Қазақстан қоғамының көп конфессиялық өміріндегі діни ахуал қандай?

Dalanews 28 ақп. 2023 03:04 202

Жалпы, біздің қоғамдағы діни ахуал үкіметтен бағыты түзу діни бірлестіктермен тиісті қарым-қатынас орнатуды талап етеді. 1990 жылдарға дейін Қазақстанның саяси өмірінде діни фактордың маңызы ерекше болғанын ұмыта қойған жоқпыз. Қазақстанда тоталитарлық идеологияның жойылуымен діннің рөлі арта түсті. Қалай Кеңес заманынан тәуелсіздік дәуіріне өттік, солай діни ағымдар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптады. Адамдар дәстүрлі құндылықтар мен адамгершілікті діннің көмегімен жаңартуға тырысып бақты. Сол тұста ғой жерімізге тарихымызға жат, болмысымызға үйлеспейтін, дәстүрімізбен қабыспайтын ағымдар қаптап ене бастады.

Осылайша, егемендік жылдарында діннің қоғамдық қатынастар жүйесіндегі рөлі мен орны өзгерді. Қазақстанның зайырлы мемлекет екенін ескере отырып, бүгінгі таңда зайырлылықтың қазақстандық моделі және мемлекеттік-конфессиялық қатынастарды құру нысандарын қалыптастырудың нақты міндеттері қалыптасты. Еліміздегі қазіргі діни ахуал көп ұлтты халықтың нақты құрылымымен анықталады.

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан 130-дан астам ұлттар мен ұлыстардың өкілдеріне бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз етті. Елімізде конфессионалдық көзқарас ғасырлар бойы ортақ тарих пен әртүрлі тілдерде сөйлейтін адамдардың өміріне кірігіп үлгерді десек те қателеспейміз. Біздегі этникалық және діни тұрақтылық қашан да маңызды болды әрі өзін-өзі қамтамасыз етумен ерекшеленді.

Қазақстанның тәуелсіз дамуы жылдарында діни бірлестіктер санының айтарлықтай өсуін байқағанымыз рас. Дінге сенушілер арасында барлық дерлік әлемдік діндерді ұстанушылар бар. Мәселен, ислам, христиан, буддизм, сондай-ақ иудаизм, индуизм, ежелгі политеистік культтер және жаңа діндерге сенетіндер де бар арамызда. 1992 жылы қабылданған «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заң елімізде әрекет ететін конфессиялардың кең ауқымы үшін алғашқы құқықтық жағдай жасады.


Діни сенім бостандығы еліміздің Конституциясымен кепілдік берілген негізгі құқықтық құндылыққа айналды. Іс жүзінде бұл Қазақстандағы дәстүрлі және дәстүрлі емес діндерді ұстанушылар арасындағы этносаралық және конфессияаралық келісімде көрініс тауып жатты.

Дін – әлеуметтік және рухани өмірдің нақты құрамдас бөлігі. Қоғамның идеологиялық консолидациясы үшін әртүрлі конфессиялардағы дін қызметкерлерінің диалогы маңызды. Оның үстіне, бүгінде әлемдік қауымдастықта көптеген дәстүрлі емес конфессиялар мен жаңа формациялар жұмыс істеп жатыр. Бұл орайда, еліміздегі діни ахуал тұрақты деп айтуға негіз бар. Сонымен қатар, Қазақстандағы діни ахуал абсолютті түрде идеалды деп пайымдау да қате болар еді. Өйткені, саладағы көптеген мәселені жоққа шығара алмаймыз.

Біздің еліміздегі тұрғындардың басым көпшілігі – ұлтты құраушы этникалық топ – қазақтар – мұсылмандар, екінші үлкен этникалық топ – орыстар – орыс православие шіркеуіне жатады. Сөз және дін бостандығын жариялай отырып, үкімет дәйекті түрде діни бірлестіктермен қарым-қатынасты реттеуге ұмтылады. Онсыз болмайды. Өйткені, көпұлтты және көпконфессиялы қоғамдағы қақтығыстардың алдын алуда бұл сөзсіз шаруа керек. Сол себептен де билік қоғам өмірін шынайы адами құндылықтармен, таза сеніммен байытуға, жастардың рухани мұратын қалыптастыруға барын салады.

Өткен жылдар Қазақстан үшін идеологиялық бағдарлар мен құндылықтардың тұтас кешенін қайта бағалау кезеңі болды. Бұл – азаматтық ұстанымды қалыптастыру, ұлтаралық келісімді сақтауға қамқорлық жасау, демократиялық идеялар мен саяси өмірдің нормаларын бекіту қазақстандық қоғамның ұлттық мәдениеті мен руханиятының дамуымен органикалық түрде байланысты екенін ұғынудың бастамасы.

Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Мәдени тұрғыдан бұл демократиялық мемлекет үшін өте қатал шарттарды білдіреді» деуі де бекер емес. Мәдениетті жете бағаламау жалпы өркениеттің айтарлықтай сарқылуына әкеліп қана қоймайды, сонымен қатар азаматтық соғыстарға толы қақтығыстарға алып келеді.

Қазақстанда ассирия, иран, ноғай сынды аз ұлттардың да тілі мен мәдениетін дамытуға толық мүмкіндік бар екенін байқаған билік теңгерімді тіл саясатын жүргізуде. Бұл ар-ождан бостандығына кепілдік беретін құқықтық базаны жасайды.

Еліміздегі ұлтаралық келісімді сақтау тетіктерінің бірі – Қазақстан халқы Ассамблеясы барлық ұлт азаматтарын біріктіретін мемлекеттік орган ретінде қызмет етіп жатыр. Дін (әсіресе әлемдік және дәстүрлі діндер) адамның рухани-адамгершілік ұстанымдарын дамытудың қуатты факторы болып табылады. Діннің шынайы мақсаты – адам бойындағы барлық адамдық нәрсені сақтау және көбейту, адамның «бет-бейнесін» сақтауға көмектесу.

Қазіргі әлемнің міндеті – адамзат өркениетінің заманауи жаңғыруында бейбітшілікті сақтау үшін ғасырлар бойы әлемдік және дәстүрлі діндердің принциптері мен парадигмаларын дамытып келе жатқан гуманизм мен толеранттылықтың, конфессияаралық келісім мен диалогтың жалпыадамзаттық құндылықтарын белсенді пайдалану.


Діннің ықпалдастырушы, рухани-адамгершілікті қалыптастырушы фактор ретіндегі рөлін күшейту үшін халықтың білім деңгейін көтеру қажет. Бұл халықтың діни сауаттылығын арттыруды ғана емес, сонымен бірге саяси сауаттылығын көтеруді, діни сауаттылықты қалыптастыруды білдіреді. Халықтың белгілі бір саяси мәдениеті, саяси санасы мен өзіндік санасы да осының негізінде ілгерілейді. Бұл қажеттілік, ең алдымен, қазіргі өркениетке төніп тұрған елеулі қатерлердің бірі – діни экстремизм – діни білімнің жеткіліксіздігінің тікелей салдары ғана емес, сонымен бірге дін мен саясаттың бір-бірімен араласып кетуіне байланысты.

Шындығында, дін мен саясатты біріктіру өте қауіпті нәрсе, өйткені діни және саяси көшбасшылар өз мақсаттары мен амбицияларына жету үшін діни сезімдерге, діни нормалар мен догмаларға жүгініп кетуі мүмкін. Ал бүгінде дін мен саясаттың өзара тығыз байланысы бар.

Бір жағынан, діни процестерді саясиландыру, екінші жағынан, саяси жағдайды шешуде дін мен діни факторларды пайдалану. Конфессиялық бірегейлік конфессияаралық татулық пен келісімді, сондай-ақ діни толеранттылықты нығайтуда ерекше рөл атқарады. Осыған байланысты әлемдік және дәстүрлі діндер тарапынан өзімшілдік, оқшаулану, фанатизм мен позитивті діни сәйкестіктің кең таралуы сияқты теріс діни сәйкестендірудің түрлерін жоюға бағытталған біршама жұмыс қажет.

Позитивті діни бірегейліктің шарты – конфессиялық топтардың тәуелсіз және тұрақты өмір сүруі, содан соң көп конфессиялық әлемде бейбіт өзара әрекеттесу дегенге саяды. Позитивті діни бірегейлікті құру, бір жағынан, өз конфессияларына құрметпен қарауды, өз тарихына, әдет-ғұрыптары мен дәстүрлеріне мақтаныш сезімін дамытуды, екінші жағынан, көпк конфессиялық әлемнің алуан түрлілігін сезінуді, діни сенімнен бас тартуды болжайды.

Сонымен қатар «дос немесе дұшпан» ұғымынан ажырауға, «олар басқа» деген діни көзқарастан арылуға, өзгелік пен бірлікті түсінуге жеткізеді. Олай болса, діндерімізден ерекшелік іздемей, ортақ белгілер мен ұстанымдарды, құндылықтарды, біріктіруші қасиетті іздесек, дін қуатты интеграциялық фактор бола алады деп айта аламыз. Осы жағдайда ғана діни келісім мен диалог қоғамда оң рөл атқарып, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігінің негізі болып, қазіргі жаһандық әлемде өмір сүрудің шарты бола алады.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x