Экологияға басты қауіп өндірістің қалдықтан болуда

Dalanews 07 қаз. 2022 10:17 810

Қазіргі уақытта еліміз аумағында 20 млрд тоннадан астам өндіріс пен тұрмыстық қалдықтар бар. Оның ішінде 16 млрд тоннадан астамы – техногендік минералдық түзілімдер. Сондай-ақ, адам денсаулығына кері әсері бар радиоактивті және өзгеде улы қалдықтар жиналып қалған. Ғалымдардың зерттеуінше, қалдықтардың 6 млрд тоннаға жуығы қауіпті. Мәселен, жыл сайын елімізде 700 млн тоннаға жуық өндірістік қалдықтар түзілсе, онын 200 млн тоннасы улы қалдық деседі.

Рас, жоғарыдағы жан шошытарлық цифрдың басым бөлігі бізге Кеңес дәуірінен қалған мұра. Одақ тарап, қуатты өндіріс орындары жабылып қалған соң, иесіз ұңғымалардан, шахталар мен кеніштерден, әскери-сынақ аймақтарынан қалған қалдықтар ел мен жердің берекесін кетіріп, әр өңірде жатып қалды. Дегенмен, тәуелсіздік алған кезеңнен бері қарай да өндірістік қалдықтың жиналуына аз үлес қосқан жоқпыз. Себебі, 2020 жылы республиканың 20 қаласы мен елді мекендеріне жүргізілген қадағалау Өскемен, Риддер, Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Алматы, Балқаш, Астана қалаларында атмосфералық ауаның ластануы жоғарғы деңгейге жеткенін көрсеткен.

Еліміздің жерасты қазба байлығын игеруге келген шетелдік алпауыт компаниялардың экология заңдарын орындамауының салдарынан төл табиғатымызға айтарлықтай залал келтіргені жасырын емес.

Оның үстіне, біздегі экологиялық дағдарысқа химия, мұнай, металлургия және отын өнеркәсібінің көп мөлшерде дамуы да әсер етіп отыр.

Мысалға, сонау 90-жылдардың басында ауаға жыл сайын 6 млн тонна қалдық тараса, оның 50 пайызы жылу энергиясынан, 20 пайызы караметалдан, 13 пайызы түсті металдан, 4 пайызы мұнай-химия өндірісінен шыққан заттар.


Егер, тау-кен қазба байлықтары өндірісінің қалдықтары Қарағандыда 29,4 пайыз, Шығыс Қазақстанда 25,7 пайыз, Қостанайда 17 пайыз, Павлодарда 14,6 пайыз деп тіркелсе, Қызылорда, Атырау, Батыс Қазақстан облыстары мұнай өнімдерінің қалдығымен ластанған өңірлер ретінде белгілі.

Үкімет тарапынан жыл сайын ескерту жасалып, экологтар дабыл қағып келе жатса да, өндіріс қалдықтарын атмосфераға орынсыз шығару ісі азаймай тұр.

Өйткені, ел байлығын игеріп жатқан компаниялар қымбатқа түсетін болғандықтан экологиялық таза өнім өндіретін технологияларды сатып алуға аттап баспайды. Өндіріс орындарының қуаттылығы, көптігі жағынан республикада алдыңғы орында тұрған мұнайлы өлкелердің өзінде тозығы жеткен техникалар пайдаланылуда.

Мұнайдың жерге төгіліп, ауаға артық газдың шығуы да осыдан. Осының салдарынан барып, Батыс Қазақстан облысында мұнайдан ластанған жердің аумағы 190 мың гектарға жеткен. Мамандар соңғы жүз жылда Каспий теңізіндегі итбалықтар санының 90 пайызға азайғанын айтып жүр.

Бүгінде теңіз аймағынан 1 474 ластану нүктесі анықталған. Міне, қарт Каспийде қалыптасқан экологиялық ахуалдың көрсеткіші. Ресми мәліметтерге сүйенсек, республика бойынша табиғатқа шығарылатын зиянды қалдықтардың 27 пайызы "Қазақмыс" Корпорациясы" ЖШС мен "АрселорМиттал Теміртау” АҚ-на тиесілі екен, оның 18,5 пайызы "Қазақмыстың", 8,5 пайызы "АрселорМиттал Теміртаудың" қоқыстары.


Эколог-мамандардың айтуынша, жыл сайын республикадағы су қоймаларына химиялық қоспалар мен ластанған 6 млрд текшеметр ағын су құйылып, 3 млн тонна зиянды заттар ауа қабатына сіңеді. Зиянды қалдықтардың көлеміне салсақ, екінші орында энергетика өндірісі тұр.

Өйткені, ел аумағында жиналған қалдықтардың 1,5 млрд тоннасы бір ғана Екібастұз ГРЭС-іне тиесілі. Тіпті, Алматы қаласының өзінде орналасқан энергия көздерінен жылына 50 мың тоннадан астам зиянды заттар шығады.

Бүгінде, дамыған мемлекеттер Д.И. Менделеевтің «Химияда қалдықтар болмайды, тек қана қолданылмаған шикізат болады» деген қағидасын ұстанып өнеркәсіп орындарындағы керексіз заттар мен қаладан шығатын қоқыстардың өзін құнды шикізат көзі ретінде қарастырып, оны игілікке жаратып отырғаны белгілі.

Оған дәлел шетелде қалдықтарды өңдейтін кәсіпорындардың қарқынды дамуы. Мысалы, АҚШ-та өндіріс қалдықтарының 33 пайызы қайта өңделеді екен. Және бұл көрсеткіш әлемде жыл өткен сайын өсе түсуде.


Десек те, біздің елімізде қазіргі кезеңдегі ғылым мен техниканың даму деңгейіне сәйкес әбден жетілдірілген технологияның жоқтығына байланысты, оларды өңдеп қажетті өнімдер алу әзірше жолға қойылмай тұр.

Кейбір қалдықтардың іске жаратылмай бекерге жатуы — компаниялардың оны орта кәсіпорындардың қайта өңдеуіне бергісі келмейтіндігімен де байланысты. Осыған орай Үкімет жер асты қазба байлығын пайдаланып отырған компаниялардың келісімшартты орындамағандарынан кен орындарын қайтарып алып, өзге тиімді жұмыс істейтіндерге, яғни, қазақстандық үлес деңгейін сақтау, қайта өңдеу ісімен айналысып, экология занын орындайтындарға беруді қарастыруда.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x