Жетісайда ағын су тапшылығының алдын алу шаралары күшейтілуде

Dalanews 09 там. 2018 11:55 264

Соңғы бір аптада Жетісай ауданында ағын су тапшылығы сезіле бастады. Қазіргі таңда көршілес Өзбекстан Республикасынан «Достық» каналына секундына небәрі 51,45 текше метр су жіберілуде.

Бұдан бөлек, «МАШ» каналға Сырдария өзенінен машиналық насостық станция көмегімен секундына 27,50 текше метр ағын су тартылуда. Бұл көлем мақташылардың ағын суға деген сұранысын толық қанағаттандыра алмайды. Осы түйткілдің түйінін тарқату мақсатында Жетісай ауданының әкімдігі Қарағанды облысынан арнайы канал тазалағыш «Драглайн» жылжымалы техникасын алдыртып, «МАШ» канал ұлтанын тазарту жұмыстарын бастап жіберді. Бұл туралы Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев тәулігіне 100-150 метр канал ұлтанын тазалауға мүмкіндігі бар техниканың жұмысымен танысып, насостық станцияның мамандарына нақты тапсырмалар жүктеді.

«Драглайн» жылжымалы техникасының жұмысқа кіріскеніне бүгін екінші күн. «МАШ» каналға ағын су тартатын каналдың ұлтанын тазарту жұмыстары енді ғана қарқын ала бастапты. Аудан әкімі арнайы техниканың тоқтаусыз жұмыс істеуіне барлық жағдайды жасау қажеттігін ескертті.

«Ауданымызда ағын су тапшылығы сезіле бастады. Қазіргі таңда мақта егістік алқаптарының ағын суды нағыз қажет етіп отырған шақ. Сондықтан арнайы техниканың жұмысына кедергі келтірмей, керісінше қолғабыс жасап, Сырдария өзенінен тартылған каналдың ұлтанын тазартып алуымыз қажет. Бұл бізге «МАШ» каналдағы ағын су ағынын жылдамдатып, қажетті ағын су көлемін пайдалануымызға септігін тигізеді», - деді Жамантай Қанайұлы.

Мұнан соң аудан әкімі «МАШ» канал басында орналасқан №1, № 2, №3 насостық станциялардың жұмысымен танысып, күтіп, баптап ұстауға тиісті тапсырмалар берді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x