен кейінгі жылдарда түсірілген фильмдердің ішіндегі ұлттық мәйегі ең қоюы. Сал-серілердің киім киісінен бастап, бүкіл сән-салтанатын экранға алып шықты, сол арқылы өнерпаздардың өзгеше табиғатын, болмыс-бітімін бүгінгі көрермендердің көз алдына әкелді, өлгенді тірілтіп, жан бітіріп, жайнатып көрсете білді. Сол арқылы Біржан шығармашылығының тылсымына бойлап, қыртысын жаза алғандай. Әрине, бұл жерде қағаздағы құнарлы сөзді экранға құлпырта шығара алған режиссер Досхан Жолжақсыновтың еңбегі ерекше екені белгілі. Екі талант бір-бірін іштей ұғып, қабақпен түсінісе білген. Сол шығармашылық  тұтастық екеуін Құнанбай фильміне алып ұшты. Өкінішке орай, ол фильмінің тұсаукесеріне Таласбек қатыса алмады… Бірақ, барлық түсірілімдеріне қатысып, монтажын жасауға дейін араласыпты.  Оны қаза үстінде Досқан аға өксіп тұрып, өкініш­пен айтқан. Аталмыш фильм жұртшылықтың жоғары ілтипатына бөленіп, Мемлекеттік сыйлық алды. Бірақ, Таласбексіз. Оның айыбы – өмірден ерте озғандығында екен.

Амал нешік! Қабылданған заң, бекітілген ереже Таласбекке келгенде жібімеді. Бұл да тағдыр.

Өкініштісі сол, Таласбек өзінің шығармашылық “Талтүсіне” келіп, әбден толысқан шағында, кемеліне келіп, кемерінен аса таситын уақытында  асығыс аттанып кетті.

Алдың жарық болсын, қайсар қаламгер, құдыретті өнер иесі!

Біз сенің артыңда қалған “арқаның жылы жаңбырындай” жұрттың жүрегіне ұлттық  нәр құятын шығармашылығыңа шүкіршілік етеміз. Соларды жүйелеп жинап, жарыққа шығарып жүрген аяулы жарың Зираға Құдай ғұмыр берсін, артыңнан ерген құлыншақтарың бақытқа жетсін.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x