Әлихан Смайылов: «Мемлекеттік қызметтер 100% смартфон арқылы қолжетімді болуы шарт»

Dalanews 01 нау. 2022 05:07 301

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Үкімет отырысын өткізіп, әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру мәселесі қарады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов және цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин баяндама жасады, – деп хабарлайды Dalanews.kz primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Биылғы 1-қаңтардағы мәлімет бойынша әлеуметтік-еңбек саласында барлығы 12,6 млн мемлекеттік қызмет көрсетіліп, оның 9,1 млн немесе 72%-ы электрондық түрде көрсетілген.

Үкімет басшысы атап өткендей, цифрландыру мемлекеттік сервистің барлық түрін қамтуы тиіс, бұл үшін мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін түгел интеграциялау қажет.

Сонымен қатар мемлекеттік қызметтер 100% смартфон арқылы қолжетімді болуы шарт. Бірінші кезекте халық ең көп жүгінетін әлеуметтік еңбек салаларына цифрлық трансформация қажет.

Жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету үшін бірыңғай ақпараттық жүйе құруды аяқтау қажет, деді Әлихан Смайылов.


Үкімет басшысы цифрлық форматтың мүгедектігі бар адамдар үшін өте маңызды екенін атап өтті. Сондықтан, оларға арналған барлық қызметті,  әсіресе, мүгедектікті медициналық-әлеуметтік сараптама арқылы сырттай белгілеу қызметін цифрландыру керек.

Әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыруды күшейту үшін Премьер-Министр Әлихан Смайылов Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне әкімдіктермен және «Атамекен» палатасымен бірлесіп, жыл соңына дейін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің барлық шараларын электрондық форматқа ауыстыруды  қамтамасыз етуді және жұмыс іздеп жүгінген азаматтардың кемінде 40%-ына онлайн режимде қызмет көрсетуді тапсырды.

Цифрлық даму министрлігіне Еңбек министрлігімен бірлесіп, биылғы жылғы 25-наурызға дейін Smart Data Ukimet базасында «Отбасының цифрлық картасы» жобасын іске асыру жұмыстарын аяқтау жүктелді.

Бұдан басқа, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне Денсаулық сақтау министрлігімен және әкімдіктерімен бірлесіп, алдағы жылдың 1-маусымға дейін медициналық ақпараттық жүйелерді «мүгедектікті сырттай белгілеу» жобасына қосу және мемлекеттік қызметтің осы түрін сырттай алатын адамдардың үлесін 20%-ға дейін жеткізу тапсырылды.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x