ШҚО-да Тәуелсіздік күні өмірге келген Президенттің сүйінші-сыйлығына ие болады

Dalanews 20 желт. 2021 12:45 272

Мерекелік демалыс күндері Шығыс Қазақстан облысында 100-ге жуық сәби дүниеге келіп, олардың бәрі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан берліген сүйінші-сыйлыққа ие болды, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Тәуелсіздік мерекесі кезінде Президент атынан жас сәбилерге сыйлық ұсыну жобасыны ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ұйымдастырды. Бұл бастаманы «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы, ҚР Ұлттық банкі «Банк ЦентрКредит», «Қазпошта» компаниялары қолдап, жүзеге асырғанын айта кетуіміз керек.

Сыйлық салынған қорапта сәбилерге арналған керек-жарақтан басқа, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ақ тілегі жазылған ашық хат, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналып шығарылған монета бар.

Президент өзінің ақжарма тілегінде «Айналайын, бөбек! Сенің туған күнің еліміздің ең басты мерекесімен тұспа-тұс келді. Өзің дүние есігін ашқан кезде халқымыз қастерлі Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтіп жатты. Саған бақытты әрі ұзақ ғұмыр тілеймін!» деп жазылған. Осылайша 16-17 желтоқсанда дүниеге келген сәбилер Президенттің сыйлығына ие болды.

– Мереке күні өмірге келген сәбилердің ата-аналардың бәрі аталмыш сыйлыққа ие болды. Осы жұмысты мереке атқарған неке қию орталықтары мен «Қазпошта» қызметкерлеріне алғыс айтамыз, – деді «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының ШҚО филиалының жетекшісі Азамат Есембулов.

– Біздің ұлымыз 16 желтоқсан күні дүниеге келді. Бұл еліміз үшін айтулы күн ғой. Осы күні өмірге келген баламызды болашақта көптеген қуанышты сәттер күтіп тұр деп есептеймін. Біздер мереке күні дүниеге келген сәбилерге арналған сыйлықты алдық. Осыны ұйымдастырған азаматтарға алғыс айтамын! – деп жас ана Ақерке Болатқызы ағынан жарылды.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x